Бастапқы түбір күйін сақтап айтылатын біріккен сөздер

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Шарпекова Акмарал

Пән: Қазақ тілі

Сынып: 6-сынып

Сабақтың тақырыбы: Біріккен сөздер туралы түсінік және оның жасалу жолдары

Сабақтың мақсаты

Біріккен сөздер туралы жалпы түсінік беру және оның күрделі сөздің басқа түрлерінен ерекшелігін таныту.

Білімділік мақсаты

Оқушылардың теориялық және іс-тәжірибелік (практикалық) білім деңгейін анықтау.

Тәрбиелік мақсаты

Оқушыларды өздігінен ой еңбегімен шұғылдануға және шапшаңдыққа баулу.

Танымдық мақсаты

Оқушылардың сауаттылығын арттыру, тілін дамыту, таным көкжиегін кеңейту.

Дамытушылық мақсаты

  • Оқушылардың сөйлеу мәнерін және логикалық ойын дамыту.
  • Шығармашылық ізденіс қабілетін дамыту, ойлау белсенділігін арттыру.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақтың түрі: Дамытпалы оқыту

Сабақ типі: Жаңа сабақ

Өту әдісі: Ж. А. Қараевтың педагогикалық технологиясы

Көрнекіліктер

  • Белсенді тақта
  • Жұмыс дәптері
  • Сөздіктер

Сабақтың барысы

I. Жаңа тақырыпты меңгерту

Мұғалімнің нұсқауы: Біздің сыныпта 6 оқушы бар. Сендердің әрқайсыңның есімдерің бар. Мысалы, Аружан, Айымжан, Қалқажан сияқты есімдер неше түбірден құралады?

  1. 1. Араларыңда екі түбірден құралған адам аттары бар ма?
  2. 2. Бұл сөздер неше ұғымды білдіреді?
  3. 3. Облысымызда немесе республикамызда екі түбірден құралған қандай қала аттарын білесіңдер?
  4. 4. «Гүл» сөзімен келетін (құрамында «гүл» бар) қандай қыз есімдерін айта аласыңдар?
  5. 5. Осындай сөздерді қалай атаймыз?
  6. 6. Ендеше, бүгінгі сабағымыздың тақырыбы мен мақсаты қандай?

Одан кейін жұмыс дәптері бойынша тапсырмалар орындалып, жаңа тақырып өздігінен меңгертіледі.

Жұмыс дәптері бойынша тапсырмалар

1) Мына сөздер нені білдіреді және неше түбірден бірігіп тұр? Қандай сұрақтар қойылады? Ақсақал, Темірқазық, соқыртеке, итмұрын, тасбақа.

Үлгі

Ақсақалақ + сақал (кім?), зат есім; екі түбірден біріккен, жас мөлшерін білдіреді.

2) Төмендегі сөйлемдерде сөздер бөлек жазылған. Неліктен? Бұл тіркестер біріккен сөз бола ала ма?

Ақ сақалды қарияға жолықтым.

Атты темір қазыққа байлап қойдым.

3) Жаңа неологизм-терминдер де біріккен түрде жасалады. Берілген сыңарлар арқылы біріккен сөздер құра: аралық, теле, авто, тану.

Мысалдар

ультрадыбыс, автоқалам, Қазақфильм

4) Біріккен сөздердің құрамындағы түбірлер бастапқы тұлғасын сақтап та, сақтамай да біріге алады. Кейбірі дыбыстық өзгеріске ұшырайды.

а) Бастапқы түбір күйін сақтап айтылатын біріккен сөздер

Мысалы: адамзат, күнбағыс (әрі қарай өздерің жалғастырыңдар).

ә) Түбір қалпын сақтамай бірігу (кіріккен сөздер)

Осындай сөздерді тауып, үлгі бойынша орында.

Мысалы: биыл — бұл жыл; әкел — алып кел.

б) Дыбыстық өзгеріске ұшырап біріккен сөздер

Мысалы: қонағасы, Құрманбек. Үлгі бойынша сөздіктен тауып жаз.

5) «Біріккен сөз» дегеніміз не? Анықтамасын жаз. Оның сөз тіркесінен айырмашылығын түсіндір.

Деңгейлік тапсырмалар

Тапсырмалар белсенді тақтамен орындалады.

I деңгей

  • Екі сөзден құралған шөп, балық, аң, құс аттарына мысал жаз (орфографиялық сөздіктен ал).
  • Көп нүктенің орнына қ, ғ, к, г әріптерінің тиістісін қойып, күрделі зат есім жаса:
Бе…әлі Нұр…ожа Нұр…анат Рақым…али Тұрлы…ожа Сер…ожа Әр…ім Жар…анат Құла…ер Айна…өз

II деңгей

  1. 1. Біріккен сөздің бірінші түбірі «тағам» сөзіне синонимдес, ал екінші түбірі — тағам пісіретін ыдыс. Ол қай сөз?
  2. 2. Үй жануарының бірінің аты мен сезім мүшесінің атауынан құралған сөз ненің атауы? Ол қандай сөз?
  3. 3. Төмендегі жақша ішіндегі сөздердің кейінгі сөзбен бірігіп немесе бөлек жазылуын орфографиялық сөздіктен қарап, жақшаны ашып дұрыс жаз. Ерекшеліктерін түсіндір:

(Ақ) құтан, (ақ) қурай, (ақ) құба, (ақ) аю, (ақ) бөкен.

(Ала) бота, (ала) бұлт, (ала) көз, (ала) қарға, (ала) бажақ.

III деңгей

Мысықкөз, мысыққұйрық, мыңжапырақ, мыңжусан, мыңжылдық сияқты өсімдік атауларын қатыстырып және өзің қосымша мысалдар келтіріп, «Саяхатта» тақырыбында әңгіме жаз.

Тест тапсырмалары

Тест тапсырмалары белсенді тақта арқылы беріледі.

Қорытындылау және рефлексия

Сабақ соңында оқушылар рефлексия жасайды:

  1. 1. Бүгінгі сабақтан қандай мағлұмат алдыңдар?
  2. 2. Бұл сабақтың сендерге пайдасы болды ма?
  3. 3. Сабақ несімен құнды болды?
  4. 4. Не алдыңдар, нені түсіндіңдер?

Үй тапсырмасы және бағалау

Үйге тапсырма: 118-жаттығу, 11-тапсырманы оқып келу.

Бағалау: Оқушылардың сабақ барысындағы жұмысы мен тапсырмаларды орындауына қарай жүргізіледі.