Жайнап өскен бізге сәлем

Білім беру саласы

Қатынас

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

Көркем әдебиет

Сөздік жұмыс

«Сықырлауық» — қатты аязда қардың аяқ астында сықырлап, қырт-қырт етіп дыбыс шығаруы.

Мақсаты

Білімдік

Балалардың қыс мезгілі туралы білімін кеңейту, түсінігін тереңдету және сөздік қорын байыту.

Дамытушылық

Есте сақтау, ойлау және көру қабілеттерін дамыту; көргенін дұрыс баяндауға, сұраққа нақты жауап беруге үйрету.

Тәрбиелік

Табиғатты аялауға, сұлулықты сезінуге баулу; елестету қабілетін жетілдіру.

Әдіс-тәсілдері

  • Сұрақ-жауап
  • Әңгімелеу, түсіндіру
  • Ой қозғау
  • Тапсырмалар орындату

Көрнекіліктер

Теледидар Суреттер Аққала мүсіні Қағаз қарлар Магнитті тақта Үнтаспа (боран үні)

Сабақтың барысы

Жылы амандасу

«Балалар, бүгін күн өте суық сияқты. Сондықтан бір-бірімізге алақанымыз арқылы жылу беріп, жылы сөз айтып амандасайық».

Арайлап атқан таңға сәлем!

Жылуын шашқан күнге сәлем!

Жайнап өскен бізге сәлем!

Білім беріп тәрбиелеген,
Апайларым, сіздерге сәлем!

Елестету жаттығуы

«Денелеріңді бос ұстап, көздеріңді жұмып, мені тыңдап, айтқанымды көз алдарыңа елестетіңдер».

Орман ағаштарын қалың қар басқан. Орманшының үйінің төбесінен будақ-будақ түтін шығады. Үй иесі есік алдын қардан тазартып, қорадағы малдарға шөп, жем салып жүр.

Аяқ астындағы қар қырт-қырт етіп дыбыс шығарады. «Енді көздеріңді ашыңдар. Бұл жылдың қай мезгілі?»

Балалар қыс мезгілі екенін айтып, оның ерекшеліктерін атайды: ауа райының суытуы, қардың жаууы, боран, аяз.

«Балапан» бағдарламасынан келген хат

«Балалар, сендер “Балапан” бағдарламасын көресіңдер ме? Онда қызықты тапсырмалар көп қой. Бүгін бізге сол бағдарламадан хат келді. Хатта бірнеше тапсырма беріліпті».

1-тапсырма

Суреттерді орнына орналастыру

Магнитті тақта

Балалар суреттерді дұрыс орналастырып, қай мезгіл бейнеленгенін анықтайды. Нәтижесінде қыс мезгілінің бейнесі шығып, сурет бойынша әңгіме құрайды.

2-тапсырма

Жұмбақ шешу

Қыста ғана болады,

Ұстасаң қолың тоңады.

Балалар жұмбақтың шешуін табады: қар.

3-тапсырма

Қыс туралы тақпақ айту

Балалар қыс мезгілі туралы жаттаған тақпақтарын мәнерлеп айтады.

4-тапсырма

Қыс туралы өлең айту

Балалар қыс туралы ән/өлеңді көңілді орындап береді.

«Жарайсыңдар, балалар! Тапсырмаларды өте жақсы орындадыңдар. Сурет бойынша әдемі әңгіме құрастырдыңдар. Бұл көріністі мен “сықырлауық қыс” деп атар едім».

Тәрбиеші «сықырлауық» сөзінің мағынасын түсіндіреді: қатты аязда қардың ерекше дыбыс шығарып сықырлауы.

Сергіту сәті: «Не артық?» ойыны

Төрт мезгілдің суреттері араластырып ілінеді. Балалар артық суретті тауып, оның қай мезгілге тән екенін түсіндіреді.

Табиғат құбылыстарын бақылау

Үнтаспадан боранның ысқырған үні естіледі. «Балалар, бұл ненің дауысы?»

Балалар: «Боранның дауысы».

«Енді терезеге қарайық. Әйнектен не көріп тұрсыңдар?» — «Әдемі суреттерді көріп тұрмыз».

Тәрбиеші түсіндіреді: күн қатты суық болғанда, аяз терезеге әсем өрнек салады. Оны «аяз өрнектері» деп атаймыз.

Шығармашылық жұмыс

«Осындай өрнектерді қағаз бетіне сала аласыңдар ма?» — «Иә, сала аламыз». Балалар қағазға аяз өрнектерін салып, жұмыстарын көрсетеді.

«Жарайсыңдар! Суреттерің маған өте ұнады».

Қорытынды әңгіме

«Қыс мезгілі сендерге ұнай ма? Несімен қызық?» — Балалар қысқы қызықтарды атайды: ақ ұлпа қар, аққала, мұзда сырғанау, Аяз ата, қыстың аязды күндері.

Күтілетін нәтиже

  • Қыс мезгілі туралы түсінігі кеңейеді, ерекшеліктерін ажырата алады.
  • Қысқы ойындарды атап, сурет бойынша жүйелі әңгімелейді.
  • Сұрақтарға нақты жауап беріп, ойды дәл жеткізу дағдысы қалыптасады.