Жалғаулардан соң жұрнақ жалғанған сөздер ойлаңдар

Сабақтың тақырыбы: Сөз құрамы

Бұл сабақ сөздің құрамын (түбір, жұрнақ, жалғау) танып-білуге, сөз бөлшектерінің мағынасы мен қызметін ажыратуға, әрі оларды дұрыс қолдануға бағытталады.

Сабақтың типі

Аралас сабақ

Сабақтың түрі

Танымдық, тіл дамыту

Көрнекіліктер

Сызбалар, кестелер

Әдіс-тәсілдер

  • Іздендіру, салыстыру
  • Проблема қоя отырып іздендіру
  • Диалог пен ойын элементтері
  • Сөз құрастыру, СТО (сын тұрғысынан ойлау)

Пәнаралық байланыс

  • Қазақ әдебиеті
  • Әлеуметтану
  • Тарих

Сабақтың мақсаттары

Білімділік

Оқушылардың білімін тереңдету, ізденімпаздығын арттыру, ой-өрісін кеңейту. Тіл байлығын молайтып, ауызша және жазбаша сөйлеу мәдениеті мен сауаттылығын дамыту.

Тәрбиелік

Адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру, ізгілікке, ынтымаққа баулу. Өзара сыйластық пен достықты, халықтық педагогика негіздерін құрметтеуді дәріптеу.

Дамытушылық

Оқушылардың лингвистикалық дүниетанымын кеңейту, тілдік талдау жасау дағдыларын жетілдіру.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  1. 1 Оқушылармен сәлемдесу.
  2. 2 Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
  3. 3 Сабаққа қатысуды тексеру.
  4. 4 Сабақтың тақырыбы мен мақсатын хабарлау.

II. Жаңа сабақ

Негізгі назар — сөз құрамын тану, туынды түбір мен қосымшалардың қызметін нақты ажырату, жалғаулардың жалғану тәртібін жүйелеу.

Негізгі ұғымдар:

түбір жұрнақ жалғау туынды түбір қосымша

Сұрақтар мен тапсырмалар

  1. 1. «Тракторшы», «асқазан», «кг.», «бірен-саран» сөздерінің құрамы бірдей ме? Қайсысы қалай жасалған?
  2. 2. «Бейбітшілік», «радист», «қалалық», «құлыншақ», «ашқыш», «шекарашы» сөздерін сөз бөлшектеріне талдап, әр бөлшектің мағынасы мен қызметін түсіндіріңдер.
  3. 3. Туынды түбірден тағы бір туынды түбір жасауға бола ма? Бір түбірге қанша жұрнақ жалғауға болады?
  4. 4. Жұрнақтардың бәрі бірдей жаңа мағыналы сөз тудыра бере ме? Тек үстеме мағына беретін жұрнақ жалғанған сөздерге мысал келтіріңдер.
  5. 5. Қосымшалы сөздердің бәрі туынды түбір бола ма?
  6. 6. «Оқырман», «көрермен» дейміз, ал «сөйлермен», «айтарман» деп айтыла ма? Мұндағы жұрнақтар туралы не білесіңдер?
  7. 7. Әр шақпаққа бір бөлшектен келтіріп, төмендегі үлгі бойынша жеті бөлшектен құралған сөз ойлап жазыңдар.
  8. 8. Кестемен жұмыс: «Бала-шағаларымызға», «жаздыгүнгідей», «үгітшілеріміз» сөздерін сөз құрамына талдаңдар.
  9. 9. Қосымша сөз құрамына жата ма?
  10. 10. Қай жалғаулар жақсыз (жақ көрсетілмей) қолданылады?

Жаттығулар мен ойын элементтері

«Бес күрделі, бес жалаң»

Жалаң жұрнақты бес сөз және күрделі жұрнақ жалғанған бес сөз ойлап жазыңдар.

Жалаң жұрнақ (5 сөз)

Күрделі жұрнақ (5 сөз)

«Бұл не?» (түсіндіру тапсырмасы)

Кейбір қосымшалар жаңа сөз жасайды, кейбірі сөзге қосымша мағына үстейді. Кейбірі сөз талғамай жалғана береді, ал кейбірі тек санаулы сөздерде ғана кездеседі.

Осы сөйлемдердегі «кейбірі» деген төрт сөздің орнына мағынасына сай төрт түрлі атау тауып айтыңдар.

«Көп қосымшалы сөздер» (жарыс ойыны)

Қатысушылар белгіленген уақыт ішінде мүмкіндігінше көп қосымшалы сөздер ойлап жазып жарысады. Кім көп әрі дұрыс сөз жазса — сол жеңімпаз.

«Кім жеңуші болғысы келеді?»

1) «Жең» етістігінен өрбіген сөздер

«Жең» сөзінен жасалған туынды сөздерді тізімдеп жазып, оларды сөйлем ішінде қолданып айтыңдар.

2) «Сый/сыю» түбірлерінен өрбіген сөздер

Төмендегі сөздердің әртүрлі түбірден өрбігенін дәлелдеп, мағынасына қарай екі бағанаға бөліп жазыңдар:

Сөздер: сыю, сыйлы, сыйымды, сыйлық, сыйымдылық, сыйла, сыйғызу, сыйлас, сыйласу, сыйдыру, сыйысу, сыйлау, сыйымсыз, сыйлағыш, сыймас, сыйласыңды, сыйыстыру, сыйласарлық.

Талдау және ережелер

«Бұл қандай түбір?»

Төмендегі сөздердің қайсысы қандай түбірге жататынын анықтаңдар: бейбітшілік, еңбек, бостандық, теңдік, туысқандық, бақыт.

Қосымшалардың жалғану тәртібі

Схемаға сүйеніп, сөздің түбіріне қосымшалардың жалғану ретін айтыңдар.

