Төрт түлік малды ата
5-сынып
Сабақ тақырыбы: Ұлттық ойындар
Сабақ мазмұны ұлттық ойындардың мәнін түсіндіруге, сөздік қорды кеңейтуге және оқушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Оқушыларға жаңа сөздерді меңгерту және оларды дұрыс айтуға жаттықтыру.
Дамытушылық
Логикалық ой-өрісін кеңейту, сабақ үстінде сөйлеу қабілетін қалыптастыру.
Тәрбиелік
Қазақтың салт-дәстүрін құрметтеуге және сақтауға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер мен ресурстар
- «Қыз қуу» ойынын бейнелейтін сурет.
- Ұлттық ойындар туралы слайд-суреттер.
- Үлестірмелі карточкалар (тапсырмалар мен сұрақтар).
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Сабаққа дайындық, назар аударту және оқу мақсатын қысқаша таныстыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Өткен сабақты пысықтауға арналған сұрақтар
- • Төрт түлік малға нелер жатады?
- • Бұл үй жануарларын неліктен «төрт түлік» деп атаған?
- • Төрт түлік туралы қандай тақпақтар білеміз?
- • Төрт түліктің төлдерін қалай атайды?
Қайталау
Оқушыларға тест сұрақтары таратылып, қысқаша қорытынды жасалады.
III. Жаңа сабақ
1) Ұлттық ойындар туралы түсінік
Ұлттық ойындар адамды жылдамдыққа, ептілікке, ойлау қабілетін дамытуға, өнерлі болуға және күшті болуға баулиды. Сабақта интерактивті тақта арқылы мәтіндер оқылып, ойын түрлерімен таныстырылады.
Тоғызқұмалақ
Тоғызқұмалақ — шахматқа ұқсас, ежелгі зияткерлік ойын. Ойынға екі адам қатысады. Ағаш тақтадағы арнайы ұяларға құмалақ салып ойнайды. Ережесі нақты бекітілген. Бұл ойын үлкен шеберлікті, терең ойлануды, айла-тәсілді қажет етеді және математикалық есепке құрылған күрделі ойын болып саналады.
Ақ сүйек
Ақ сүйек ойынын, әдетте, тойға жиналған жастар жаздың айлы түнінде ойнаған. Басты шарт — лақтырылған ақ сүйекті бәрі бірге іздеп тауып әкелу. Іздеу барысында бозбала мен бойжеткен сырласып, көңілдегі құпияларын бөлісетін дәстүр болған.
Көкпар
Көкпар үлкен тойда немесе аста ұйымдастырылған. «Көкпар тартылады» дегенді естіген көкпаршы жігіттер аттарын алдын ала баптаған. Той немесе ас иесі ойынға арнайы бір серке шығарады. Көкпаршылар екі топқа бөлініп, серкені тартысады. Бұл — ерекше қайрат-күшті және амал-тәсілді талап ететін, аса қызықты әрі күрделі ойын.
Қыз қуу
«Қыз қуу» ойынында ұлттық киім киген қыз бен жігіт жүйрік атқа мініп, бірін-бірі қуады. Қыз қашады, жігіт қуып жетсе — қыздың орамалын алады немесе бетінен сүйеді. Егер жігіт жете алмаса, қыз оны қамшымен ұрады.
2) Оқулықпен жұмыс
- •Мұғалім мәтінді оқиды.
- •Оқушылар мәтінді дауыстап оқиды.
- •Сөздікті пайдаланып, аударма жасайды.
- •Жаңа сөздермен сөйлем құрайды.
- •Сұрақтарға жауап береді.
3) Үлестірмелі карточкалар
Оқушыларға карточкалар арқылы деңгейлік тапсырмалар беріледі.
4) «Қыз қуу» ойынын сабақта қолдану (сұрақ-жауап сайысы)
Бір қыз және бір ұл кезекпен мұғалім дайындаған сұрақтарды суырып, жауап береді. Кім көп дұрыс жауап берсе, «аты алға озған» ойыншы жеңімпаз атанады.
- Әнұранның авторлары кім?
- Қазақ тілінде неше жалғау бар?
- Иелік форма қалай жасалады?
- Зат есім дегеніміз не?
- Төрт түлік малды ата.
- Дауысты дыбыстар нешеге бөлінеді?
- Өзің туралы айт.
- Сөз құрамы неден тұрады?
- Досың туралы айт.
- Дауыссыз дыбыстар нешеге бөлінеді?
- Көптік жалғауларын ата.
- «Кітап» сөзін септе.
- «Отан» сөзін тәуелде.
- Абай Құнанбаев кім?
- Есімдік дегеніміз не? Түрлерін ата.
IV. Сергіту сәті
«Тоғызқұмалақ» сөзіндегі әріптерді пайдаланып, жаңа сөздер табу. Мысалы: тоғыз, құмалақ, мал, т.б.
V. Сабақты қорытындылау
- • Оқушылардың ұлттық ойындар туралы түсінігін қазақша және орысша қысқаша пысықтау.
- • Мұғалім дайындаған тест сұрақтарына ауызша жауап алу.
VI. Бағалау
Оқушылардың сабақтағы белсенділігі, жауаптарының дұрыстығы және тапсырмаларды орындауына қарай бағалау жүргізіледі.
VII. Үй тапсырмасы
Ұлттық ойын түрлерін оқып, біліп келу.