Сабақтың типтері
Күнделікті сабақ жоспары
Пәні: Қазақ әдебиеті · Сыныбы: 6
Тақырыптар тізбегі
- 1 Асыл сөз
- 2 Батырлар жыры. «Қобыланды батыр» жыры
- 3 «Қобыланды батыр» жырының композициялық құрылысы
- 4 «Қобыланды батыр» жырының кейіпкерлері
- 5 «Алпамыс батыр» жыры
1-сабақ: «Асыл сөз»
Сабақ туралы мәлімет
- Сабақтың өтілетін мерзімі
- Күнтізбелік жоспарға сәйкес
- Сабақтың тақырыбы
- Асыл сөз
- Сабақтың түрі
- Кіріспе сабақ
Әдіс-тәсілдер мен ресурстар
Сабақтың әдістері
Түсіндіру, суреттеу, салыстыру, әңгімелеу, сұрақ-жауап, бекіту, қорытындылау, бағалау.
Көрнекілігі
Көркем әдебиеттер, бүктемелер, рефераттар, бейнелі суреттер.
Жұмыс формалары
Жеке оқушымен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс.
Сабақтың мақсаты
- Білімділік: сөз құдіреті, әдеби сөйлеу мәдениеті және әдебиеттің оқырман алдындағы орны туралы түсінік қалыптастыру.
- Дамытушылық: ой-өрісті кеңейту, ойлау белсенділігін арттыру, сөйлеу шеберлігін және тіл мәдениетін дамыту, шығармашылыққа баулу.
- Тәрбиелік: елін, жерін, Отанын қадірлеуге, адамгершілікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақтың құрылымы
-
1
Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Кезекшінің мәлімдемесі.
- Журнал бойынша түгелдеу.
-
2
Жаңа сабақты түсіндіру
Бұл сабақта сөз құдіреті, әдебиет пәнінің ерекшелігі және көркем шығармалардың табиғаты туралы түсінік беріледі.
-
3
Бекіту
Тапсырмалар арқылы оқушылардың түсінігін бекіту.
-
4
Қорытындылау және бағалау
Сұрақтар арқылы қорытынды жасап, жауаптарға қарай бағалау.
Жаңа сабақ мазмұны: сөз құдіреті және әдебиеттің орны
Сыныптан сыныпқа өткен сайын сендер сөз өнерінің тылсым сырына тереңдей түсесіңдер. Осы жолда әдебиет оқулығы бағыт-бағдар беріп, кеңесші бола алады. Жыл сайын ұсынылатын шығармалардың ауқымы кеңейіп, түрі мен мазмұны күрделене береді. Сонымен бірге оқулықпен шектелмей, өздеріңе ұнаған кітаптарды тауып, қызыға оқуға да дағдыланасыңдар.
Көркем әдебиетпен шынайы достасқан адам өмір бойы жанынан табылатын ақылшы дос тапқандай болады.
Өлең оқығанда сендер ерекше елітіп, көркем әлемге енесіңдер: ақынның жүрек лүпілімен бірге толқисыңдар, өздеріңнің ішкі сырларың қозғалғандай әсер аласыңдар. Жақсыға сүйініп, жаманға күйінесіңдер; сөзбен салынған суретті көзбен көргендей қабылдайсыңдар. Ақынның арманы мен мұңы ел мұратымен ұласып, қиялдарыңа қанат бітіреді.
Ал тарихи оқиғаларға, шытырман желіге құрылған әңгіме, повесть, роман оқығанда, айналаңдағыны ұмытып, сол оқиғалардың ішінде жүргендей боласыңдар. Өз ойыңмен, мінезіңмен үйлесетін кейіпкерлерді жақын тұтып, олардың жақсылығына қуанып, ағаттығына қапаланасыңдар. Жағымсыз бейнелермен де бетпе-бет келіп, іштей қарсылық танытасыңдар. Осылайша көркем әдебиет бірде күлдіріп, бірде жылата отырып, өмірді өнер арқылы тануға жетелейді.
Әдебиеттің басты ерекшелігі
Көркем әдебиет тікелей үгіт-насиxат айтпайды және дайын нұсқау бермейді. Ол өмірдің жанды көрінісін алдыңа жайып салып, тағылымын әр оқырманның өз талғамына қалдырады.
