Ұстаз деген ұлағатты бір сөзден
Сезімге толы сырлы қоңырау
Бұл мәтін — соңғы қоңырауға арналған салтанатты жиынның сахналық сценарийі. Мұнда мектептің әр кезеңі: балалықтың алғашқы қадамдары, жасөспірімдік шақ, ұстазға құрмет, ата-ана батасы және тәуелсіз елдің рәміздеріне тағзым бір арнаға тоғысады.
Ескерту
Сахналық ремаркалар (фон музыка, қоңырау үні, би, хор, т.б.) сақталып, сөйлем құрылымы түзетілді, сөз қолданысы біріздендірілді.
I-кезең. Көрініс
Фон: музыка. Сахнаға бала жетектеген әже мен ата қарама-қарсы келіп кездеседі. Әже иіліп сәлем береді.
Ата
– Келін-ау, жағдайың қалай? Мал-жан аман ба? Немереңді білім ошағына алып келе жатқан сияқтысың, талабы оң болсын.
Әже
– Әумин, дәу қайын аға. Сіздің де немереңіз ат жалын тартып мінер шаққа келген, үлкен азамат болыпты. Ұзағынан сүйсіндірсін.
Ата
– Е, е, елінің ертеңін ойлар ойлы азамат болсын деген ниетіміз бар. (Қоңырау соғылады.) Ендеше, айналайындарды аялы алақанымен аялайтын апайының қолына тапсырайық.
Апай
– Сәлем бердік, ақ жаулықты аналар, ел ардағы ақсақал аталар.
Ата
– Балам, «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» дейді. Заман ағымына сай саналы азамат болып өссін деген ниетпен өздеріңнің қолдарыңа бердік. Білім ұясынан білім алсын.
Дауыс бір сәтке бәсеңдейді. Фон музыка жалғасады.
Сахналық көріністер тізбегі
- Алғашқы білім туралы өлең оқылады.
- 4–6 оқушы би билеп шығады (2–3-сынып оқушылары).
- Көріністер: бірі кітап оқиды, бірі сурет салады, екеуі тақтаға әріптер жазады, екеуі асық ойнайды. (Слайдта 2–3-сынып суреттері көрсетіледі.)
- «Жалқаубек» өлеңі қосылады. 5–6-сынып оқушылары әзілі аралас қылықтармен сахнаға шығады (бірін-бірі қуып, тряпка лақтырып, жүгіріп жүреді).
- Қыз бен жігіт көрінісі: сезім, алғашқы ұяң махаббат (8–9-сынып).
- Сыйластық пен білімге дайындық көрінісі (10-сынып).
Ұстаз туралы өлең
Екі жүргізуші сахнаға шығып, мектеп, ұстаз, білім туралы 3 шумақ өлең оқиды. 1 шумақтан кейін 2–3 оқушы ұстаздарын әкеліп, орындыққа отырғызады.
Ұстаз деген ұлағатты бір сөзден,
Жүрегінің жылылығын мен сезгем.
Ұстаз атын биік қойып келемін,
Қолға кітап, қалам алған сол кезден.
Күн нұрындай сәуле шашқан ғаламға,
Ұстаз аты – әрқашан да санамда.
Ұстаз сөзі – мейірім төккен ең алғаш,
Оған-дағы, саған-дағы, маған-да.
Асыл ұстаз, мен өзіңе – балдырған,
Кесе өтпеймін әлі күнге алдыңнан.
Мен өзіңе өмір бойы қарыздар,
Шәкіртіңмін жүрегіңе табынған.
Өлеңнен кейін оқушылар екі жаққа бөлініп тұрады. Жүргізушілер сахнаға қайта шығады.
II-кезең. Салтанатты бөлім
1-жүргізуші
Армысыздар, құрметті ата-ана, ұстаздар! Той-жиынсыз өмірдің мәні болмас. Арамыздан талпынып қақты қанат, 11 жылда оң-солын таныған жас.
2-жүргізуші
Міне, тағы да бір оқу жылы аяқталып, мектебіміздің жиырма үш түлегі жаңа өмірге қадам басқалы тұр.
Тәуелсіздік туралы жыр
Тәуелсіздік – тірегім, алмас үнді,
Тәтті үміт халқымның сан ғасыры.
Көк байрақты, кемеңгер, кемел ойлы,
Келбетіңнен көремін жалғасымды.
Тәуелсіздік – қыраның, қалықтаған,
Алты Алаштың көгінде шарықтаған.
Көптен күткен халқымның сәбиісің,
Әлдилеген құшақта алып далам.
Тұғырыңды шыңдағы таныт маған,
Көк байрағым, желбіре — шабыттанам!
Мемлекеттік ту және Әнұран
Назар аударыңыздар! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы кіргізілуге дайындалсын. ҚР Мемлекеттік туы кіргізілсін.
Ту әкелінеді. Әнұран орындалады.
Мектеп басшысына сөз
Жас болса да мектебіме бас болған, Ғалымбек ағай үміт күтеді жастардан. Мектебімнің қиынына көнеді, табыстарға мәз-мейрам боп жүреді. Кешімізді ақ тілекпен ашсын деп, шәкірттеріңіз сөз кезегін береді.
Мектеп басшысы Сейсенов Ғалымбек ағай құттықтау сөз сөйлейді.
Музыкалық сәлем: «Шашу» биі.
Қонақтарға сөз беріледі.
Құттықтаулар және марапаттау
- Аудандық білім беру бөлімінің өкіліне құттықтау сөз беріледі.
