Тарихи сөзді тап

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сыныбы

5-сынып

Сабақтың тақырыбы

Көнерген сөздер, тұрақты тіркестер және жаңа сөздер бойынша өткенді қайталау

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: өткен тақырыптар бойынша алған білімін тексеру.
  • Дамытушылық: көнерген сөздер, жаңа сөздер, тұрақты тіркестер туралы білімді кеңейтіп, тіл байлығын дамыту.
  • Тәрбиелік: көркем әдебиетті сүюге, әдеби тілде сауатты сөйлеуге тәрбиелеу.

Сабақтың сипаты

  • Түрі: қайталау, тіл ұстарту.
  • Әдісі: сайыс (топтық жұмыс).
  • Пәнаралық байланыс: көркем әдебиет, тарих.

Көрнекіліктер

  • Топшамалар
  • Қобдиша
  • Интерактивті тақта

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Топқа бөлу

  1. 1Зерделілер
  2. 2Ойшылдар
  3. 3Тапқырлар

Үй тапсырмасына шолу

Сұрақ-жауап жұмысы интерактивті тақта арқылы жүргізіледі.

  • Лексика дегеніміз не?
  • Көнерген сөздер дегеніміз не?
  • Тұрақты тіркес деген не?
  • Жаңа сөздер дегеніміз не?

Сюжеттік кіріспе: үш қарияның дауы

Ерте, ерте, ертеде үш қария дос болыпты. Олардың аты — Көнебай, Жаңабай, Тұрақбай. Үшеуі ұзақ жылдар бойы тату өмір сүрген екен.

Бір күні олар бір мәмілеге келе алмай, дауласып қалады. Көнебай:

— Мен сендердің екеуіңнен де баймын. Менің сөздерім бірнеше ғасырдан бері келе жатқан халықтың асыл қазынасы. Халық өткен тарихын мен арқылы біледі. Сондықтан халыққа ең керегі — мен, — дейді.

Жаңабай оған қарсы шығып:

— Ей, Көнебай, неменеге мақтанасың? Халық сенің сөздеріңді күнделікті өмірде қолданбайды, олар қолданыстан шығып қалған. Ал мен болсам, қоғам дамыған сайын байимын. Халық менің сөздерімді жиі қолданады. Қазіргі қоғамға ең керегі — мен, — дейді.

Тұрақбай сабырлы қалыппен:

— Достарым, неменеге қызыл кеңірдек болдыңдар? Мен көнермеймін де, жаңармаймын да. Бірақ халық мен арқылы әдеби тілін байытады, ойын терең жеткізеді. Мен де халыққа көп қызмет етемін, — дейді.

Сөйтіп, үшеуі арғы аталары Лексикаға барып жүгінеді. Лексика олардың сөзін тыңдап:

— Мен сендерге төрелік айтпаймын. Сендерге халық төрелік етсін, — дейді.

Енді үш қария халыққа — 5-сынып оқушыларына қонаққа келеді. Олар құр қол келмепті: өз тапсырмалары арқылы оқушылардың тіл байлығын қаншалықты қолданатынын, қаншалықты білетінін байқамақ.

Сайыс тапсырмалары

1-тапсырма: мәтінді тану және тұрақты тіркесті табу

Берілген үзінділердің қай шығармадан алынғанын анықтап, мәтін ішінен тұрақты тіркесті табыңдар.

1) Өз үйіне келгенде ол бой жазып қалады. Үйі өте кішкентай болса керек. Киізі қырық жамау күркесіне келіп: «Қайран өз үйім, кең сарай боз үйім!» — деп керілгенде, екі аяғы тізесіне дейін күркеден шығып жатады екен.

2) Ол қолына жүз батпан шоқпарын алып, Керқұла аттың шабысымен дәуге қарсы шаба жөнеледі. Көзді ашып-жұмғанша дәудің бір басы ұшып түседі.

3) Әкем би болмаса да, би түсетін үй болғаны ғой. Шешем қырық кісіні ренжітпей аттандырса: «Қырықтың бірі — Қыдыр», — деген, маған бәлкім, Қыдыр дарыған шығар, ата.

2-тапсырма: мақал-мәтелді жалғастыру

Мақал-мәтелдерді толықтыр: ішінен көнерген сөзді тап, түсіп қалған дыбыстарды/сөздерді орнына қой.

1

Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.

2

Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас.

3

Иілген басты қылыш кеспес.

3-тапсырма: сөйлемдерді талдау және неологизмдерді табу

Сөйлемдерді тақтада талдап, ішінен неологизмдерді анықтаңдар.

  • 1) Елбасы мінген ұшақ Астана әуежайына келіп қонды.
  • 2) Орал қаласындағы Достық даңғылы бойында Сырым бабамызға ескерткіш орнатылған.
  • 3) Үстіміздегі жылы атам мен әжемнің зейнетақысы көбейді.

4-тапсырма: мағынаны тұрақты тіркес арқылы беру

Берілген сөздердің мағынасын тұрақты тіркес арқылы жеткізіңдер.

Жылдам

__________

Көп

__________

Айқын

__________

Қосымша сөздер

Аз, жақын, алыс, ұялу, қорқу, тату.

5-тапсырма: тест (1-нұсқа)

1) Архаизмді тап

  • A) жеке кәсіпкер
  • Ә) қызыл отау
  • Б) адалбақан

2) Жаңа сөзді тап

  • A) қымыз
  • Ә) бағдаршам
  • Б) әдебиет

3) Тұрақты тіркесті тап

  • A) ат ізін салмады
  • Ә) жоғары білім
  • Б) жүйрік ат

4) Тарихи сөзді тап

  • A) комсомол
  • Ә) мысы құру
  • Б) теледидар

6-тапсырма: «Әдемі сөйлем»

Әр топ неологизмдерді қатыстыра отырып, өз ойынан сөйлем құрастырады.

Сөйлемдерге арналған орын: ______________________________

7-тапсырма: тұрақты тіркестің мағынасын ашу

Тұрақты тіркес Мағынасы
Екі көзі төрт болу күту
Салы суға кету шарасыздық
Жұмған аузын ашпау үндемеу
Түн ұйқысын төрт болу бағып-қағу, тынымсыз қарау
Қол ұшын беру көмектесу
Құр алақан қалу барынан айырылып қалу

Бағалау және қорытынды

Сайысты қорытындылау

Оқушылар берген жауаптарына сәйкес алған дөңгелекшелерін санап, ұпайларын анықтайды. Нәтижесінде сайыс қорытындыланып, жеңімпаз топ жарияланады.

Негізгі ой

Бүгін біз қонаққа келген үш қарияның — көнерген сөздер, жаңа сөздер және тұрақты тіркестердің — тілдік байлығын орнымен қолдануға жаттықтық. Үшеуі де тілімізді байытып, сөйлеу мәдениетімізді дамытуға қызмет етеді. Ендеше, бұл байлықтың бәрі де халыққа қажет екенін мойындаймыз.

Осылайша ертегі де аяқталды, сабақ та өз мәресіне жетті.