Достық нешеу
Достық — ұлы ұғым
Достық — адам өміріндегі ең қадірлі құндылықтардың бірі. Ол сенім мен сыйластықтан басталып, қамқорлық пен жауапкершілікке ұласады. Дос — қуанышты бөлісіп, қиындықта демеу болатын серік.
Сабақтың мақсаты
- Достық туралы оң көзқарас қалыптастыру.
- Балалардың достық туралы ой-пікірін дамыту.
- Достықты қадірлеуге, адал дос табуға және адал дос болуға баулу.
- Балалар арасында жағымды қарым-қатынас орнатып, бір-бірін сыйлауға үйрету.
Міндеттері
- Қарым-қатынастағы достық ұғымын түсіндіру.
- Балалардың бойында достық сезімін дамытуға ықпал ету.
- Сыйластыққа, әдептілікке, шынайылыққа, адалдыққа тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
«Шаттық шеңбері»
Балалар шеңберге тұрып, бір-біріне жылы сөз айтып, достықтың қуанышын сезінеді.
Өлең-жаттығу
Армысың, досым, кел, маған қосыл. (қолмен шақырады)
Алақанға салып алақан, шеңберге бірге тұрайық. (қолдарын ұстайды)
Жер шарындай айналып, әлемге жарық ұқсайық. (айналады)
Қолымызды көтеріп, күннің нұрын алайық. (қолдарын көкке созады)
Ортамызда күн нұры, құшаққа оны алайық. (құшақтасады)
Барлығы хормен:
Шаттанамыз бәріміз, өміріміз көңілді.
Мәңгілік достықпен мақтанамыз бәріміз!
Достық туралы түсінік
Адамдардың бір-біріне адал сенімі, өзара тілеулестігі мен ортақ көзқарасы достыққа бастайды. Достық — жауапкершілік, сыйластық және қамқорлық. Ол адамдардың арасындағы сенімді нығайтады: достар қуанышта да, қиындықта да бірге болады.
Негізгі ой
Достық — сыйластық пен мейірімнің мөлдір бастауы. Оны уақыт та, сынақ та үзе алмайды.
Талқылау сұрақтары
- 1 «Достық» сөзін қалай түсінесіңдер?
- 2 Дос қандай болуы керек?
- 3 Сендердің достарың бар ма?
Әйтімбеттің сөзі: достықтың екі түрі
Әйтімбет деген шешен кісіден: «Достық нешеу?» — деп сұрағанда, ол: «Достықтың екі түрі бар: адал достық және амал достық», — деген екен.
Адал достық
Өмірлік тірек, сенімге берік, ниеті таза.
Амал достық
Мүддеге байланысты, өрісі қысқа, тұрақсыз.
Оқушылардың шығармашылығы
Досқа сенеміз, көмектесуге әрдайым дайын боламыз. Кейде осы сезімді ең жақсы жеткізетін құрал — өлең. Төменде оқушылардың достық туралы жырлары берілді.
Арай
Досым, саған сенемін, сеніп өтем.
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген — өмірдің көрігі екен,
Достық деген — адамның серігі екен.
Бекзат
Достық деген — таусылмайтын қазына,
Көктемде де солып қалар гүл емес.
Қарамайды ол сыйдың көп пен азына,
Сырлас болсаң — шақырмай-ақ кел, тілегім.
Шын шақырсам, саған ұқсап тіл қатпай,
Жауымның да келетінін білемін.
Аружан
Достық — әдеп, сыйластық,
Дос — өмірлік қимастық.
Достық жасап адамға,
Достаса біл қашанда.
Әділет
Достар бірге жүреміз,
Бірге білім аламыз.
Бірге ойнаймыз, күлеміз,
Міне, біздер қандаймыз?!
Фариза
Достық — әдеп, сыйласым,
Дос — өмірлік қимасың.
Достық — игі жақсылық,
Достық ниет — жақсы үміт.
Достық жасап адамға,
Достаса біл қашанда.
Мәншүк
Дос құшақтан босамасын қолдарым,
Осы менің, осы менің арманым.
Достығыма сенетін жан аз болса,
Онда, құрбым, менің әлсіз болғаным.
Ерлан
Дос дегенің — асыл зат,
Мәңгілікке таусылмас.
Доссыз адам болмайды,
Бәрінен де дос қымбат.
Ұлмира
Шын дос үшін қалайда,
Тік қатерге басыңды.
Айыра біл алайда,
Досың менен қасыңды.
Нұрлан
Жақсыменен дос болсаң,
Алдыңнан шығар еліктеп.
Жаманменен дос болсаң,
Сыртыңнан жүрер өсектеп.
Қ. Айдана
Не жетеді нағыз досқа — асылға,
Қуансаң да, қайғырсаң да қасыңда.
Қиналады — сен қиналсаң болғаны,
Ұйықтамасаң — ұйықтамайды ол дағы.
Берекет
Достық екен өмірде ең керегі,
Достық болып дүние дөңгеледі.
Өзендегі толқындар дос боп ақты,
Қанымыздай жүгіріп кеудедегі.
Ағаш біткен дос болып тербеледі,
Тағдыр досқа бақытты тең бөледі.
Сүйеп келе жатқандай бірнеше қол,
Бірнеше қол осынау жерден мені.
Ізгі сөздің күші
Кейде асығыстықпен жақсы сөз айтуға үлгермей қаламыз да, досымызды ренжітіп аламыз. «Рахмет», «Кешір» деген сөздерді уақытында айту — нағыз достықтың белгісі. Шынайы достар бір-бірінің көңіліне қарап, ренжітпеуге тырысады, кешірімді болады.
Достықтың заңдары
- Достықты қадірлей білу.
- Досқа шыншыл болу.
- Кешірімшіл болу.
- Қандай жағдайда да жанынан табылу.
- Сыйлай білу.
- Көмекке келу.
- Досқа адал болу.
Жағдаяттан шығу
Жағдаят 1
Сенің ең жақын досың өзінен кіші баланың ұялы телефонын тартып алды. Сынып жиналысында бұл мәселе талқыланып жатыр. Досың сенен қолдау күтеді. Сен не айтар едің?
Жағдаят 2
Досыңды үлкен балалар күш көрсетіп ұрып жатыр. Сенің оларға күшің жетпейді. Сен не істейсің?
Мақалды жалғастыр
- 1. Кемшіліксіз дос іздеген адам доссыз қалады.
- 2. Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады.
- 3. Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ.
- 4. Киімнің жаңасы жақсы, достың көнесі жақсы.
- 5. Көп ақшаң болғанша, көп досың болсын.
- 6. Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық.
- 7. Досың мың болса да аз, дұшпаның біреу болса да көп.
Қорытынды тілек
Достық — үлкен ұғым. Жүректеріңдегі татулыққа деген қуаныш пен үміт оты өмір бойы сөнбесін. Ол шырақтай сәуле шашып, айналаға жылу таратсын. Ізгі тілектерің мен ниеттерің орындалсын.
Ән:
«Достар»