Қай әріпті жоғалттым
Сабақтың тақырыбы
«Ф» дыбысы және әрпі
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Оқушыларды «Ф» дыбысы мен әрпімен таныстыру, оның сөз ішіндегі ерекшелігін меңгерту.
Дамытушылық
Сөйлеу мәнерін, байланыстырып сөйлеу дағдыларын, сөздік қорын және топпен жұмыс жасау қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелік
Отанын, елін, жерін сүюге тәрбиелеу. Ұқыптылыққа, сауатты жазуға және дұрыс оқуға дағдыландыру.
Сабақ туралы қысқаша
- Сабақтың түрі
- Жаңа білім беру
- Әдістері
- Сұрақ-жауап, әңгімелеу, ойын, мадақтау, СТО стратегиялары
- Көрнекіліктер
- Суреттер, дыбыстық белгілер, кеспе әріптер, буындар, үлестірмелер, интерактивті тақта, слайдтар
- Пәнаралық байланыс
- Тіл дамыту, дүниетану
Сабақтың жүру барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
А) Оқушыларды түгендеу, сабаққа дайындығын тексеру.
Үлкенге де сіз, Кішіге де сіз, Сәлем беріп сіздерге Бас иеміз біз.
Ә) Психологиялық дайындық. Бүгін сабағымызға қонақтар келді, сондықтан сабағымыз ерекше өтеді. «Келгенше қонақ ұялады, келген соң үй іші ұялады» демекші, ұятқа қалмайық.
Б) Ой ашар. Бір-бірімізге сәттілік тілейміз.
Қайырлы таң, достым, Қайырлы күн болсын. Сәрсенбінің сәті Сәттілікке толсын. Біздің алар бағамыз Кіл бестіктер болсын.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- А) Ой сергіту: «Сөз ойла, тез ойла» ойыны (В дыбысына сөздер ойлау). Үш топқа бөлініп жарысу.
- Ә) «Вокзал» мәтінін тізбектей оқыту, мазмұнын түсіндіру, түсінігін сұрау.
- Б) Өткен дыбыстарды еске түсіру: дауысты және дауыссыз дыбыстарды ажырату.
III. Жаңа сабақ: қызығушылықты ояту
А) Жұмбақтарды оқып, шешу:
- Қыста дем алып, жазда тынбайды, Көкке атылып, жерге құлайды. (фонтан)
- Өңкей сығай екі топта, Таласып жүр бір допқа. (футболшы)
- Жасыл желек көгалда, Бірде артқа, бірде алға, Желаяқ көп бала таласып жүр бір шарға. (футболшылар)
Қорытынды сұрақтар: бүгін біз қандай дыбыспен танысамыз? Ол қандай дыбыс? Неліктен дауыссыз? «Ф» дыбысын дыбыстар үйіне орналастыру.
«Ф» әрпінің баспа және жазба түрімен таныстыру.
Ә) «Ф» әрпіне байланысты суретпен жұмыс: суреттен «Ф» дыбысы бар сөздерді табу, дыбыстық талдау жасау, буынға бөлу. «Ф» дыбысының сөздің басында, ортасында, соңында кездесетінін анықтау.
«Ф» дыбысынан басталатын адам аттарына мысал келтіру.
Ежелгі Отырар қаласында өмір сүрген қазақтың ұлы ойшылы әрі математик ғалымы Әл-Фараби туралы қысқаша мәлімет беру.
Әлемге аты тараған, Отырарда тұрағы. Әл-Фараби — дана адам, Ілімнің сөнбес шырағы.
IV. Сергіту сәті
Футбол деген ойынға Барлық бала құмар-ақ. Бірақ жолдың бойында Доп теппеңдер қуалап.
V. Кітаппен жұмыс
- А) «Ф» дыбысы бар сөздерді оқу, сурет бойынша әңгімелеу. Сөздерді буындап, тұтас оқуға үйрету. Түсініксіз сөздерге талдау жасау.
- Ә) Интерактивті тақтадан телефон түрлерін көрсету және талқылау.
- Б) «Фабрика» суретімен жұмыс: тірек сөздерді пайдаланып сөйлемдер құрату. Аяқкиім түрлерін анықтату.
VI. Жазу дәптерімен жұмыс
А) «Ф ф» әрпінің жазба түрімен таныстыру:
«Қос бүйірін таянып, тұратұғын қай әріп?»
- Ә) Баспа және жазба түрлерін салыстыру.
- Б) Тақтада жазылуын көрсету және түсіндіру.
- В) Әріпті ауада жазып көру, кейін дәптерге жазу.
Сергіту сәті: 1, 2, 3 — бойға жинап күш. Қолға қалам аламыз, Әсем етіп жазамыз.
- Г) Дәптермен жұмыс: дұрыс отыру ережесін сақтау.
- Ғ) Бір жол кіші әріп, бір жол бас әріп жазу.
VII. Шығармашылық тапсырмалар
А) Буынға бөлу және дыбыстарды ажырату
Сөздерді сызықшамен буынға бөліп көрсет. Дауысты дыбыстардың астын бір белгімен, дауыссыз дыбыстардың астын басқа белгімен белгіле:
футбол ферма телефон фабрика
Ә) Әріп санын анықтау
Сөзде неше әріп бар екенін цифрмен көрсет:
туфли фирма факс физика марафон
Б) Ойындар
- «Қай әріпті жоғалттым?» ойыны
- «Қай буынды жоғалттым?» ойыны
- «Адасқан әріптер» ойыны: ф м а с б т к р о н е
VIII. Сабақты бекіту
«Жалғасын тап» ойыны: шарларға буындар жазылады. Шар ұстаған оқушы өз шарындағы буынның жалғасын тауып, сөз құрайды.
IX. Сабақты қорытындылау
- Қандай жаңа дыбыспен таныстық?
- «Ф» дыбысы қандай дыбыс?
- «Ф» дыбысы сөздің қай жерлерінде кездеседі?
- «Ф» дыбысы бар сөздерге мысал келтір.
X. Марапаттау
Белсенді қатысқан оқушыларды мадақтау, жетістігін атап өту.
XI. Үйге тапсырма
«Ф» дыбысы берілген бетті оқу.