Спандияр Көбеев шығармашылығы
Пән және сабақ туралы мәлімет
Пәні: Балалар әдебиеті.
Сабақтың тақырыбы: Спандияр Көбеев шығармашылығы. Мысалдары мен әңгімелері.
Сабақтың түрі: Танымдық-іздену сабағы (панорамалық сабақ).
Сабақтың көрнекілігі: С. Көбеев туралы слайдтар, үлестірме материалдар.
Сабақтың әдістері: СТО технологиялары, баяндау, салыстыру, талдау, сұрақ-жауап.
Пәнаралық байланыс: бейнелеу өнері, мәнерлеп оқу.
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Автордың өмірі мен шығармашылығын меңгерту; қазақ поэзиясында мағыналы әңгімелер мен мысалдар жазуды мақсат еткен туындыларының идеялық мазмұнын ұғындыру.
Дамытушылық
Әр студентті автор шығармалары негізінде өз ойын, қиялын еркін жеткізуге баулу; өзінше қорытынды жасауға үйрету; шығармашылық жұмыс арқылы таным-түсінігін дамыту, шеберлігін арттыру.
Тәрбиелік
Ақын-жазушының мысалдары мен әңгімелері арқылы оқушыларды адамгершілік қасиеттерге баулу; автор көтерген тағылымдар арқылы жазушының азаматтық болмысын ашу; үлгі-өнеге алуға шақыру.
Сабақтың құрылымы
I. Ұйымдастыру бөлімі (2 минут)
Оқушыларды сабақтың белсенді өтуіне ынталандыру.
II. Үй тапсырмасын тексеру (10 минут)
- Ш. Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығы бойынша сұрақтарға жауап беру.
- Шәкәрімнің балаларға арналған өлеңдерін жатқа айту және мағынасын ашу.
Топтық жұмыс форматы
- I топ:ақынның өмірбаяны, қызметі.
- II топ:ақынның шығармашылығы.
- III топ:балаларға арналған шығармаларын жатқа оқу.
- IV топ:ақынның аудармалары.
III. Жаңа сабақ (10 минут)
- Сабақтың тақырыбы мен мақсатын хабарлау.
- Оқушыларды топқа бөлу.
Қызығушылықты ояту (5 минут)
Әр топқа сұрақтары бар қима қағаздар таратылады. Жауаптарды талқылау барысында интербелсенді тақтадағы Спандияр Көбеев туралы хронологиялық кестеге сүйеніп, білім бекітіледі.
- Ыбырай Алтынсарин кім? Оның ізін жалғастырған кім?
- Спандияр Көбеевтің өмірі туралы не айта аласыздар?
- Жазушының балаларға арналған қандай туындылары бар?
- С. Көбеевтің қазақ әдебиеті тарихындағы орны қандай?
Мұғалімнің кіріспе сөзі (28 минут)
Назарымызды интербелсенді тақтаға аударамыз. Тақтадан С. Көбеевке қатысты жылдар мен маңызды оқиғалар туралы мәлімет беріледі. Хронологиялық кесте арқылы оқушылар өз білімін тексереді және толықтырады.
Спандияр Көбеев: өмірі мен шығармашылығы
Спандияр Көбеев (1878–1956) — ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениеті мен әдебиеті тарихында айрықша орны бар тұлға. Қазақ жерінде ашылған алғашқы орыс мектептерінде білім алған ол саналы ғұмырын туған халқының мәдениет пен білім жолындағы ілгерілеуіне қызмет етуге арнады.
Жаңа үлгідегі қазақ мектептерінде сабақ беріп, жас ұрпақты орыс тілі мен әдебиетін, мәдениетін үйренуге баулыды. Бұл бағыттағы қызметін ол ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық үлгісімен ұштастырды.
Өмірбаян деректері
- 1878 жылғы 1 қазан — Қостанай облысы, Боровский ауданы, Ақсуат ауылында кедей шаруа отбасында дүниеге келді.
- Ы. Алтынсарин ұйымдастырған ауыл мектебінде сауат ашты.
- 1901 жылы Қостанай қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курсты аяқтады.
- 1901 жылдан өмірінің соңына дейін 55 жыл ұстаздық қызмет атқарды.
Ұстазына деген құрметі мен ықыласы оның өмірлік ұстанымына айналды: Ыбырай секілді халыққа пайдалы азамат болып, өз білімін елін ағартуға жұмсау — Спандиярдың басты арманы еді.
Еңбектері мен ағартушылық бағыты
Көбеев ұстаздық пен жазушылықты қатар алып жүрді. Шәкірттерінің сыныптан тыс оқуына арнап орыс жазушылары мен ағартушыларының бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Үлгілі тәржіме» деген атпен жеке кітап етіп бастырды.
1912 жылы «Үлгілі бала» атты еңбегі жарық көрді. Бұл — бастауыш мектеп оқушыларына арналған оқу құралы. Кітапқа өзі аударған Крылов мысалдары, орыс классиктерінің балаларға арналған мәтіндері, қазақ ауыз әдебиеті үлгілері, сондай-ақ табиғат құбылыстарын танытатын, өсімдік пен жануарлар әлемі туралы мағлұмат беретін қысқа да қызықты әңгімелер енгізілді.
Жазушы өзінің ұзақ әрі жемісті еңбек жолын «Орындалған арман» (1951) мемуарлық кітабында кеңінен баяндайды. Онда нақты тарихи деректерге сүйене отырып, дәуір шындығын, әлеуметтік-қоғамдық құбылыстарды айқын суреттеп, сан қырлы адам образдарын жасайды.