Тәуелсіздік туралы болашақ мамандардың білімін толықтыру

Тәуелсіздік — қасиет тұнған ұлы ұғым

Бұл тәрбие сағаты бастауыш білім беру бөліміне арналған (3–4 курс). Мақсаты — тәуелсіздік туралы білімді тереңдету, студенттерді жеке шығармашылық ізденіске баулу және болашақ мамандарды отансүйгіштік пен патриоттық рухта тәрбиелеу.

Мақсат 1

Тәуелсіздік туралы білімді толықтыру.

Мақсат 2

Жеке шығармашылық ізденіске үйрету.

Мақсат 3

Отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеу.

I. Тарих қойнауынан сыр шертейік

Бейнебаян арқылы тарихқа шолу жасалып, тәуелсіздік жолындағы күрес кезеңдері еске алынады.

Тәуелсіздік туралы өлең

Автор: Батыр Нұрайым

Жағасына жауының жетіп қолы,
Тартып алған тәуелсіз күшпен өткен.
Тәуелсіздік — елімнің ерлік жолы,
Олжа емес салбырап түскен көктен.

Қайран қазақ елі… Жас ұрпаққа толық жеткізе алмаған, жан дүниеңді дір еткізетін сырға, мұңға толы тарихи парақтар әлі де көп. Оған куә — мына жатқан кең сары дала, заңғар таулар, өзен-көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер: мазарлар, қираған ежелгі қалалардың орындары.

Ғасырлар бойы ата-бабамыздың қаны тамған топырақтың исі аңқып тұр.

Слайдта: кең сары дала, заңғар таулар, өзен-көлдер, құм-шөлдер, тарихи ескерткіштер (мазарлар, қираған ежелгі қалалардың орны) көрсетіледі.

Тарихқа бір сәт шегініс

XV ғасырда қуатты Қазақ хандығы құрылды. Алайда тәуелсіз қазақ мемлекеті бейбіт өмір сүре алмады: ұлан-байтақ елге жан-жақтан көз тіккендер көбейді. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы халықты қан жылатып, ел «Ақтабан шұбырынды» атанған ауыр кезеңді бастан кешті. Жұрт Алқакөлге аялдап, қасиетті Қаратаудың баурайында бас қосты.

Слайдта: Қазақ хандығы және «Ақтабан шұбырынды» тақырыбындағы көріністер көрсетіледі.

Хормен

«Елім-ай»

XVIII–XIX ғасырларда халқымыз еркіндігі мен тәуелсіздігінен айырылды. Ұланғайыр даламыз империяның меншігіне айналып, ел басындағы қара тұман ұзақ серпілмеді.

1916 жылғы маусым жарлығына қарсы шыққан талай жан оққа ұшты, қаншама адам өз жерінде қырғын көрді.

Слайдта: 1916 жыл оқиғаларына қатысты суреттер көрсетіледі.

1917 жылдан кейін де бостандық бірден келмеді. Өз жерімізде қуғын-сүргінге ұшырап, мыңдаған адам ата жұртынан ауа көшуге мәжбүр болды.

1930–1933 жылдардағы алапат ашаршылықта 9 миллион халықтың 3 миллионы опат болды. Тағы аштық, тағы жалаңаштық, тағы өлім…

Слайдта: ашаршылық жылдарына қатысты суреттер көрсетіледі.

1937–1938 жылдар аралығында сталиндік репрессия талай зиялыны қынадай қырды. Елдің ертеңін ойлаған азаматтар «халық жауы» атанып, жазықсыз жапа шекті.

Слайдта: репрессия жылдарына қатысты суреттер көрсетіледі.

1 студент

Мағжан Жұмабаев — «Сағындым»

Оқитын: ___________________________

1941–1945 жылдардағы алапат соғыста қазақ жауынгерлері ерекше ерлік көрсетті.

Слайдта: 1941–1945 жылдар тақырыбындағы суреттер көрсетіледі.

1 студент

Сырбай Мәуленов — «Соғыс»

Оқитын: Бектілеуова Назерке

1986 жылғы Желтоқсан — намыс оянған күндер

1986 жылы желтоқсанда ел тарихында отты оқиға болды. Егемендікті аңсаған жастар ұлттық намыстың құдіретін әлемге паш етті.

Түн. Миллиондаған түндердің бірі секілді көрінгенімен, бұл түн өзгеше еді: қаланың әр тұсынан ұсталған жастар ұрып-соғылып, өлімші халге жеткізілді.

16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бірінші хатшы қызметінен босатылып, орнына Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Геннадий Колбин сайланды. Республика жұртшылығы үшін бұл тұлға бейтаныс еді. Алайда бұл тек сылтау ғана болатын: көп жыл бойы халықтың ой-санасына жиналған ауыртпалықтың шегі жетіп, арман мен ашыну бұрқ етіп сыртқа шықты.

Өз елінің тәуелсіздігін талап етіп шеруге шыққан жастарға «бұзақылар», «ұятсыздар», «нашақорлар» деген негізсіз айыптар тағылды. Алаңға шыққан халық қарулы күшпен басып-жаншылып, демонстрация аяусыз тоқтатылды.

II. Тәуелсіздік — тұғырым

Бұл бөлім концерттік бағдарлама форматында ұйымдастырылады.

Жүргізушілер

  • Шалабаева Мерей
  • Каримова Альфия

Көрнекіліктер

  • Шарлар
  • Маталар
  • Шамдар
  • Жалаушалар
  • Гүлдер
  • Слайдтар
  • Плакаттар

Ақпарат

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы — Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжінің арнаулы пән мұғалімі:

Әбілғазиева Қалжан Жақсықызы