Жалқы есімдерді теріп жаз

Қазақ тілі • 2-сынып

Тақырып: Жалқы есім мен жалпы есім

Бұл сабақта оқушылар жалқы есімдердің бас әріппен, ал жалпы есімдердің кіші әріппен жазылатынын меңгереді және оны сөйлеу мен жазуда дұрыс қолдануға үйренеді.

Мақсаты

Жалқы есімдердің бас әріппен жазылатынын, ал жалпы есімдердің кіші әріппен жазылатын зат есімдер екенін білу.

Күтілетін нәтиже

  1. Зат есімнің түрлерін, соның ішінде жалқы және жалпы есімді меңгереді.
  2. Жаттығулар арқылы білімін өмірмен байланыстырады.
  3. Топтық жұмыста ұйымшылдық танытып, көшбасшылық қабілеті байқалады.

Дереккөздер мен құрал-жабдықтар

Ж. Қ. Балтабаева, М. Қ. Солтанғазина, Ф. С. Лекерова. 2-сынып. Алматыкітап, 2013.

  • Методикалық нұсқаулық
  • Дидактикалық материалдар
  • Флипчарт, стикер, маркер
  • Жұмыс дәптері

Сабақтың барысы

Кіріспе

  • Оқушылармен сәлемдесу, түгелдеу.
  • Құрал-жабдықтарын тексеру.
  • Назарын сабаққа аудару.

Психологиялық дайындық

Оқушылар сабақтың көңілді әрі сәтті өтуіне тілек айтып, бір-біріне күлімсіреп, жылулық сыйлайды. «Күнмен сәлемдесейік» жаттығуы орындалады:

  • Сәлем, Күн – анамыз! (қол жоғарыда)
  • Қуанатын күн бүгін! (қол ұстасады)
  • Қайырлы таң! Қайырлы күн! (қол көкіректе)
  • Күліп шықты күн бүгін! (қол жоғарыда)

Топқа бөлу

Қима суреттер таратылады. Оқушылар суреттер арқылы сөз таптарын анықтап, 4 топқа бөлінеді:

1-топ

Зат есім

2-топ

Сын есім

3-топ

Сан есім

4-топ

Етістік

Өткенді пысықтау: «Сұрақты қағып ал»

  1. Қазақ тілінде неше сөз табы бар?
  2. Тіліміздегі сөздер неге бөлінеді?
  3. Зат есім дегеніміз не?
  4. «Кім? кімдер? не? нелер?» сұрақтарын қандай жағдайда қолданамыз?
  5. Қандай сөздер бас әріппен жазылады?

Тұсаукесер: визуалды оқыту

1. Бізді қоршаған нәрселердің барлығы қалай аталады?

Жауап: Бізді қоршаған нәрселердің бәрі заттар деп аталады.

2. Заттар қандай күйде кездеседі?

Жауап: Деректі және дерексіз күйде кездеседі.

3. Деректі заттар деген не?

Жауап: Көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын заттар.

мұғалім оқушы кітап гүл парта мектеп

4. Дерексіз заттар деген не?

Жауап: Көзге көрінбейтін, қолға ұстап болмайтын, елеусіз ұғымдар.

жел ауа ақыл арман қиял сезім тілек ән

Зат есімнің бірнеше түрі бар. Бүгін біз соның ішінде жалқы есім мен жалпы есім түрлерімен танысамыз.

Еске түсірейік: бас әріппен жазылатын қандай сөздерді білесіңдер?

Негізгі бөлім: «Ойлан, жұптас, бөліс»

Сұрақ: Суреттен нені көріп тұрсыңдар?

Жауап: Қазақстан Республикасының картасын.

Сұрақ: Картада нелер бейнеленген?

Жауап: Қалалар, өзен-көлдер, таулар (атауларын атайды).

Үй жануарларының суреттері көрсетіледі. Осы жануарлардың қайсысына ат қоямыз?

Ереже

Жалқы есім — кісі аты-жөні, жер-су атаулары, жан-жануарларға қойылатын аттар.

Жазылуы: бас әріппен жазылады.