Жалпы үлгі

Түбір

негізгі мағына

Жұрнақ

жаңа сөз/үстеме мағына

Жалғау

грамматикалық байланыс

Жалғаулардың түрлері

  • Көптік
  • Тәуелдік
  • Септік
  • Жіктік

«Ойлап көріңдерші» (логикалық сұрақтар)

  1. 1. Көптік жалғаудан кейін басқа жалғаулар ретімен жалғана береді. Ал басқа жалғаудан кейін көптік жалғау жалғана ма? Жалғанса, қай жалғаудан соң? Мысал келтіріңдер.
  2. 2. Бір сөзге екі көптік, екі тәуелдік, екі септік немесе екі жіктік жалғауы қатарынан жалғана ма? Ойланып көріңдер.
  3. 3. Жалғаудан соң жұрнақ жалғанған сөздер ойлаңдар. Ондай сөздер жиі кездесе ме?
  4. 4. Септік жалғаулары жалғанбайтын сөздер бар ма? Мысал келтіріңдер.
  5. 5. Қай сөз табына жұрнақ жалғанбайды? Мысал келтіріңдер.
  6. 6. Жіктік жалғауының III жағы қай сөз таптарына жалғанбайды, қай сөз таптарына жалғанады?
  7. 7. Бір аттас жалғаулар түбірге бірінен соң бірі жалғана ала ма? (септік–септік, жіктік–жіктік т.б.)

«Бұл қызық» (талқылау)

1-жақ тәуелдік жалғаудан соң II жақ жіктік жалғауы жалғанады, ал II жақ тәуелдіктен соң I жақ жіктік жалғанады:

Мысалдар:

сен менің жолдас-ым-сың

мен сенің жолдас-ың-мын

Ермек Қайраттан сұрайды: «Жалғау көп пе, жұрнақ көп пе?» Қайрат: «Жалғау көп, өйткені жұрнақ екі-ақ түрлі, ал жалғау төрт түрлі», — дейді.

Тағы бір сұрақ: «Жіктік жалғауының III жақ болымсыз түрі қалай?» — десе, «III жақтың болымды түрі де, болымсыз түрі де болмайды», — дейді.

Талқылау тапсырмасы

Сендер қалай ойлайсыңдар? Қосымшалы сөздерді тауып, қосымшаларды түрлеріне қарай ажыратыңдар.

Мәтінмен жұмыс (қосымшаларды анықтау)

Өлең үзіндісі (Ж. Молдағалиев)

Бар тілде, барлық жерде, ой мен қырда,
Қосады оны халық өлең, жырға.
Партия — біздің Ұлы қамқоршымыз,
Бөлеген елімізді бақыт, нұрға.

Тапсырма: қосымшалы сөздерді табыңдар. Қай жалғаулар қолданылғанын анықтаңдар.

Өлең үзіндісі (Шернияз ақын)

Хан емессің, көмірсің,
Хан емессің, бурасың,
Балқытқан көмір темірсің,
Сақалың күнге қурасын!
Басыңды қасқыр кемірсін!
Бауырыңа қайнаған қазан төгіліп,
Майыңа иттер семірсін!
Бала-шағаң шуласын!

Тапсырма: үзіндідегі жалғаулы сөздерді анықтап, қай жалғаулар қолданылғанын айтыңдар.

Қысқа тапсырмалар

«Нешеуі туынды түбір?»

Арифметикалық төрт амалға қатысты атаулардың (қосу, азайту, көбейту, бөлу) нешеуі туынды түбір екенін анықтаңдар.

«Дәл тауып айт!»

Бастаушы қос сөздердің бір сыңарын айтады, оқушылар екінші сыңарын тауып айтады. Емлесін еске түсіріп, сөйлем құрап айту міндеттеледі.

«Кім көп сөз тауып, дұрыс жаза алады?»

Екі топ: бірі — біріккен сөздер, екіншісі — қысқарған сөздер жазады. Кім көп әрі дұрыс жазса, сол топ жеңеді.

IV. Сабақты қорытындылау

«Айта аласыңдар ма?»

1) Қосымшаларды ретімен жалғап, сөйлем құраңдар

Сөз

Еңбек

Қосымшалар

-лер, -ші

Сөз

Мал

Қосымшалар

-лар, -шы, -ымыз

Сөз

Оқы

Қосымшалар

-у, -лар, -ға, -т, -шы

2) Синоним жасау

«Оқы» сөзінен «шәкірт» сөзіне синоним болатын сөз жаса. Онда неше жұрнақ бар?

3) -ист, -изм жұрнақтары

«-ист», «-изм» жұрнақтары бар сөздерді кім көп тауып айта алады?

4) Қос сөз жасау

Мына сөздерден әртүрлі қос сөз жасап айтыңдар: әдемі, бау, ауыз, ет, мәдени.

5) Біріккен сөз арқылы өндіріс атауын тап

Республикамыздағы көмір алыптарының бірінің атауы — біріккен сөз. Оның бірінші сыңары — сан есім, екіншісі — адамның негізгі мүшесі, үшіншісі — тағам атауы. Ол қай өндіріс? Жазып көрсет.

6) Терминді тап

Сөз құрамына талдағанда — туынды түбір, сөз табына талдағанда — тұйық етістік болып келеді. Жалпы алғанда грамматикалық термин. Ол қай сөз?

V. Үй тапсырмасы

Мұғалім берген тапсырмалар бойынша сөз құрамына талдау жасап келу, мысал сөздер жинақтау, және таңдалған тапсырмаларды жазбаша орындау.

VI. Бағалау

Оқушылардың белсенділігі, тапсырмаларды орындау дәлдігі, талдау сапасы және жазылым сауаттылығы бойынша бағаланады.