Іздеуді жалғастыр

Тренингтің мақсаты

Өзін-өзі тануға қолдау көрсету, тұлғалық даму жолдарын табуға көмектесу, көңіл күй мен эмоцияны реттеу дағдыларын дамыту, сондай-ақ қатысушылар арасында байланыс пен өзара әрекеттесуді күшейту.

Өткізу формасы

Тренингтік жаттығулар, топтық жұмыс, талқылау

Сынып

9-сынып

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта, таратпа қағаздар, түрлі түсті қағаздар, карточкалар, плакат, қоқыс жәшігі

Тренинг барысы

1) Танысу жаттығуы

Қатысушылар шеңбер құрып отырады. Жүргізуші допты кезекпен ұсынады. Допты алған оқушы өз есімін айтып, өз бойындағы үш жақсы қасиетін атайды.

Өміршеңдік ережесі

Әр адамның ережесі — өз жүрек қалауымен жүру және батыл әрекет жасау. Иықты тіктеп, жарқын көңілмен ішкі сенімді күшейту үшін төмендегі тұжырымдарды хормен айтамыз.

  • 1Жігер деген — Мен
  • 2Күш деген — Мен
  • 3Махаббат деген — Мен
  • 4Кешірім деген — Мен
  • 5Құдірет деген — Мен
  • 6Жасөспірім деген — Мен
  • 7Жастық шақ деген — Мен
  • 8Денсаулық деген — Мен
  • 9Адалдық деген — Мен
  • 10Жарқындылық деген — Мен
  • 11Бар ғажайып деген — Мен

Хормен:

«Бәрі маған байланысты. Бәрі менің қолымда.»

2) «Мейірімділік алаңы» жаттығуы

Мақсаты

Өз бойындағы жақсы және жағымсыз қасиеттерді анықтау, ішкі жағымсыз сезімдерді сыртқа шығаруға мүмкіндік беру.

Өткізу тәртібі

Әр адам «сиқырлы жасыл айнасыз-ақ» өз бойындағы қасиеттерді біледі. Қатысушылар түрлі түсті қағаздан жасалған гүлге өздерінің жақсы қасиеттерін «+» белгісімен жазады да, табиғат суреті бар плакатқа жапсырады.

Ал жағымсыз қасиеттерін «–» белгісімен «арамшөпке» (қағазға) жазып, умаждап қоқыс жәшігіне тастайды. Бұл әрекет — қажетсіз ойлар мен күйзелістерден символдық түрде арылу.

3) «Менің көңіл күйім қандай?»

Оқушылар өз көңіл күйіне сәйкес келетін суретті таңдап (қуанышты, көңілсіз, ренжіген, қорыққан және т.б.), сол сәттегі сезімін қысқаша баяндап береді.

Көңілді Көңілсіз Ренжіген Қорқынышты Уайым

4) «Ақиқат орындығы»

Мақсаты

Қорқыныш пен стресс сезімдерін жеңілдету, ашық сөйлесуге шақыру, өз ойын қауіпсіз ортада айтуға мүмкіндік беру.

Нұсқау

Топтың ортасында аяқталмаған ойлары бар карточкалар болады. Қатысушылар кезекпен ортаға шығып, бір карточканы таңдап, сөйлемді аяқтайды.

  • Ең үлкен қорқыныш — бұл…
  • Мен мынадай адамдарға сенбеймін…
  • Мен ренжимін, егер…
  • Мен ұмытпаймын, егер…
  • Маған көңілсіз, егер…
  • Егер маған дауыс көтерсе, мен…
  • Мен қарсыласқанда…
  • Егер мен өзіме сенімсіз болсам…

Талқылау сұрағы

«Сөйлемді аяқтағанда қандай сезімде болдың?» Әрқайсымыз қорқыныш, сенімсіздік, сәтсіздік сезімдерін бастан өткереміз. Мұндай сәтте қолдау мен сүйеніш қажет.

5) «Менің таңбам» (жеке эмблема)

Ертеде (әсіресе XV ғасырдың екінші жартысында) Еуропада адамдар қоғамдағы орнын, отбасының жетістігін және жеке ерекшелігін көрсету үшін эмблема қолданған. Таңбаның негізгі бөлігі — қалқан, ол қиын сәтте қорғаныш пен тірек ұғымын білдіреді.

