Курстың мақсаты

Тақырыптық жоспар туралы мәлімет

Мұғалім
Бекенова Индира
Пән
Қазақ әдебиеті
Сынып
5–6 сынып
Жүктеме
Аптасына 1 сағат, барлығы 34 сағат

Таңдаулы курс: «Жеті қазына» (қазақ әдебиеті, 5–6 сынып).

Түсінік хат

Оқушыларға өз халқының мәдениеті мен этнографиясын таныту және насихаттау — басты міндет. «Тәрбие — тал бесіктен басталады» деген даналықты ұстанған халқымыз дәстүрге берік болып, салтын сақтай білген. Бала тәрбиесіне және жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның тиімді қағидалары мен ережелерін қалыптастырған халықтардың бірі — қазақ халқы. Сондықтан халқымыздың тәрбие-тәсілдері аса мол.

Бұл курста оқушылар әдебиет пәніне сүйене отырып, көрген-білгенін ой елегінен өткізіп, ізденіс арқылы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, өнеге-тағылым, дін мен діл, жөн-жоралғы, ілім-білім, тәлім-тәрбие, тылсым табиғат, тариқат-тәбәрік, сондай-ақ деректер мен дәйектер туралы кең мағлұмат алады. Соның нәтижесінде білім көкжиегі кеңейеді.

Бағдарлама оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай құрастырылған. 5–6 сынып оқушылары өз халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын тереңірек танып, елін-жерін сүйетін ұлтжанды ұрпақ болып қалыптасады. Бағдарлама аясында әр оқушы көркем тілді, ойы терең сөздердің озық үлгілерін тауып, талдай алады.

Курс көлемі

Оқу жүктемесі 34 сағат көлемінде жоспарланған.

Нысаналы сынып

5–6 сынып оқушыларының жас ерекшеліктері ескерілген.

Негізгі идея

Ұлттық құндылықтарды сөз өнері арқылы таныту және рухани әлемді байыту.

Курстың мақсаты

  • 1

    Оқушылардың бейінді білім алуын қамтамасыз ету.

  • 2

    Халық мұрасы саналатын рухани құндылықтардың ұлтымыздың айнымас куәсі, тарихымыздың терең тамыры екендігін таныту.

  • 3

    Оқушылардың рухани дүниесін байытып, азаматтық, адамгершілік, елжандылық және көркемдік-эстетикалық тәрбие беру.

  • 4

    Ұлттық құндылықтарды сөз өнері тұрғысынан қабылдауға қажетті білім, білік және дағдылармен қаруландыру.

  • 5

    Оқушылардың өзіндік білім алу дағдысын дамыту және қолдау.

Курстың міндеттері

Тұлғалық даму және ойлау

  • Дара тұлғаның еркін әрі үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, креативті ойлау қабілетін арттыру.
  • Оқушыларды өзіндік ой-пікірін ашық айтуға баулу.

Оқу сауаттылығы және тіл мәдениеті

  • Үздіксіз білім алуға деген ынтаны іс-әрекеттік тұрғыда дамыту.
  • Әдеби оқырмандық мәдениетті қалыптастыру.
  • Ұлттық құндылықтарды таныта отырып, сөйлеу шеберлігін арттыру.
  • Ауызекі және жазба тілде байланыстырып сөйлеуді дамыту: ойын еркін жеткізу, сауатты әрі мәнді жазу.

Құндылықтар мен мінез

  • Ізгілік пен имандылықты, адалдық пен мейірімділікті бойға дарыту.
  • Азаматтық жауапкершілік пен елжандылық сезімді қалыптастыру.

І. Мазмұндық бөлім: курстың мазмұны

Республикамызға кеңінен танымал жерлес этнограф-ғалым, сатирик С. Кенжеахметовтің «Жеті қазына: жиған-терген» атты кітабы — халқымыздың сан ғасырлық дәстүрі мен салтын насихаттайтын маңызды еңбек. Біз ұсынып отырған таңдаулы курс осы кітап негізінде әзірленді.

Бағдарламада қарастырылатын бағыттар

  • Ырым-тыйымдар
  • Жөн-жоралғы
  • Тағылым-өнеге
  • Әдет-ғұрып ишаралары
  • Нақыл сөздер
  • Ұлттық тағамдар
  • Ұлттық киімдер
  • Әр салада тұңғыш шыққан қазақ қайраткерлері туралы деректер

Сонымен бірге курс аясында әр тақырып нақты дерек пен дәйекке сүйеніп түсіндіріліп, оқушылардың танымы мен тілдік қорын жүйелі түрде кеңейту көзделеді.