Дұшпаныңа әділ бол
Сабақтың тақырыбы: Абай
Сынып сағатының мақсаты
- Бастауыш сыныптарда өтілетін Абай шығармалары арқылы мәтін мазмұнын терең түсінуге және одан үлгі-өнеге алуға баулу.
- Абайдың балалық шағындағы білім мен ғылымға құштарлығын үлгі етіп, оқушылардың қызығушылығын ояту.
- Кішіпейілділік, тазалық, әдептілік, достық, жақсылық, имандылық, инабаттылық, елін-жерін сүю — адамгершіліктің негізгі ұстанымдары екенін ұғындыру.
Көрнекіліктер
- Плакат
- Қанатты сөздер
- Мақал-мәтелдер
Сабақтың барысы
Ұйымдастыру кезеңі
Бүгін біз қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, ойшыл Абай Құнанбайұлы туралы әңгімелейміз. Ол 1845 жылы тамыз айында қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Семей өңіріндегі Шыңғыстау маңында, Қасқабұлақ атты көркем қоныста дүниеге келген. Ел молдасы азан шақырып, баланың атын Ибраһим қойған.
Абайдың өсиет сөзі
Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба. Құмарланып шаттанба, Ойнап, босқа күлуге. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол; Адам болам десеңіз, Тілеуің, өмірің алдында, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ — Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой — Бес асыл іс көнсеңіз…
Бұл жолдар адамды адам ететін ең асыл қасиет — адамгершілік екенін айқын көрсетеді.
Бөлтірік Әлменұлының тағылымы
Үлкен алдында иіліп сөйле, Кіші алдында сызылып сөйле. Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді, Сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді.
Қара сөзден ой түю
Абай адам баласын қор қылатын үш нәрсені атап көрсетеді: надандық, еріншектік, залымдық.
- Надандық
- Білім мен ғылымның жоқтығы. Білімсіздік адамды төмендетіп, хайуандыққа жетелейді.
- Еріншектік
- Өнер мен еңбектің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — осыдан туындайды.
- Залымдық
- Адам баласының жауы. Залымдық адамды адамдықтан алыстатып, қатыгездікке итермелейді.
Сұрақ
Жақсы адам қандай болады? Адамгершілік қандай қасиеттерден көрінеді? (қамқорлық, ақылдылық, батылдық, әділдік, ер мінез, жауапкершілік)
Досыңа достық — қарыз іс, Дұшпаныңа әділ бол!
Яғни адамға әрдайым жақсылық жасап, әділдікті ту ету қажет.
«Кім жылдам?» — мақал-мәтел сайысы
Төмендегі мақал-мәтелдердің мәнін түсіндіріп, өмірмен байланыстырып көрейік:
- 1. Жаман — бұзар, жақсы — түзер.
- 2. Адам болатын бала алысқа қарайды.
- 3. Сыйласаң, сыйымды боларсың.
- 4. Жаманға жан жуымас, жалқауға мал жуымас.
- 5. Әдепсіз өскен адамнан, тәртіпті өскен тал артық.
- 6. Су ішкен құдығыңа түкірме.
- 7. Тәрбиелі кісі қант қосқан жармадай, тәрбиесіз кісі шаң боратқан арбадай.
- 8. Тәрбиесіз наданнан, үйретілген хайуан артық.
- 9. Ыстықтан ет күйеді, ұяттан бет күйеді.
- 10. Жолдың қамысы болмайды, жаманның намысы болмайды.
- 11. Ақыл — дос, ашу — дұшпан, ақылыңа ақыл қос.
- 12. «Сіз» — сыпайылық, «сен» деген — анайылық.
Түйін
Адамгершіліктің бір қыры — еңбекті бағалау және тазалықты сақтау. Сондықтан өз еңбегімізді де, өзгенің еңбегін де құрметтеу — маңызды міндет.
Абай — аудармашы
Абай әлем әдебиетінің таңдаулы шығармаларын қазақ тіліне шебер жеткізуді мақсат етіп, терең оймен әрі зор ықыласпен аудармаға кіріскен. Оның аудармашылық өнері кейінгі ұрпақ үшін баға жетпес шеберлік мектебі болып қалды.
«Шегіртке мен құмырсқа» мысалы
Бұл мысалда шегіртке мен құмырсқа арқылы адамның жақсы-жаман мінезі көрсетіледі. Жаз бойы ән салып, ойын-сауықпен уақыт өткізген шегіртке күз келгенде қиындыққа тап болады. Ал еңбекқор құмырсқа — жинақылық пен жауапкершіліктің үлгісі.
Абайдың қара сөздері
Абай өмірінің соңғы он шақты жылында толғандырған мәселелерін қара сөзбен қағазға түсіруді дағдыға айналдырған. Қара сөздерінің саны — 45. Көлемдері шағын, бір бетке де толмайтындары бар.
Онда өмірдің мәні, адамгершілік, адалдық, білім, тәрбие, еңбек, өнер, дін және имандылық туралы тағылымды ойлар айтылады.
Нақыл сөздер (оқушылар кезекпен)
- 1. Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез.
- 2. Адам баласына адам баласының бәрі — дос.
- 3. Досыңа достық — қарыз іс.
- 4. Дұшпаныңа әділ бол.
- 5. Адал еңбекпен мал іздемек — арлы адамның ісі.
- 6. Еңбексіз мал дәметпек — қайыршылық.
- 7. Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
- 8. Атаңның ұлы болма, адамның ұлы бол.
- 9. Пайда ойлама, ар ойла.
Ойын: «Мен қандаймын?»
«Гүлге жазу» тапсырмасы: әр оқушы өзіне баға беріп, бойындағы жақсы қасиеттерін және жақсартқысы келетін тұстарын қысқаша жазады.
Қорытынды
Бүгінгі сабақтан алған басты ой: адамдықтың өзегі — адамгершілік. Оны білімге ұмтылу, еңбекқорлық, әділдік, әдеп, тазалық, мейірім мен жауапкершілік арқылы нығайтамыз.
Сұрақтар
- Адамгершілігі мол адам деп кімді айтамыз?
- Адамгершілікке қандай қасиеттерді жатқыздық?
Тілек
Адамгершілікті, әдепті болыңдар. Бұл сабақ сендер үшін өмірлік сабаққа айналсын!