Жасыл жарық
Сабақтың тақырыбы
Реттеуші және оның ескертпелері
Сабақтың мақсаты
- Оқушыларға жолда жүру ережесін үйрету және алған білімдерін пысықтау.
- Өз ойларын ашық айтуға, көше тәртібі белгілерін жатқа айтуға дағдыландыру.
- Мейірімділікке, байқағыштыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі
- Интерактивті тақта
- Бағдаршам
Сабақ құрылымы
- Ұйымдастыру кезеңі
- Түсіндіру және талқылау
- Практикалық кезең
- Тапсырмалар және қорытынды
І. Ұйымдастыру кезеңі
Арманға алда күткен асығамыз,
Біз қалай толқын айтпай басылармыз.
Жол жүру ережесін жақсы біліп,
Сақтыққа тұра алатын жас ұланбыз!
Жалғайтын, достастырып бар елменен,
Жолдардан тұрады ғой әлем деген.
Бүгінгі бізге келген қонақтарға
Ойынымыз басталады сәлемменен!
Реттеуші деген кім?
Реттеуші алғаш үлкен қалаларда пайда болған. Оның негізгі міндеті — көшедегі қозғалысты реттеу. Қозғалысты басқару үшін ол жезл қолданады. Көпшілік бұл құралды «ала таяқ» деп те атайды.
Жұмбақ
Жоқ өзінде бас та, ауыз да, құлақ та,
Бақылайтын үш көзі бар бірақ та.
Жауабы: Бағдаршам
Бағдаршамның пайда болуы
Кейін реттеушінің орнына бағдаршам пайда болды. Алғашқы бағдаршам теміржол бойында қолданылған, алайда оны ойлап тапқан адамның есімі тарихта сақталмаған. Көше қозғалысына бейімдеп қайта жасаған ағылшын инженер-механигі Д. Найт еді.
1868 • Лондон
Д. Найт Лондондағы парламент үйінің алдына бағдаршам орнатты. Құрылғы ортасына газ шамы қойылды. Өкінішке орай, газ жарылып, кезекшілік атқарған полицей қаза тапты. Содан бағдаршам шамамен жарты ғасыр ұмыт қалды.
1914 • АҚШ
Бағдаршам АҚШ-та қайта пайда болды: алдымен Кливлендте, кейін Нью-Йоркте. Бұл жолы екі түсті — қызыл және жасыл — электр бағдаршам қолданылды.
1918–1924 • Үш түс және Мәскеу
1918 жылдан бастап үш түс қолданысқа енді. Кеңес Одағында бағдаршам алғаш рет 1924 жылы Мәскеуде — Кузнецкий көпірі мен Петровка көшелерінің қиылысында орнатылды.
Қазіргі заманда жаңа технологиялардың дамуына байланысты реттеушінің қызметін көбіне бағдаршам алмастырып келеді.
Бағдаршам түстері не айтады?
Қызыл жарық
Қызыл жарық жанғанда,
Қалт тоқтай қал табанда.
Сары жарық
Сары шамы жағылса,
Сақ, абай бол барынша!
Жасыл жарық
Жасыл жарық — жол ашық,
Зымырай бер, бел асып!
Ортақ қорытынды шумақ
Ирек-ирек көшелер,
Көше деген мың ирек.
Қиындыққа қарамастан
Үйренесің біртіндеп.
Барар жерге асықпа,
Бәйге алмайсың бұрын кеп.
Қазір жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршамдар да бар. Әзірге біздің қаламызда толық орнатылмағанымен, үлкен қалаларда жиі кездеседі (мысалы, Ақтау қаласында).
Практикалық кезең: реттеуші қимылдарын түсіну
Үлкен қалаларда бағдаршам көп. Кейбірі көнеріп, істен шығып қалуы мүмкін немесе көлік ағымы шамадан тыс көбейіп кетеді. Осындай жағдайда қозғалысты реттеу үшін бағдаршамның орнына реттеуші тұрады және ала таяқшаның көмегімен қозғалысты қалыпқа келтіреді.
Түнгі мезгіл
Егер реттеуші түнде қызмет атқарса, жүргізуші анық көретіндей таяқшасында жарық беретін белгі болады.
Реттеуші жезлін жоғары көтерсе
Бұл — дайындал деген ескерту. Мұндай жағдайда жүруге болмайды.
Реттеуші сізге қарап тұрса немесе арқасымен тұрса
Бұл жағдайда жүруге тыйым салынады.
Реттеуші бүйірімен тұрса
Бұл — жүруге болады деген белгі. Рұқсат берілгенде реттеушінің екі иығы да сізге көрінеді.
Маңызды ереже
Егер бағдаршам жұмыс істеп тұрса да, сол жерде реттеуші тұрса — реттеушінің қимылын басшылыққа алу керек.
Тапсырмалар
- 1. Реттеуші деген кім? Оның қызметі қандай?
- 2. Егер реттеуші таяғын жоғары көтерсе, не істеу керек?
- 3. Қандай жағдайда жаяу жүргіншіге жүруге болады?
- 4. Егер бағдаршам жұмыс істеп тұрса, ал реттеуші бағыт көрсетіп тұрса, кімге бағыну керек?
Есіңде болсын!
Жаяу жүргіншіге арналған негізгі қағидалар
- Өткелі жоқ жерден өтуге болмайды.
- Көшенің қиылысына келгенде екі жағыңа назар аударып, жасыл жарықтың жануын күт.
- Көшенің арғы бетіне жүгіріп өтуге болмайды.
- Жолдың қақ ортасынан өтпе.
- Көше қиылысындағы тоқтау сызығында тұрып, бағдаршам белгісін күт.
- Автобусты артқы жағынан айналып өт.
- Көрінуі жақсы, екі жағы анық байқалатын жерден өт.
- Жол жиегімен, мүмкіндігінше оң жақ қапталмен жүр.
Қауіпсіздік және жауапкершілік
- Жол бойында коньки теуіп, шаңғы тебуге немесе доп ойнауға болмайды.
- Көліктің артына жармаспа.
- Қалтарыстан кенет шыға келме — өміріңе қауіпті.
- Жаяу жүргінші жолымен ғана жүр, машина жолымен жүруге болмайды.
- Жол-көлік оқиғасы кезінде полиция бөліміне хабарла.
- Жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсет.
- Жол белгілерін ажырата біл.
Велосипед туралы сұрақ-жауап
Сұрақ
Велосипедпен неше жастан бастап жолмен жүруге болады?
Жауап
Жол бойымен 14 жасқа толған балаларға ғана болады.
Егер велосипедпен жүрсең, жолда жүру ережелерін білетініңді растайтын куәландырылған құжатың (қағазың) болуы тиіс.
Қорытынды
Қалаларымызда да, ауылдық жерлерде де жол қатынасының ортақ ережелері бар. Бұл ережелерді оқушылар да, ересектер де — барлық жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері — бұлжытпай орындауы керек.
Жол заңы дұрыс жүруді және абай болуды талап етеді. Жол тәртібін бұзбаңдар: тәртіп бұзғандықтан кейбір адамдар көлік дөңгелегінің астында қалып қаза табады, ал кейбірі ауыр жарақат алады.
Жол тәртібін білейік — есен-аман жүрейік!