Жабайы жануарлардың суреттері
Мақсаты
-
Білімдік
Жабайы жануарлардың сыртқы ерекшеліктері мен тіршілік ету дағдылары туралы түсінікті кеңейту.
-
Тәрбиелік
Жанды табиғатқа қызығушылық, бастамашылық, жауапкершілік сезімін қалыптастыру; жануарларға қамқор болуға тәрбиелеу.
-
Дамытушылық
Көзбен қабылдауын, фонематикалық естуін, есте сақтауын, зейінін дамыту; құрдастарының жауабын тыңдай білуге үйрету.
-
Коммуникация
Сұрақ-жауап арқылы ойды нақты жеткізуге және ортақ талқылауға қатысуға дағдыландыру.
Әдіс-тәсілдер
Алдын ала жұмыс
Балалармен жабайы жануарлар туралы әңгімелесу, суреттер арқылы таныстыру.
Мотивациялық кезең: «Жылулық шеңбері»
Балалар шеңберге тұрып, бір-біріне жылы тілек айтып, сабаққа жағымды көңіл күй қалыптастырады.
Қазақша
Қуанамын мен де,
Қуанасың сен де,
Қуанайық, достарым,
Арайлап атқан күнге!
Орысша
Лучик, лучик золотой,
Луч везде и луч со мной.
Добро в тебе, добро во мне,
Добро кругом на всей земле.
Ағылшынша
I can say hello,
You can say hello.
I can say hello to you,
You can say hello to me.
Hello, hello to you!
Іздену-ұйымдастыру кезеңі
Әңгіме бастауға сұрақтар
- Қазір жылдың қай мезгілі?
- Қыс мезгілінде неше ай бар?
- Қыста қандай ерекшеліктер болады?
Жұмбақтар арқылы жануарларды таныстыру
Балалар жұмбақты тыңдап, жауабын табады. Әр жануардың қысқы тіршілігі туралы қысқаша мәлімет беріледі.
1) Жұмбақ
Қырда жүрер ол жортып,
Іні де жоқ бармайтын.
Құйрығымен бұлтарып,
Қандай аң ол алдайтын?
Түлкінің мекендейтін інінің маңында қорек қалдықтары жиі кездеседі. Түлкілер әдетте жұптасып тіршілік етеді, ал күн суытқанда кейде әрқайсысы өз бетінше бөлек жүріп кетуі мүмкін.
2) Жұмбақ
Үстінен тоны түспеген,
Сонда да араз қыспенен.
Аю өте епті: жақсы жүзе алады, жылдам жүгіреді, ағашқа да өрмелейді. Қыста ол апанында ұзақ ұйқыға кетеді.
3) Жұмбақ
Сұрғылт тартқан түсі бар,
Ақсиған көп тісі бар.
Тыным таппай жүгіріп,
Сілекейі шұбырған,
Ауыл маңын ториды.
Қасқыр — күшті әрі шапшаң жыртқыш. Жемтігін аулау үшін бірнеше сағат бойы ізіне түсе алады.
4) Жұмбақ
Жылқы тұмсық, ешкі құйрық,
Есек құлақ, түйе ерінді.
Төрт аяғы тең емес:
Бірі ұзын, бірі қысқа.
Қорқақ өзі, қыли көзі.
Қояндар сұр және ақ қоян болып бөлінеді. Олар көжектерін жаудан қорғау үшін бұталардың арасына жасырып қалдыруы мүмкін.
Қорытынды сұрақтар
- Біз қандай жануарлар туралы жұмбақ шештік?
- Неліктен оларды жабайы жануарлар дейміз?
- Қыста орманда және далада жануарлар жүргенде не байқалады?
Қыста аңдардың жүрген жерінде із қалады. Экраннан аң іздерін қарап, салыстырамыз.
Дидактикалық ойын: «Ізін тап»
Балалар берілген іздерді қарап, қай жануарға тиесілі екенін табады.
Жабайы жануарлардың қысқы тіршілігі
Аю
- Қыста апанында ұзақ ұйқыға кетеді.
- Жаз бен күзде мол қоректеніп, денесіне май жинайды.
- Қыста 2–3 қонжық дүниеге келуі мүмкін; анасы оларды сүтімен асырайды.
Қасқыр
- Топтасып өмір сүреді, бірігіп аң аулайды.
- Бөлтіріктерін де бірлесіп асырайды.
- Қыста ұйқыға жатпайды; суықта белсенді болады.
Қоян
- Маусымға қарай түсін өзгертіп отырады: жазда қоңырқай, қыста аппақ.
- Қысқа арнайы азық жинамайды.
- Қыста ағаш қабығымен қоректенеді.
Түлкі
- Есту қабілеті өте жақсы: қар астындағы тышқанның дыбысын естіп, інін қазып ұстайды.
- Кейде ағаш қуыстарын паналайды.
- Жылынып ұйықтау үшін домаланып, үлпілдек құйрығымен тұмсығын бүркейді.
Негізгі ұғым
Жабайы аңдар — орманда, далада өздігінен тіршілік ететін, адам қолында күтім көрмейтін жануарлар.
Рөлдік көрініс: қоянның өтініші
Сықырлаған қардың дыбысы естіледі. Топқа қоян кіріп, балалармен амандасып, көмек сұрайды:
— Балалар, мен далада түлкіден қашып жүріп тоңып қалдым. Сендерге жылынуға келдім.
Балалар қоянды қарсы алып, бірге сергіп, көңілін көтеріп, сүйікті асы — сәбіз жасап беруге келіседі.
Сергіту сәті: «Қыдырып қайтайық»
Балалар қоянды ортаға алып, бірге қимыл-қозғалыс жасап сергіп алады.
Шығармашылық жұмыс
Балалар сәбізді сызығынан шығармай, көлемді (3D) бояумен бояйды да қоянға ұсынады.
Қоян алғысын айтып, топтан шығып кетеді. Балалар өз еңбегінің нәтижесіне қуанып, сабақты жалғастырады.
Рефлексия және қорытынды
Талқылау сұрақтары
- Қыста жануарлар мен аңдар суықтан қалай қорғанады?
- Адамдар оларға қандай көмек көрсете алады?
- Қандай жануарлар қысқа азық жинайды?
- Қандай жануарлар азық жинамайды?
- Жануарлардың қысқы тіршілігі туралы не білдік?
Коллаж (1-мольберт)
Жабайы жануарлар қандай ертегілерде кездеседі? Балалар өздері білетін шығармаларды атап, суретпен толықтырады.
Коллаж (2-мольберт)
Жануарлардың қысқы тіршілігін бейнелеу: ін, апан, қардағы із, қорек табу, түс өзгерту сияқты көріністер.
Күтілетін нәтиже
- Біледі
- Жабайы жануарларды танып біледі.
- Игерді
- Жабайы жануарларды үй жануарларынан ажырата біледі.
- Жасай алады
- Жабайы жануарлардың сыртқы ерекшеліктерін сипаттап, қимылын келтіре алады.
«Жазира» ортаңғы тобының ұйымдастырылған ашық оқу қызметі.
Тәрбиеші: Табылдиева А. Т.