Қалау рай
Ұйымдастыру және кіріспе
Сабақ басында сынып түгелденеді, оқу құралдары тексеріледі, оқушылардың назары сабаққа бағытталады.
Қызығушылықты ояту
Топтық жұмыс: «Галереяға саяхат»
- Тақтаға «ашық рай», «шартты рай», «бұйрық рай» деген плакаттар ілінеді.
- Үш топқа үш түрлі маркер беріледі. Әр топ өз тақырыбы бойынша білетінін мысалдармен жазады.
- Қол шапалақтағанда уақыт аяқталады. Топтар сағат тілімен келесі плакатқа ауысып, толықтыру енгізеді.
- Әр топтан бір оқушы жазылған ойларды қорғап шығады.
Мағынаны тану: ой қозғау
Сұрақтар
- Етістіктің рай категориясы дегеніміз не?
- «Рай» сөзі қандай сөздермен мәндес?
Рай түрлері
- Ашық рай
- Бұйрық рай
- Шартты рай
- Қалау рай
Қалау рай дегеніміз не?
Қалау — ниет, тілек деген мағынаны білдіреді. Сондықтан қалау рай іс иесінің қимылды, іс-әрекетті істеуге деген ынтасын, ниетін білдіреді. Бұл мағына нақты бұйрық ретінде емес, тілек-ықылас ретінде беріледі және белгілі тұлғалар арқылы жасалады.
Мысалдар
Менің жақсы оқығым келеді.
Сабақтан шыққан соң үйлеріңе аман жетсеңдер игі еді.
Қалау райдың жасалу жолдары
1) -ғы/-гі, -қы/-кі + тәуелдік жалғауы + кел көмекші етістігі
Етістікке -ғы/-гі, -қы/-кі жұрнақтары және тәуелдік жалғауы жалғанып, келеді көмекші етістігімен тіркеседі.
Менің теледидар көргім келеді.
Менің Астанаға барғым келеді.
2) -ғай/-гей, -қай/-кей + жіктік жалғауы
Етістікке -ғай/-гей, -қай/-кей жұрнақтары және жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалады.
Сен досыңа барғайсың.
Ол тезірек келгей.
3) -ғай/-гей, -қай/-кей + еді көмекші етістігі
Бұл тұлғалар еді көмекші етістігімен тіркесіп те қолданылады.
Мен оны көргей едім.
Ол барғай еді.
4) Шартты рай + екен
Етістіктің шартты рай тұлғасына екен сөзі тіркесіп, қалау рай жасалады.
Анам қаладан келсе екен.
Мен оны жақсы білсем екен.
Бекіту жұмыстары
Жіктелу
Қалау райының жіктелуі кесте арқылы түсіндіріледі. Оқушылар кестеге сүйеніп мысалдар келтіреді.
Кестеге сүйене отырып 159-жаттығу орындалады (тақтамен жұмыс).
- І топ: «Көргісі келеді»
- ІІ топ: «Орындағым келді»
- ІІІ топ: «Жазғайсың»
Ауызша тапсырма
158-жаттығу ауызша орындалады.
161-жаттығу: етістіктерді тауып, рай түрлеріне қарай талдау; морфологиялық талдау жасау және шығармашылық тапсырма орындау.
Мақал-мәтелдермен жұмыс (топтық тапсырмалар)
Әр топ берілген мақал-мәтелдерден етістіктерді тауып, райын анықтайды. Кейбір тапсырмаларда мағынасы ашылатындай шағын эссе жазылады.
І топ
- 1) Армансыз адам алысқа бармас.
- 2) Әркім қолда барын ұсынады.
- 3) Ұлық болсаң, кішік бол. (Мағынасы ашылатындай шағын эссе.)
ІІ топ
- 4) Көп ізденген адам көмбенің үстінен шығар.
- 5) Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. (Мағынасы ашылатындай шағын эссе.)
ІІІ топ
- 6) Болар адам он бесінде бас болар, болмас адам қырық бесінде жас болар.
- 7) Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер. (Мағынасы ашылатындай шағын эссе.)
Ойын: «Доп қағу»
Ойын ережесі
- І топ етістікті айтады да, допты ІІ топқа лақтырады.
- Допты қағып алған оқушы сол етістіктен қалау райлы сөйлем құрайды.
- Келесіде доп ІІІ топқа лақтырылады. Ойын осы тәртіппен жалғасады.
Үлгі
Ойна.
Мен шанамен ойнағым келеді.
Ол таза ауада ойнаса игі еді.
Сен онымен ойнағайсың.
Ой қорыту: «Ойлан, тап»
- Барлық шаққа ие болатын қай рай?
- І жақта айтылмайтын қай рай?
- Тәуелдік жалғауын керек ететін қай рай?
Сабақты бекіту
Етістік райларының мағынасы мен жасалуына қарай ерекше бір түрі — қалау рай. Ол іс иесінің іс-әрекетті қалауін, соған деген ынтасын, ниетін білдіреді.
Бағалау және үй тапсырмасы
Бағалау
Топтық жұмыс нәтижесі және жеке оқушылардың белсенділігі, жауаптарының толықтығы бойынша бағаланады.
Үйге тапсырма
Етістіктің райларын қамти отырып, «Менің арманым» тақырыбында шағын шығарма жазу.