Оқушыларға жер бетінде жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар әлемі, Қызыл кітаптың маңызы туралы жан - жақты түсінік беру

Сабақтың тақырыбы

Қызыл кітап. Қ. Мырза Әли.

Сабақтың оқу мақсаттары

  • Білімділік: Оқушыларға жер бетінде жойылып бара жатқан өсімдіктер мен жануарлар әлемі туралы жан-жақты түсінік беру, Қызыл кітаптың маңызын ұғындыру. «Адам мен жан-жануар — табиғаттың бөлінбес бөлшегі» деген ұғымды кеңейту.
  • Дамытушылық: Оқушының алған білімдері бойынша түйін сөзді таба білуін, тұжырым жасап, қорытынды шығару қабілетін дамыту.
  • Тәрбиелік: Оқушыларды табиғат жанашыры болуға тәрбиелеу, табиғатты қорғауға өз үлесін қосуға және табиғатты қорғау парызын орындауға үйрету.

Сабақтың басталуы

Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық ахуал қалыптастыруға арналған шағын өлең жолдары:

Біздің топта ұл-қыздар
Тату-тәтті ойнаймыз.
Сыйласып өмір сүріп,
Тек жақсылық ойлаймыз.

Амансың ба, алтын күн!
Амансың ба, көк аспан!
Амансың ба, достарым!
Сендерді көріп қуанам!

Үй тапсырмасын тексеру

М. Дулатов: «Ағаш ек», «Наурыз жыры».

Сабақтың ортасы

Мағынаны тану

«Кең дала көрмессің сонау жақтан.
Жібектей жасыл шөппен бетін жапқан.
Асқар тау, айдын-шалқар көл мен өзен —
Әне, сол анам еді мені тапқан!»

— Сәкен Сейфуллин

Осы өлең жолдарындағыдай, тылсым дүниенің тіршілігіне ана тілі сабағында терең бойлайық. Бүгінгі өтетін тақырыбымыз — Қ. Мырза Әлидің «Қызыл кітап» өлеңі.

Автор туралы: Қ. Мырза Әли

Қ. Мырза Әли 1935 жылы 5 қазанда Орал облысының Жымпиты кентінде дүниеге келген. Қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан ақын әрі жазушы. Балаларға арналған «Балдырған», «Пионер» журналдарында еңбек еткен. Тұңғыш туындысы 1954 жылы «Пионер» журналында жарияланды.

Ақынның 40-тан астам жыр жинағы, ән өлеңдері бар, пьесалары сахнада қойылған. Өлеңдері көптеген шетел тілдеріне аударылған. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР алғашқы Әнұраны авторларының бірі. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды. Қ. Мырза Әли 2011 жылы 22 қаңтар күні дүниеден өтті.

Табиғат көрінісі арқылы ой қозғау

Көкорай шалғын, жайқалған гүлдер, сарқыраған өзендер табиғатқа сән беріп, жұпар иісі жанға жайлылық сыйлайды. Осы көріністі бүркіттей қыран құстардың қалықтай ұшуы, саққұлақ қояндардың секіруі, алаңсыз су ішіп тұрған киіктердің жайбарақат күйі толықтыра түседі. Табиғаттың осындай әсем әлемін сақтау — әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.

Негізгі ой: Қызыл кітап — жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарларды қорғауға үндейтін маңызды құжат әрі ортақ жауапкершіліктің белгісі.

Мұғалім: Омиралиева И.