Оқушының сабақтағы міндеттері

Ашық тәрбие сағаты Тақырып: «Мен оқушымын»

Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы — «Мен оқушымын». Мектепке келудегі басты мақсат — білім алу. Білім — тәрбиелеу мен оқытудың үздіксіз үдерісі. Білім арқылы адам өзін, қоғамды, Отанды, табиғатты, тіпті ғарыш пен әлемді таниды; жетістігін көрсетіп, елге қызмет етеді.

Егемен еліміздің болашағы — білімді ұрпақ. Сендер жассыңдар, мүмкіндіктерің мол. Сондықтан талмай еңбектеніп, үздіксіз білім алуға ұмтылыңдар.

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Оқушылардың білімге құштарлығын, ізденімпаздығын арттыру және білім деңгейін тексеру.

Дамытушылық

Теориялық ойлауын және сөйлеу мәдениетін дамыту.

Тәрбиелілік

Ұйымшылдыққа, достыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі

Слайд

Материалдар оқу мазмұнын нақтылап, ойды жүйелеуге және негізгі ұғымдарды көрнекі түрде түсіндіруге көмектеседі.

Кіріспе: «Білім керек бәріне»

«Оқу — білім бұлағы, білім — өмір шырағы» деген мақалдың мәні терең: оқу арқылы адам бойына білім жинақталады, ал білім — өмірде жол көрсететін шырақ. Шырақ айналаға нұр шашқандай, білімді адам да қоғамға жарық береді.

1) Жансая

Мектеп — қамқор анамыз, Оқып білім аламыз. Өнерпаз боп өсетін, Біз оқушы боламыз. Мектеп — анам бүгінде, Мектеп — алтын босағам. Мектеп берген біліммен Марқаяды жас ұлан.

2) Мәулен

Кітап — білім бұлағы, Білім — өмір шырағы. Осы мақал мәнісін: «Қалай?» — деді інім, сұрады. Болғың келсе білімді, Кітаппен достас мәңгілік. Жадыnda білім жаңғырып, Оятар сана-сезімді. Танырсың жатты, өзіңді, Ашарсың сөйтіп көзіңді.

3) Аружан

Алақай-ау, алақай! Бұдан былай мен енді Емеспін жай балақай. Осыдан да көлемді Оқи алам өлеңді. Бардым мен мектепке — Оқушымын мен енді!

4) Дастан

Кемені басқарып, Көк жүзінде самғасам. Тауды бұзып, тас жарып, Мұхиттарды жалғасам. Таңдандырар бар елді, Ғажап елдер сала алсам. Жасартатын әжемді Дәрі ойлап таба алсам.

Оқушы анты

Мен — Қазақстан азаматы. Сүйікті Отаным Қазақстанның әлемдегі алдыңғы қатарлы, әділетті әрі өркениетті ел болуы үшін сапалы білім аламын. Туған халқымның ата-дәстүрін жалғастырамын. Мемлекетімнің Президентін құрметтеймін. Ата Заңды бұлжытпай орындаймын. Елімнің Туын, Әнұранын, ана тілімді және келешекке жолдама беретін алтын ұя мектебімді сыйлап, қастерлеймін — деп ант етемін.

Оқушы ережесі

Мектеп мәдениеті — тәртіп, сыйластық және жауапкершілік. Төмендегі ережелер оқушының әдебін қалыптастырады.

  1. 1) Ай-күн атауларын қазақша айту

    Ай мен күн атауларын қазақ тілінде дұрыс қолданып, күнделікті өмірде жүзеге асыру.

  2. 2) Қазақша амандасу

    Ұлдар — көшеде, мектепте, үйде «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, қол алысады. Қыздар — сәл еңкейіп, «Сәлеметсіз бе?» деп сәлем береді.

  3. 3) Әдепті сөйлеу

    Ысқырмау, айқайлап сөйлемеу, байсалды үнмен тіл қату. Ата-ананы балағаттау — дөрекілік екенін есте сақтау.

  4. 4) Қыз баланың әдебі

    Қыздар шашын күтіп, орынсыз қысқартпау; ерін, бет, көзді боямау.

  5. 5) Үлкеннің жолын кеспеу

    Қоғамдық орындарда үлкенді құрметтеп, жол беру.

  6. 6) Үлкеннің атын атамау

    Сыйластық дәстүрін сақтап, үлкенді атамай, тиісті атаумен құрметтеу.

  7. 7) «Сіз» деп сөйлеу

    Үлкенге әрдайым «сіз» деп сөйлеп, ілтипат таныту.

  8. 8) Ұл баланың ұқыптылығы

    8-сыныпқа дейін ер балалар шашын ұқыпты ұстап, уақтылы алдырып жүру.

  9. 9) Алғыс айту

    Көрсетілген қызметке ілтипат білдіріп, «рақмет» айтуды ұмытпау.

  10. 10) Қоштасу мәдениеті

    Қоштасарда «Сау болыңыз, кездесер күн жақын болсын» деп адал тілек білдіру.

  11. 11) Балағат сөз айтпау

    Қыздар үшін де, ұлдар үшін де балағат сөз қолданбау — тәрбиенің өлшемі.