Жалпы есім — жалқы есімдерден басқа барлық зат есімдер.

Жазылуы: кіші әріппен жазылады.

Топтық жұмыс: жаттығулар

4 топқа 1–4-жаттығулар бөлініп беріледі. Әр топ тапсырманы орындап, нәтижесін қорғайды.

I топ: 1-жаттығу (ауызша)

Мәнерлеп оқу + талдау
  • Өлеңді мәнерлеп оқы.
  • Адам аттарын тап та, сұрақ қой.
  • Адамның аты-жөні қай әріптен басталып жазылғанын анықта.
  • Берілген есімдерді топтастыр.

Адам аттары:

Талғат, Мәншүк, Төлеген, Тарғын, Қамбар, Өтеген, Нұркен, Мәлік, Қабанбай, Бауыржан, Бөгенбай.

ҰОС батырлары

Талғат, Мәншүк, Нұркен, Мәлік, Бауыржан.

Жоңғар-қазақ соғысы батырлары

Қабанбай, Бөгенбай, Өтеген.

Батырлар жырынан

Төлеген, Тарғын, Қамбар.

Талқылау: Олардың мақсаты не болды? Елін-жерін, Отанын жаудан қорғау.

Дарынды оқушылар батырлар туралы қысқаша мағлұмат береді.

II топ: 2-жаттығу (мәтінмен жұмыс)

Іріктеу + тақырып қою
  • Мәтінді оқы.
  • Жалқы есімдерді теріп жаз.
  • Мәтінге ат қой.

Жалқы есімдер (мысал):

Маңғыстау, Қаныш Сәтбаев, Қарақия.

Дарынды оқушылар Маңғыстау және Қаныш Сәтбаев туралы қысқаша мәлімет береді.

Сергіту сәті: «Күн мен түн» ойыны

Қимыл + жылдам жауап

Шарты: Мұғалім «Түн» дегенде оқушылар «ұйықтайды». Мұғалім «кім?», «не?», «кімдер?», «нелер?» сұрақтарын немесе зат есімдерді айтады. Оқушылар «оянып», сұраққа жауап береді немесе зат есімнің жалқы/жалпы екенін анықтайды.

III топ: 3-жаттығу

Жазылым

Алдымен кісі аттарын, содан соң қала аттарын жаз.

Кісі аттары

Алтынай, Біржан, Естай, Ақан.

Қала аттары

Астана, Семей, Ақтау, Көкшетау, Қарағанды, Шымкент.

Дарынды оқушылар: «Осы қалалар туралы не білесің?» сұрағына қысқаша жауап береді.

IV топ: 4-жаттығу

Сөзжұмбақ
  • Сөзжұмбақты шеш.
  • «А» әрпінен басталатын қала аттарын тауып, жаз.

Дарынды оқушылар: «Осы қалалар туралы не білесің?» сұрағына жауап береді.

Қорытынды тапсырмалар

1) Жалпы атауын тап

Астана, Алматы, Талдықорған — жалпы атауы: қала.

Балқаш, Алакөл, Қаратал — жалпы атауы: өзен-көлдер.

Құлагер, Ақтөс, Марғау — жалпы атауы: жануарларға қойылған аттар.

Туыстық атаулар: әже, ата, аға, әпке, ата-ана және т.б.

2) Текшедегі сөздерді талда

Сөздерді оқы, сұрақ қой, қай сөз табына жататынын анықта және зат есім болса, оның жалқы/жалпы екенін айт:

Айман әке Қызылорда парта кітап Нариман Дихан әже інішек Каспий сөмке Алабай құс

Үй тапсырмасы

136-бет, 5-жаттығу: Суретте бейнеленген зат атаулары жалқы есім бе, жалпы есім бе — анықта. Осы сөздерді қатыстырып, сөйлемдер құрастырып жаз.

Бағалау

«Бағалау ағашы» әдісі: Оқушылар бүгінгі сабақтағы жұмысына өзіндік бағалау жасайды. Ағаштың сәйкес бөлігіне стикер жапсырып, таңдауының себебін қысқаша дәлелдейді.