Кәрі қыран осылай тапты өлімді

Қадыр Мырза Әли өлеңі

Қанатынан қаңтардың қары бүркіп,
Қашатұғын көргенде бәрі де үркіп.
Қырағы көз бұл күнде қарауытып,
Қалғып отыр қияда кәрі бүркіт.

Санағанмен өлімнен өмірді артық,
Соңғы кезде қарттықтың зәбірі артып,
Тұла бойы құрыстап,
Шабыт қашып,
Денесі де кетіпті ауыр тартып.

Тұсы бар ма тауыңның бұлт артпаған!
Тау бүркіті ол,
Далаға бұл тартпаған.
Қайран күндер:
Қияда құйылғанда
Қырдың қызыл түлкісін бұлтартпаған!

Түлкі түгіл,
Түсетін қасқырыңа,
Қасқырыңа -
Албасты басқырыңа.
Өткір еді - ау, алмас шеңгелі оның
Қайрап - қайрап алғандай тас қырына!

Бауырында таулардың пұшпағы аунап,
О, жастық - ай!
Ауылдан ұшқан аулақ!
Құрыш тырнақ қоладай қайырылып,
Қалғаны ма енді оның тышқан аулап?!

Сеңгір - сеңгір бұлттарды жарып өтіп,
Самғап ұшар жастықтың әрі кетіп
Қалғаны ма?!
Ендеше
Бұл тірлікті
Қырандарша өтейік тәрік етіп!

*****************

О дүние, білсемші өтеріңді!
Деген оймен шау бүркіт көтерілді.
Көтерілді,
Өртенген самолеттей
Қанатының астынан от өрілді.

Көк аспанын -
Бұлт емес -
Мұң қаптаған
Кезде
Қыран қыран ба үн қаптаған?!
Шаңқ етті де шау бүркіт
Заулап келіп
Қойып кетті көк тасқа күн қақтаған!

Күрсінді тау ақ қарлы -
Ақ кебінді.
Кәрі қыран осылай тапты өлімді.
Жасын түскен дөңгелек шарайнадай -
Пай - пай, шіркін! -
Көк тасың қақ бөлінді!

Қыран еді бұл неткен құдіретті!
Найзағайдай жарқылдап ғұмыр өтті.
Көрген кезде осыны
Шіміркеніп,
Жас бүркіттің жүрегі бір дір етті!

Сабақ алып шежіре көне күннен,
Бәрін көздің өткізіп елегінен,
Қыранша өмір сүргенің -
Қандай бақыт!
Қандай бақыт -
Қыранша өле білген!

ШҚО, Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылы,
Ш. Уалиханов атындағы орта мектептің
11 сынып оқушысы Шағыманов Дарын



Ұқсас жұмыстар

Ана бейнесі қазақ әдебиетінде көптен бар үлгі
ҚАЗАҚ ӨЛЕҢІНІҢ ЖЫРДАРИЯСЫ
ҚЫРАН ҒҰМЫР ХИКАЯСЫ
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ әдебиетіндегі жанрлар жүйесі: проза және поэзия
Ілияс Жансүгіров. КҮЙШІ (Поэма)
20-30 жылдар прозасындағы астарлы мағына және құпия сырлар
VI-XII Көшпенділер мәдениеті
Ақан сері өмірі мен шығармашылығы
Ілияс Жансүгіровтың поэмаларының көркемдік ерекшеліктері
Лексикалық мағынаның макрожүйелік құрылымы
ӘБДІКӘРІМ САТҰҚ ҚАРАХАН
МАХМҰД ҚАШҚАРИ туралы
ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ ШӘКӘРІМ туралы
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Құран Кәрім Ислам дінінің негізгі көзі.
Құдайбердіұлы Шәкәрім
МАХМҰД ҚАШҚАРИ
ШӘКӘРІМ ЛИРИКАСЫ
ШӘКӘРІМ
Шәкәрім Қудайбердіұлы (1858 - 1931).