Армысыздар қадірменді көрермен қауым
Сайыс сабағының мақсаты мен бағыты
Бұл сайыс сабақ оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын және шеберлігін дамытуға бағытталған.
Сабақтың түрі
Сайыс сабақ
Сабақтың әдісі
Ойын-сауық, жарыс
Пәнаралық байланыс
Тарих, әдебиет, математика, бейнелеу өнері
Көрнекілігі
Ұлағатты, асыл сөздер жазылған слайдтар
Ұйымдастыру бөлімі
- Сайыс сабақтың тақырыбымен таныстыру
- Сайысқа қатысушы топтармен таныстыру
Сабақтың барысы
Армысыздар, қадірменді көрермен қауым! Бүгінгі сайыс сабағымыздың тақырыбы — «Қыздың шебер боларын бармағынан танырсың». Бұл сайысқа 6-сыныптың оқушылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салады.
Бастарыңа қонсын дәйім бақ құстары,
Күн қуатын тілейміз ғарыштағы.
Ұзақ ғұмыр, қуаныш, нұр сыйласын
Өмірдің тыншымайтын ағыстары.
Осы тілекпен ақ маңдай, аққу мойын, бота көз ару қыздарымызды салтанатпен ортаға шақырамыз. Ақылына көркі сай қыздарымыздың өнері мен өнегесін, білімі мен парасатын тамашалауға қош келдіңіздер!
Сайыс шарттары
-
1
«Сәлем – сөздің атасы»
Әр топ өз атауын таныстырып, аспаздық киім үлгісін көрсетеді.
-
2
Қолөнерін көрсету
Қыздар өз қолөнер бұйымдарын таныстырады.
-
3
Сұрақ-жауап сайысы
Топ мүшелері топтама бойынша сұрақтарға жауап береді.
-
4
«Әлди әуен әлемі»
Өнер көрсету: ән, би және басқа да шығармашылық нөмірлер.
-
5
«Қыздарға әсемдік жарасады»
Киім сән үлгісі байқауы.
-
6
«Ас – адамның арқауы»
Тағам дайындау және жидекпен безендіру.
Әділқазы алқасы және таныстыру кезеңі
Өнер, білім, өнеге тұнған дарын,
Өнерліге өз басым таң қаламын.
Өнерді әділдікпен бағалайтын,
Таныстырайын әділқазы алқаларын.
Бүгінгі сайысымыздың әділқазы алқасымен таныстырамыз. Ал алғашқы кезеңде топ арулары өздерін және топтарының атауын таныстырады.
1-кезең: Топты таныстыру
«Сәлем – сөздің атасы» шарты бойынша сөз кезегі __________ тобына беріледі.
Шарттар бойынша жүргізілуі
2-кезең: Қолөнер бұйымдарын көрсету
«Ана көрген тон пішер» — шеберлік пен ұқыптылықты талап ететін кезең. Әр топ өз қолөнер бұйымдарын көрсетіп, жасалу тәсілін қысқаша түсіндіреді.
3-кезең: Сұрақ-жауап
Ақылдылық аруға жарасады. Бұл бөлімде қатысушылардың білімі мен парасаты сыналады: топ мүшелері берілген топтама бойынша сұрақтарға жауап береді.
4-кезең: «Әлди әуен әлемі»
Өнерлі өрге жүзер талаптының,
Талапты талмай ұшар қанаттының.
Әлди әуен әлемі — өнер оты,
Шарпып өтсін лебімен қанаттының.
Қыздар өз өнерлерін ортаға салады: ән, би және басқа да шығармашылық нөмірлер ұсынылады.
5-кезең: Киім сән үлгісі
«Қыздарға әсемдік жарасады» бөлімінде қатысушылар талғам мен үйлесімділікті көрсетеді. Киім үлгісі байқауында сән, ұқыптылық және жарасымдылық бағаланады.
6-кезең: Тағам дайындау және безендіру
«Ас – адамның арқауы» бөлімінде сайыскерлер тағам дайындаудағы шеберлігін танытады. Келесі сәтте қатысушылар жаңашыл салат түрін әзірлеп, оны жидекпен көркемдеп ұсынады.
Қорытынды және алғыс
Пір тұтқан әрбір халық асылдарын,
Қазақтың қаракөз аруларын.
Тәмамдайық осы кешті әсем әнмен,
Өнеріне табынып арулардың.
Өтілген шарттардың қорытындысын әділқазы алқасы шығарғанша, кезекті әнге береміз. Бүгінгі сайыста мектебімізде өнерлі жастардың көп екенін көріп, тамашаладық. Екі топтың мүшелері де жан-жақты қабілетін көрсетті.
«Өнерліге өріс кең» — өнер кемесімен өрге жүзе беріңіздер!
Қадірменді көрермен қауым, сайысымызды көріп тамашалағандарыңызға көп рақмет. Өмірлеріңізге қуаныш пен шаттық тілейміз: жүректеріңіз қартаймасын, көңілдеріңіз ортаймасын.