Тапсырма

Әр қатысушы 5 бөлікке бөлінген таңба үлгісін алады. Әр бөлікке сөз, сурет немесе символ арқылы төмендегілерді бейнелейді:

  1. 1Мен не істей аламын?
  2. 2Өзімді жақсы сезінетін ортам (отбасы, мектеп, достар және т.б.)
  3. 3Ең үлкен жетістігім
  4. 4Сенетін үш адам
  5. 5Өзім туралы естігім келетін үш сөз

Өзіңді қолдау үшін қысқа еске салғыш

  • Ішің пысқанда — өзің жақсы істей алатын әрекетті еске түсір.
  • Өзіңді жалғыз сезінсең — ойыңды бөлісе алатын адамдарды еске ал.
  • Жетістіктеріңді еске түсіріп, келесі қадамыңды сеніммен жоспарла.
  • Өзіңе жайлы, тынығатын орынды ойша елестет.
  • Көңілің түссе, ренжісең немесе қорықсаң — өзің туралы естігің келетін үш сөзді дауыстап айт.

6) «Итке көмектесейік» (аяушылық қабілеті)

Мақсаты

Қатысушының жақынына көмектесуге қаншалықты дайын екенін байқау, жанашырлықты дамыту.

Нұсқау

Қағазда иттің суреті беріледі. Оның бақытты болуы үшін бір нәрсе жетіспейді. Иттің қасына өз ойың бойынша оның көңіл күйін көтеретін кез келген нәрсені салып толықтыр. «Бұл оған жараспайды» немесе «оған керек емес» деген ойлар кедергі болмасын — қиялыңды еркін қолдан.

7) «Іздеуді жалғастыр!»

Қатысушылар шеңбер бойымен отырады. Бір ойыншы бөлмеден шығады. Қалғандары бір затты жасырады. Ойыншы қайта кіріп, затты іздейді. Барлығы «Жалғастыр, жалғастыр, жалғастыр!» деп өлеңдетіп айтады: ойыншы жасырылған жерден алыстаған сайын — дауысы қаттырақ, жақындаған сайын — жайырақ болады. Зат табылғанша ойын жалғасады.

8) «Саңырау телефон»

Барлық оқушы шеңбер бойымен отырады. Жүргізуші бірінші оқушының құлағына қысқа сөйлемді сыбырлайды. Ол келесі оқушыға жеткізеді, осылайша соңғы оқушы естігенін дауыстап айтады. Соңында мағына қалай өзгергенін талқылайды.

Мысал сөйлем

«Мен өмірге келгеніме қуанамын. Мен болашақта мықты маман боламын. Ата-анамның үмітін ақтаймын».

9) «Күн шуағы» (үндеу)

«Мен өмірді таңдаймын» деген ойды негізге алып, мектеп оқушыларына үндеу жасаймыз. Әр қатысушы өз ойын жазып, күннің сәулелері ретінде плакатқа іледі. Күн — денсаулықтың, қуаныштың және жылылықтың символы.

Сендер — еліміздің болашағысыңдар. Ертеңгі күннің бағыты сендердің қандай азамат болып қалыптасқандарыңа байланысты. Бұл сөз пафосты естілгенімен, мәні шынайы: мемлекетті құрайтын — адам, ал ертең әрқайсың өз мамандығың арқылы қоғамға үлес қосасыңдар.

10) «Сыйлық» жаттығуы

Мақсаты

Оқушылардың өмірге ынтасын арттыру, өздерінің адамдарға және қоғамға қажет екенін сезіндіру (ата-ана, туыс, дос және т.б.).

  1. 1 Әр бала өзінің кімге қажет екенін және не үшін маңызды екенін айтады.
  2. 2 Өзі жақсы көретін адамға «сыйлықты» қимыл-ым арқылы көршісіне ұсынады. Көршісі оны қабылдап, алғыс білдіреді.

Қорытынды

Өмірде ақ пен қараның қатар жүретіні белгілі. Осы шағын жұмыс арқылы адалдықтың, ақтық пен пәктіктің әрқашан жеңіске жететіні туралы ойды бекітеміз.

Шағын көрініс идеясы

«Ақ» бейнесіндегі оқушы «қара» бейнелерін жеңіп шыққаннан кейін қатысушыларға және тыңдаушыларға жылы лебіз, бақыт, денсаулық, мейірім және күлкі тілеп, жағымды сөздер сыйлайды.

Автор

Мекеме

№100 орта мектеп

Лауазымы

Педагог-психолог

Аты-жөні және орналасқан жері

Жанабилова Айнұр — Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Ақсуат ауылы