Допты себетке лақтыру

Сабақтың мазмұны

Тақырып

Допты себетке лақтыру. Допты қабырғаға бір рет соғып, айналып, қағып алу.

Мақсат

  • Балаларды дәлдікке, ептілікке баулу, физиологиялық дамуына жағымды ықпал ету.
  • Жүгіру, секіру, етпеттеп жылжу сияқты негізгі қимылдарды жетілдіру.
  • Ертегі желісі арқылы бауырмалдыққа, достық көмекке тәрбиелеу, көтеріңкі көңіл күй сыйлау.

Қажетті құралдар

Балалар санына сай доптар, скамейка, шариктер, саңырауқұлақтар, үйшік және т.б.

Әдіс-тәсілдер

Сюжетті қимылды ойын, психожаттығу, интеллектуалды сұрақ-жауап.

Мотивациялық кезең

Жаттықтырушы: Сәлеметсіңдер ме, балалар? Қане, бәріміз бірге «Спорт — біздің досымыз!» деген ұранымызды айтайық.

Балалардың ұраны

  • Біз спортты сүйеміз! Ура!
  • Айтқанды ойға түйеміз! Ура!
  • Шынығуда денеміз! Ура!
  • Сүйікті дос — физкульт! Ура!

Жаттықтырушы: Жарайсыңдар! Бүгін біз ертегілер еліне саяхатқа шығамыз. Алдымен жұмбақ шешейік — жауабы біздің көлігіміз болады.

Жұмбақ:
Сартылдайды табаны,
Көрдім жүйрік арбаны.

Балалар: Поезд.

Жаттықтырушы: Дұрыс! Ендеше, саяхатқа поезбен шығамыз. Осы сәтте радиодан: «Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! №2 жүйрік поезд жүргелі тұр, поездға отырғызу басталды!» — деген хабарлама естіледі.

Балалар бірінің артына бірі тізбектеле тұрып, белдерінен ұстайды да, «паравоз» әнін айтып жолға шығады.

Ертегі желісі: «Машаны табайық»

Үйшік қасындағы кездесу

Балалар ағаштардың арасымен ирелеңдей жүріп, жалғыз үйшіктің алдына келіп тоқтайды. Үйдің алдында ата мен әже мұңайып отыр. Балалар амандасып, жағдайларын сұрайды.

Атай: Жалғыз қызымыз Маша саңырауқұлақ теруге кетіп, әлі оралмады.

Жаттықтырушы: Ендеше, көмектесейік! Солай ма, балалар?

Жол үстіндегі қимылдар

  • Кең адымдап жүру

    Адымдаймыз алысқа, бір-біріңнен қалыспа. Шынықсақ шымыр боламыз, жеңеміз үлкен жарыста.

  • Өкшемен жүру

    Өкшеменен жүреміз, пайдасын да білеміз. Аяқты жазып адымда, бүгілмесін тіземіз.

  • Қос аяқпен секіру

    Секіреміз, сергекпіз, аяқтарым ауырмас. Бұл да қажет жаттығу, шаршама — тек алға бас!

Көлден өту және жүгіру

Тапсырма: Көлге жеттік. Аяқ суламас үшін төбешіктерден секіріп өтеміз (дисклер арқылы).

Шарт: Жел қатты. Арқамен жүгіріп өтеміз.

Уақыт: Тоқтаусыз жүгіру — 20–25 секунд.

Жалпы дамыту жаттығулары (жылынып алайық)

  1. 1) «Отын шабу»

    Аяқ бірге. Алақанды беттестіріп, қолды жоғары-төмен көтеріп-түсіру. 6–8 рет.

  2. 2) «Отқа жылынамыз»

    Қолды бір-біріне ысқылап, алға созу.

  3. 3) «Аяқтарды жылытамыз»

    Қол белде. Аяқты кезекпен алға созу. Екі жаққа 5 реттен.

  4. 4) «От шапағын жасаймыз»

    Жерге отырып, аяқ ұшын түйістіріп, тізені бүгіп-түсіру. 6–7 рет.

  5. 5) «Жылындық»

    Бір орында секіру.

  6. 6) «Оты өшіру»

    Мұрынмен тыныс алып, ауызбен дем шығару. Тынысты реттеу.

Жаттығудан кейін: жай жүгіру, кейін жай жүру арқылы тынысты қалпына келтіреміз.

Іздену кезеңі: саңырауқұлақтың тапсырмасы

Алдарынан саңырауқұлақтар кездеседі.

Жаттықтырушы: Саңырауқұлақ, сен Маша есімді қызды көрмедің бе?

Саңырауқұлақ: Алдымен мына өсіп тұрған саңырауқұлақтарды санаңдар: нешеуі үлкен, нешеуі кіші екенін айтыңдар.

Балалар санайды, үлкен-кішісін ажыратады, салыстырады.

Саңырауқұлақ: Неткен ақылды балалар! Мен Машаның қоңыр аюдың үйіне қарай кеткенін көрдім. Міне, мына жаққа.

Аюдың үйіне жақындау

Жаттықтырушы: Балалар, аю — қауіпті жануар. Көзіне түспеу үшін әрі қарай етпеттеп жылжимыз.

Төрт тағандап, етпеттеп жылжу.

Балалар аюдың үйіне келсе, аю есік алдында ұйықтап жатыр.

Жаттықтырушы: Қане, «бір, екі, үш!» дегенде аюды байлап тастайық!

Негізгі бөлім: дәлдік пен ептілік

Негізгі қимыл

Допты себетке лақтыру.

Қосымша тапсырма

Доппен кедергілерді ұрып құлату.

Қашықтық

2–3 метр арақашықтықтан лақтыру.

Жаттықтырушы: Қорбаңбай, айтшы, Машаны қайда жасырып қойдың?

Аю: Жо-жоқ, мен Машаны көрген жоқпын.

Жаттықтырушы: Онда тәртіпке шақырамыз: доппен дәлдеп лақтырамыз!

Балалар доп лақтырады. Аю беріліп: «Жарайды, қойыңдар! Машаны босатамын» — дейді. Есіктің құлпын ашып, Машаны шығарады.

Машаның өтініші: себетке дәл түсірейік

Маша: Рахмет сендерге, балалар! Ата мен әжеме арнап терген алмаларымды себетке жинауға көмектесіңдерші.

Негізгі қимыл

Кішкентай доптарды дәлдеп себетке лақтыру.

Тәрбиелік мәні

Көмек көрсету, бір-бірін қолдау, ортақ нәтижеге ұмтылу.

Аю: Балалар, Маша, мені кешіріңдер. Енді мұндай бұзықтық жасамаймын.

Жаттықтырушы: Аю қателігін түсінді. Кешіріп, бір ойын ойнайық.

Рефлексия және ойын

Қимылды ойын

«Ұйқыдағы аю»

Психожаттығу

«Тәтті және ащы»

Балалар аюмен қоштасады да, ат жүрісімен бүлкілдей жүгіріп, Машаны ата мен әжеге аман-есен табыстайды.

Қорытынды

Жаттықтырушы: Міне, балалар, бүгінгі ертегіміз сәтті аяқталды. Сендер бүгін тек жаттығып қана қоймай, үлкен жақсылық та жасадыңдар. Жақсылық жасаудан ешқашан қашпаңдар. Спорт — біздің сенімді серігіміз, осыны ұмытпаңдар.

Тобымызға тезірек оралу үшін «ұшаққа» отырамыз: қолды екі жаққа созып, бір айналып «ұшып», топқа қайтамыз.