Дастарқаннан нан кетсе, Береке кетер асыңнан

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, №15 Сүлеймен Қарабалин атындағы жалпы орта білім беретін мектеп

Бастауыш сынып мұғалімі: Жолдыбаева Құндыз Батырқызы

Мақсат

  • Асты қадірлеуге үйрету.
  • Нанның дастарқанға қалай келетінін түсіндіріп, оған көптеген адамның еңбек ететінін ұғындыру.
  • Еңбек адамдарын сыйлауға және әр адам нанды үнемдеуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

Нан туралы нақыл сөздер Слайд Нанның түрлері Наннан жасалатын тағамдар

І. Кіріспе бөлім

Мұғалімнің кіріспе сөзі

Нан — дастарқан құты. Нан — тоқтық, нан — байлық. Дастарқан басындағы әрбір түйір нан қаншама адамның ерен еңбегі, маңдай тері, аялы алақаны арқылы ғана алдымызға келетінін еш уақытта ұмытпауымыз керек.

Нанды шашуға, жерге тастауға, басуға болмайды. Егер жерде жатқан нанды көрсеңдер, оны алып, адам баспайтын жерге қойыңдар.

Нан туралы ой

Ыбырай Жақаев: «Егер менен “Әлемдегі ең асыл не?” — деп сұраса, бөгелместен “Нан” деп жауап берер едім. Себебі нан — әлемнің жарығы: Күннен нұр алады да, адамға Күннің нұрын құяды, өмірін күндей жарқыратады».

Осы орайда бүгінгі іс-шарада 1 «Б» сынып оқушылары назарларыңызға «Ас атасы — нан» атты тәрбиелік шараны ұсынады.

Оқушылардың өлең жолдары

1-оқушы

Қырман басы — береке, көп жүрген жер — мереке.

2-оқушы

Жеріңе жақсылық қылғаның, тасыды дей бер қырманым.

3-оқушы

Егін ексең тыңға, шықтым дей бер шыңға.

4-оқушы

Дастарқанында наны жоқтың, тамағының сәні жоқ.

5-оқушы

Қамбасында дәні жоқтың, дастарқанында наны жоқ.

6-оқушы

Тістем нанның қадірін тарыққанда білерсің.

7-оқушы

Қоныс көркі — там, дастарқан көркі — нан.

8-оқушы

Нан — тамақтың атасы, ынтымақ — көптің батасы.

9-оқушы

Жақсылап жыртып жеріңді, кезінде ексең егінді — аларсың мол өнімді.

10-оқушы

Нан — ардақты адал ас, кәрі де, жас та оны аттамас.

11-оқушы

Нандай жоқ қой асыл дәм жеп үйренген жасыңнан. Дастарқаннан нан кетсе, береке кетер асыңнан.

12-оқушы

Ей, балалар, балалар, болмаңдар, сірә, нанға тар. Өмірдің алтын арқауы — бар қасиет нанда бар.

13-оқушы

Еліміздің Елтаңбасында бидайдың суреті бейнеленген. Ол — Отанымыздың байлығын көрсететін нышан. Біз мұны мақтанышпен айта аламыз!

14-оқушы

Нанға үлкен жүрекпен қараңдар, нанды өмір деп санаңдар.

15-оқушы

Сылтау іздеп тұрғаным жоқ сыныққа — нан алдында аласа ғой ұлық та.

16-оқушы

Халқым, ұмытсаң да, бір үзім нанның қадір-қасиетін ұмытпа!

Қорытынды ой

Нанды Тумен бірдей сүйген қасиетті халқымнан айналайын.

ІІ. Негізгі бөлім

Топқа бөлу

Оқушылар үш топқа бөлініп, сайысқа түседі:

1-топ

Бауырсақ

2-топ

Таба нан

3-топ

Тоқаш

Сайыс кезеңдері

  1. 1 «Қайдан келдің?» — әр топ өз атауындағы нан түрінің жасалу жолын айтып, таныстырады.
  2. 2 Мақал-мәтелдер — жалғасын табу.
  3. 3 Тыйым сөздер — нанға қатысты әдеп-ғұрып, тәрбие.
  4. 4 Үй тапсырмасы — алып келген нан түрлерін көпшілікке ұсыну.

ІІ кезең: Мақал-мәтелдер

Оқушылар мақал-мәтелдердің жалғасын табады:

  • Нан — береке бастауы.
  • Нан көп болса, қарның тоқ болар.
  • Нан — күш-қуат көзі.
  • Нан — адам баласының басты байлығы.
  • Алтын — тас, дақыл — ас.
  • Ақ бидайдың қадірін ашыққанда білерсің.
  • Қоныс көркі — там, дастарқан көркі — нан.
  • Нан — астың басы.
  • Дастарқанында наны жоқтың, тамағының дәмі жоқ.
  • Нан болса, ән болады.
  • Тістем нанның қадірін тарыққанда білесің.
  • Нан қиқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар.

ІІІ кезең: Тыйым сөздер

  • Нанды бір қолмен үзуге болмайды.
  • Нанды төңкеріп қоюға болмайды.
  • Нанды аяқ астына тастауға болмайды.

IV кезең: Үй тапсырмасы

Оқушылар өздері алып келген нан түрлерін көпшілікке ұсынып, әрқайсысының ерекшелігі мен жасалу жолы туралы қысқаша айтып береді.

ІІІ. Қорытынды бөлім

Түйін сөз

Нан болмаса, бағаның кетері бар,
Нанмен ғана өмірдің өтері бар.
Жолда жатса егер де бір үзім нан,
Арланбай-ақ, сен оны көтеріп ал!

Шындығында да, балалар, нанға үлкен жүрекпен қараңдар. Бүгінгі тәрбиелік шара осымен аяқталды. Уақыттарыңызды бөліп, тамашалауға келгендеріңіз үшін алғысымыз шексіз.

Нанымыз көп болсын!