Тамақты обырлана асауға тыйым, Ұрлық - қорлыққа тыйым
Қазақ қызы – нәзіктік пен сұлулықтың белгісі
Қазақ қызын халқымыз тіршіліктің тірегі, әлемдегі ізгіліктің алтын діңгегі, жарық дүниедегі әдемілік пен сұлулықтың айрықша нышаны деп бағалаған. Сондықтан да қыз тәрбиесіне әрдайым ерекше мән берген. Тәрбиелі, білімді қыз — қоғамымыздың баға жетпес байлығы.
Мақсаты
- Қыздарға психологиялық дағдарыс кезінде қолдау көрсету, сырласуға мүмкіндік беру.
- Қызға тән нәзіктік, сұлулық, ұяңдық, ибалылық, сыпайылық, іскерлік, шеберлік, рухани байлық, ақ ниет, сүйіспеншілік, намыс, қайрат-жігер және бәрінен де биік — ар тазалығы сияқты қасиеттерді бойға сіңіруге бағыттау.
- Жастарды еркін сөйлеуге, пікірін ашық әрі мәдениетті түрде білдіруге бейімдеу.
Асыл қасиет — табиғилық
Жыр-дастандардан қазақ қыздарының жан дүниесі нәзік, адал махаббат иесі болғанын, дүниеқоңыздыққа емес, сезімнің тазалығына мән бергенін білеміз. Махаббатты айрықша қастерлеп, сүйгенімен бірге жүрсе, қарапайым тіршіліктің өзінен бақыт тапқан.
Бүгінде, өкінішке қарай, бұрын дәстүрімізде ұшыраспаған көріністер жиілеп барады: кейбір мектеп жасындағы қыздар жарасымды-жарасымсыз ашық киім киіп, қымбат әшекей мен тым артық сәнге әуестеніп, жастықтың табиғи көркін көмескілейді. Табиғаттың өзі сыйлаған көрік пен сымбаттан артық жасандылықтың қажеті бар ма? «Жастықтың өзі жастығымен әдемі» — мектеп жасындағы қыздар да қырдың қызыл гүліндей көрікті.
Қазақ қызы қандай болуы керек?
Нағыз қазақ қызы — ұлтжанды, қайсар, тәрбиелі, нәзік, намысшыл, сыпайы, бауырмал, жанашыр, адал, білімді, көкірегі ояу, саналы. Ол махаббатта да, достықта да берік; ойы терең, жан-жақты; еліне, жұртына, жақындарына қамқор бола алатын тұлға.
Тірек құндылықтар
Ар-ұят, инабат, мейірім, білім, жауапкершілік.
Мінез бен болмыс
Қайсарлық, нәзіктік, сыпайылық, бауырмалдық, адалдық.
Бойжеткеннің көркі: халықтық жіктеу
Халық даналығы бойжеткен қыздың ажарын әр қырынан танып, оны жеті түрге бөліп сипаттаған:
Әдемі қыз
Баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы мен жаманның жөнін білетін.
Көрікті қыз
Істі үйіріп, сөйлесе баурап алатын, бірден көзге түсе қоймайтын.
Шырайлы қыз
Көз жанары өткір, бет-әлпеті бал-бұл жанған, дене бітімі шымыр.
Сұлу қыз
Сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға күйіп-піспейтін.
Ару қыз
Бет пішіні мен дене мүсіні келіскен, сөзі сыпайы, әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы.
Ажарлы қыз
Дене бітімі жинақы, сөзі салмақты, ісі тиянақты.
Әсем қыз
Жүзі жылы, өзі ұяң, болмысы нәзік.
«Қызға қырық үйден тыйым»
Бұл — қыз баланы шектеу үшін емес, әдебін, арын, абыройын қорғауға бағытталған тәлім. Тыйым сөз — тәрбие мен жауапкершіліктің өлшемі.
- Түске дейін ұйықтауға тыйым.
- Бұраңдап қылымсуға тыйым.
- Тамақты обырлана жеуге тыйым.
- Ұрлық-қорлыққа тыйым.
- Салт-дәстүрден аттауға тыйым.
- Ұрыс-керіске тыйым.
Қыздар, осы тыйым сөздерді әрдайым жадыңда ұстаңдар: бұл — өзіңді құрметтеу мәдениеті.
Ерлік пен елдік — ұрпаққа аманат
Арын жалау, жанын алау етіп жауға аттанған ел батырлары Отанның кең-байтақ жерін, ақ сүт берген анасын, пәк күлкі шашқан баласын, парасатты данасын қорғады. Әділет жолында қасық қанын қиып, ұрыс даласында ерлік танытқан батыр қыздарымыз бен қаһармандарымыз — әрдайым ел есінде. Оларды еске алып, құрмет көрсету — біздің парызымыз.
Қайта келмес өзеннің толқынындай,
Қайталанбас алау оттың жалынындай!
Қайта тумас қазақтың дарасындай,
Қазақта қайсар қыз бар дәл осындай!