- Ауыл әкімдігі тарапынан ұстаз-азаматқа және қадірлі қонақтарға арнау сөз айтылады (Бибісара апайдың арнауы).
- 2010–2011 оқу жылы қорытындысы туралы мектеп бұйрығы оқылады. Сөз оқу ісі жөніндегі орынбасар Ағыбай Асылбек Әбдіғалымұлына беріледі. Грамоталар тапсырылады.
- Назар аударыңыздар! ҚР Мемлекеттік туы шығарылуға дайындалсын. Ту шығарылып, әкетіледі.
III-кезең. Алғыс, аманат, соңғы қоңырау
Алғашқы ұстазға құрмет
Әлі есімде әліппені ашқаным,
Есіміңді мәңгі есте сақтадым.
Жүрегіме нұрын құйған жылылық,
Көрген емес ешқашан да суынып.
Кеш бүгінгі жүректерді тербейді,
Балалығым қайта айналып келмейді.
Алғашқы ұстаз әліппені ұстатқан,
Жүректерден есімдерің сөнбейді.
Алғашқы ұстаз Оразымбетова Зибагүл апай сахнаға шығып сөйлейді.
Музыкалық сәлем: алғашқы ұстаз туралы ән.
Бүлдіршіндер құттықтауы
Абзал жандар, биік тұлға, байсалды — құшақ жайып төл мерекең қарсы алды. Түлектерге жарқын тілек білдіріп, құттықтайды бүлдіршіндер баршаңды.
1-сынып оқушылары сахнаға шығып, тақпақтарын айтады.
Музыкалық сәлем: 1-сынып ән жолдайды.
Түлектердің алғысы
11-сынып оқушылары сахнаға шығып, 1-сынып оқушыларының арасына кіріп, мұғалімдерге арнау өлеңдерін оқиды. Дүйіс Ақтолқын жанындағы 1-сынып оқушысын қолынан ұстап, бір қадам алға шығып, түлектер атынан құттықтау сөз сөйлейді және 1-сыныпқа сыйлық тапсырады.
1-сынып сахнадан шығады, 11-сынып өз орнына барып тұрады.
Музыкалық сәлем: «Мектеп вальсі».
Ата-анаға сөз
Балбөбекке өмір нұрын сыйлаған,
Әлдиімен бар ғұмырын арнаған.
Баласының болашағын ойлайтын,
Ата-ана — әлемдегі сыйлы адам.
Жақсы шәкірт азамат аталады,
Халқынан, ата-анадан бата алады.
Ұрпағына айтсын деп ақ тілегін,
Ортаға шақырайық ата-ананы.
Екі ата-ана ортаға шығып, ақ тілегін білдіреді.
Музыкалық сәлем: ана туралы ән.
Ту табыстау және «Білім кілті»
Құрметті қауым, дәл қазір «Жас ұрпақ» қоғамдық оқушылар ұйымының туын 10-сынып оқушылары апаларынан қабылдап алады. Мектепішілік ұйымның президенті Жүсіп Гүлсая өз ізбасары Әбиболла Азаматқа туды табыстайды.
«Білім кілтін» Әділбай Ботакөз 1-сынып оқушысы Мейірімжанова Құралайға тапсырады.
Мектеп туы
Тапсырушы: Жүсіп Гүлсая
Қабылдаушы: Әбиболла Азамат
Білім кілті
Тапсырушы: Әділбай Ботакөз
Қабылдаушы: Мейірімжанова Құралай
Сынып жетекшісіне сөз
Сыныпты келдің басқарып,
Көрмедің ойлап бас қамың.
Шәкірттер жатыр ұшқалы,
Өмір дегенің — қас-қағым.
Бірге өткізген күндерін қыс-жазында,
Жазып шықты қаншама іс қазына.
Балапанын ұшырған ұясынан,
Сөз берейік жетекші ұстазына.
Сынып жетекшісі Нұрмағанбетова Жанар ортаға шығып сөйлейді.
Одан кейін жетекші ұстазға арнау әні орындалады.
Соңғы қоңырау
Қадірменді халайық, бүгінгі мерекеміздің жүрек толқытатын сәті де таяп қалды. 2010–2011 оқу жылының соңғы қоңырауын соғу құрметі 11-сынып оқушысы Алтынбек Тұрсынханға және 1-сынып оқушысы Әлібай Гүлназымға беріледі.
Алыстан соңғы қоңыраудың үні естіледі.
2-жүргізуші
Толқытып бір сәтке көңілді,
Ең соңғы қоңырау соғылды.
Жан-жаққа аттандық, достарым,
Жасауға өзіміз өмірді.
1-жүргізуші
Өмірдің секілді көктемі —
Барады осы шақ өткелі.
Барамыз біздер де бір жүрген
Достардан бөлініп кеткелі.
2-жүргізуші
Бұл шақтың жарқын да жайдары,
Көп еді қызықты жайлары.
Амал не, айырды бізді одан,
Шақырып болашақ алдағы.
1-жүргізуші
Ең соңғы қоңырау естілді,
Өткіздік қалай біз сан жылды.
Ажырар кез келді сендерден,
Қош болып тұрыңдар, дос-құрбы.
Соңғы қоңырау соғылады.
Музыкалық сәлем: хор — «Ұстазым» әні.
Қорытынды
Сонымен, 2010–2011 оқу жылын аяқтағалы отырған түлектердің ұйымдастыруымен өткен «Сезімге толы сырлы қоңырау» атты салтанатты жиынымыз аяқталды.
Қош сау болыңыздар!