Оқушылардың жауабы. Оқушыларды бағалау
Сабақтың мақсаты
Білімдік
Оқушыларды Сүйінбай Аронұлы туралы таныстырып, өлең мазмұнын меңгерту; өлеңнің идеясы мен тақырыбын түсіндіру.
Дамытушылық
Оқушының өз ойын ашық айтуына, пікірін қорғай білуіне, шығармашылық ізденісін арттыруына ықпал ету; тұлғалық қасиеті қалыптасқан өнегелі жеке тұлға тәрбиелеу.
Тәрбиелік
Өлең негізінде жақсы қасиеттерді қалыптастыруға, жаман әдеттерден алшақ болуға, жақсы мен жаманды ажырата білуге тәрбиелеу.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
- 1 Оқушылармен амандасу.
- 2 Оқушы зейінін сабаққа аудару.
II. Өткен сабақты еске түсіру
Сұрақ: «Қай ақынның қандай шығармасын білеміз?»
III. Жаңа сабақ
Интерактивті тақта арқылы жақсы және жаман қасиеттер көрсетіледі. «Ой толғау» кезеңінде оқушылар өз пікірін айтады. Осыдан кейін сабақтың тақырыбы нақтыланады: «Адамның жақсы және жаман қасиеттері». Мақсат белгіленеді: өлеңді талдау және автор туралы мәлімет алу.
Топқа бөлу
Оқушылар екі топқа бөлінеді. Әр топтан спикер сайланады.
Тапсырма
Әр топ қағазға адамның 3 жақсы және 3 жаман қасиетін жазып, ортақ қорытынды шығарады.
1) Өлеңмен жұмыс
Оқушылар оқулықтағы өлеңді мәнерлеп оқиды. Оқу барысында «Түртіп алу» стратегиясы бойынша таныс емес сөздерді қарындашпен белгілейді. Кейін тақтаға түсініксіз сөздер жазылып, сөздік құрастырылады.
Сөздік
- Әмме
- түгел, барлық, күллі
- Парқы
- бағасы
- Ұңғы
- балтаның сап салынатын жері
Ақын бұл өлеңінде адам бойындағы мінез-құлыққа үңіледі. Жақсылық пен жамандықтың қоғам тіршілігінен және жеке адамның өмір ағымындағы іс-әрекетінен туындайтынын нақты көрсетеді. Өмірдің басты тұтқасы — адамның адамға жақсылық жасауы деген ойды алға тартады.
Жақсылық пен жамандықты салыстыра отырып, жақсы істің артықшылығын, көпке әкелетін пайдасын атап, жаман істің зиянға ұрындыратынын дәлелдейді. Осы арқылы адам баласы қандай жағдайда да таза, адал, арлы болуға тиіс деген қорытындыға келеді.
Бұл тұжырымды оқушылар өз ойларымен толықтырады.
2) Өлең құрылысы және көркемдік талдау
Ұйқас
Өлеңнің ұйқасын анықтау тапсырмасы орындалады.
Көркемдегіш құрал
Теңеу үлгілері табылып, ережесі еске түсіріледі: «ел-жұртының қамасындай», «әмме жұрттың анасындай».
Қорытынды сұрақтар (болжау стратегиясы)
- Өлеңнің авторы кім деп ойлайсыңдар?
- Ақын қай заманда өмір сүрген?
- Авторды қандай адам деп сипаттай аласыңдар?
- Ақынның айтпақ ойы қандай? Сендерге қандай әсер етті?
Сүйінбай Аронұлы туралы қысқаша мәлімет
Сүйінбай Аронұлы — ХІХ ғасырдағы Жетісудың ірі ақыны. Ол әділетсіздікке жаны қас, шындықты бетке айта алатын батыл, халықтың сөзін сөйлеген өткір сыншы, айтыскер ақын ретінде танылған.
Сүйінбай 1898 жылы қайтыс болды. Ақынның өнегелі мұрасы бүгінгі күнге дейін жас ұрпақты тәрбиелеп, дұрыс жолға бағыттайды.
3) Топтық шығармашылық жұмыс
Оқушылар топпен жұмыс орындайды: сурет салу және өлең шығару. Әр топ өз жұмысын қорғап, қорытынды жасайды. Бағалауды спикерлер жүргізеді.
I топ
«Жаныңда жүр жақсы адам»
II топ
«Жирен жаман әдеттен»
IV–VI. Қорытынды, бағалау және үй тапсырмасы
Сабақты қорыту
Негізгі ойлар жинақталып, оқушылардың пікірлері тыңдалады.
Бағалау
Оқушылардың жұмысы мен белсенділігі бағаланады.
Үй тапсырмасы
«Жақсылық пен жамандық» тақырыбына шығарма жазу.
Автор туралы
Астана қаласы, №53 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Түсіпбекова Сәуле Айтбековна.