  12. 12) Адалдық

    Ұрлық жасамау, өсек таратпау, өтірік айтпау. Мұндай әрекеттер ұлттық намысқа дақ түсіреді.

Оқушының сабақтағы міндеттері

Сабақтағы тәртіп — білім сапасының негізі. Әр оқушы төмендегі талаптарды орындауға міндетті.

  1. 1) Дайындық

    Сол күнгі пәндерге арналған оқулық, дәптер және қажетті құрал-жабдықтарды толық алып келу.

  2. 2) Сабаққа уақытылы кіру

    Мұғалімнен бұрын сыныпқа кіріп, сабаққа әзірлену; мұғалімнен кейін шығу.

  3. 3) Сәлемдесу әдебі

    Мұғалім сыныпқа кіргенде және шыққанда орнынан тұрып, ілтипат көрсету.

  4. 4) Мұқият тыңдау

    Мұғалімнің түсіндіруін зейін қойып тыңдап, сабаққа кедергі келтірмеу.

  5. 5) Толық жауап беру

    Мұғалім сұрағына мазмұнды, толық жауап беру.

  6. 6) Жауап беру тәртібі

    Жауап бергенде орнынан тұрып, парта жанында дұрыс қалыпта сөйлеу.

  7. 7) Күнделік жүргізу

    Мұғалім баға қоюы үшін күнделікті уақтылы ұсыну.

  8. 8) Рұқсат сұрау

    Сабақ барысында сыртқа шығу қажет болса, мұғалімнен рұқсат сұрау.

  9. 9) Кезекшілік

    Кезекшілік міндеттерін орындау: борды, тақта сүрткішті әзірлеу және тәртіпті сақтау.

  10. 10) Тазалық

    Өз орнын таза ұстау — әр оқушының міндеті.

  11. 11) Мектеп ішінде жүріс-тұрыс

    Сыныпта және дәлізде айқайламау, жүгірмеу; дәліздің сол жағымен жүру.

  12. 12) Мүлікті сақтау

    Сыныптағы және дәліздегі көрнекіліктерді, мектеп мүлкін және тұлғалардың суреттерін бүлдірмеу.

Көрініс: «Кім кінәлі?»

Көрініске қатысушылар: Ақерке, Аружан, Мағжан, Нұрбану. Бұл бөлімде жауапкершілік, тәртіп және бір-бірін түсіну тақырыптары сахналық көрініс арқылы ашылады.

«Озық ойлы оқушы»

Білім мен логиканы шыңдайтын сұрақтар бөлімі.

Қосымша: «Қара жорға» биі, шығармашылық тапсырма
  1. 1) Сұрақ

    Тұңғыш «Әліппе» оқулығын кім жазды?

  2. 2) Сұрақ

    «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деп бата берген кім?

  3. 3) Логикалық есеп

    Бір отбасындағы ағайынды екі жігіттің әрқайсысының бір апасы және бір қарындасы бар. Отбасында неше бала бар?

  4. 4) Логикалық есеп

    Мұз айдынында 12 бала сырғанап жүр еді. Екі ұл үйіне кетті де, бес қыз келді. Енді неше бала сырғанап жүр?

  5. 5) Қысқа сұрақтар

    1 жылда неше ай бар? 1 аптада неше күн бар? 1 дм-де неше сантиметр бар?

  6. 6) Тіл дамыту

    Мәтін дегеніміз не? Ол неше түрге бөлінеді?

  7. 7) Грамматика

    Сөйлем дегеніміз не?

  8. 8) Өмірлік дағды

    Адамға керек 5 негізгі қажеттілікті ата.

  9. 9) Таным

    Ауа қай жерлерде болады?

Шығармашылық жұмыс

Білім алуға көмегі тиген ата-анаңа, ұстаздарыңа, сыныптастарыңа қандай тілек айтар едің? «Бір-бір тілек».

Ата-анамен жұмыс

  • Балаңыз мектепке келгеннен кейін бойынан қандай өзгерістер байқадыңыз?
  • Балаңызға қандай тілек айтар едіңіз?

Қорытынды: «Білімді, тәрбиелі ұрпақ — ел келешегі»

ХХІ ғасыр — білім ғасыры. Тәуелсіз еліміздің тірегі — білімді ұрпақ. Өткенін түсінетін, болашағына сеніммен қарайтын азамат болып өсіңдер.

Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінен» үзінді

Ақыл керек білім таңдап аларға, Білім керек іске жақсы қарарға. Ақыл — шырақ, қара түнді ашатын, Білім — жарық, нұрын саған шашатын. Біліктіні тыңда — ақылдың бұлағы, Білімді сөз — шырын жанның құнары. Тәрбиесіз бала білім ұғар ма? Олай болса, уысыңнан шығарма. Тартар күйік, ет кескендей етінен, Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, Өмірімен қуантады түбінде.

Көрнекіліктер

«Мен оқушымын» атты ашық тәрбие сағатының материалдары таныстырылып, сабақ аяқталады.

Алғыс

Құрметті ата-аналар, уақыт бөліп келгендеріңізге көп рақмет. Оқушылар, белсенді қатысқандарың үшін баршаңа алғыс!