Өнер түрлерімен салыстыру
Сәулет, сурет, мүсін көзді сүйсіндіреді; музыка сезімге әсер етеді. Ал сөз өнері өмірдің толыққанды көркем бейнесін тіл арқылы жасап, табиғат пен адамды, уақыт пен кеңістікті бір арнаға тоғыстыра алады.
Сөз құдіреті арқылы сендер табиғаттың тамылжыған суретін, көркем тұлғаны, әсем ғимаратты көз алдарыңа елестете аласыңдар. Ән мен күйдің әуені құлақта тұрғандай сезімге де бөленесіңдер. Тарихтың тереңіне бойлап, өткен бабалардың ғұмырын танып, бүгінгі замандастарыңның тыныс-тіршілігін ұғынып, арман-мұңын бөлісе аласыңдар.
Тіл — көркем әдебиеттің негізгі құралы
Әдебиетте әсер, ой, бейне — бәрі тілдің құдіретімен жасалады. Бұл — шешен, әсем, әсерлі көркем тіл. Осындай асыл сөзді халық ерекше құрметтеп, ұрпақтан ұрпаққа өнеге етіп жеткізеді.
Әдебиет тарихи оқиғалардың құрғақ жылнамасы да, өмірдегі бір оқиғаның дәл көшірмесі де емес. Ол — өмір шындығының жазушы қиялымен және дүниетанымымен байытылған көркем суреті. Қаламгер қандай оқиғаны суреттесе де, оны ой елегінен өткізіп, ең мәнді белгілерін іріктейді, жаңа мән-мағына үстеп, көркемдік нәр береді. Сөйтіп мазмұны мен көркі астасқан жанды бейне жасайды. Басқаша айтқанда, шындық образ арқылы бедерленеді.
Көркем бейне жасауда суреткер әртүрлі тәсілдерді қолданады; оны әдебиеттану ғылымы зерттейді. Оқулық материалдарымен таныса отырып, сендер әдеби-теориялық ұғымдар туралы (әсірелеу, шендестіру, өлең, әңгіме, повесть, баллада және т.б.) алғашқы мәлімет аласыңдар. Бұл білім көркем шығарманы тереңірек түсініп, байыптай оқуға көмектеседі.
Нағыз көркем шығарманы тума дарын, сөз зергері тудырады. Шынайы дарын — сирек құбылыс. Дегенмен қаламгердің дарыны ұлттық мәдениеттен нәр алып, ана тілінің кәусарынан сусындап, үздіксіз еңбекпен шыңдалып барып кемелденеді. Сонда ғана ол оқырман жүрегіне жол тауып, халық жадында мәңгі сақталады.
Қуатты ой мен өрнекті тілден құралған құнарлы туындылар ел жадында қалып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жетеді. Сендерді де сол асыл сөз әлемі шақырады.
Бекіту тапсырмалары
-
1) Оқырман әсері
Оқыған шығармаларыңнан алған әсерлерің туралы әңгімелеңдер. Ондағы оқиғаларды күнделікті өмірмен салыстырыңдар.
-
2) Өнер түрлерін салыстыру
Әдебиеттен алған әсерлеріңді сурет және музыка туындыларымен салыстырыңдар.
-
3) Кейіпкерлер әлемі
Жазғы демалыста оқыған шығармаларыңның кейіпкерлері туралы айтыңдар: олар саған несімен ұнады?
-
4) Сөздік қор
Оқыған шығармаларыңнан қандай жаңа сөздер мен сөз тіркестерін кездестірдіңдер? Ұнаған шумақтарды немесе суреттеулерді көшіріп жазып, жаттап келіңдер.
-
5) Тұжырым
«Өнер алды — қызыл тіл» деген сөзді қалай түсінесіңдер? Өз ойларыңмен баяндаңдар.
Қорытынды және бағалау
Қорытындылау
Сабақ соңында сұрақтар қою арқылы жаңа тақырыпты жинақтау.
Бағалау
Оқушылардың жауаптарына сүйеніп, білімін бағалау.
Үй тапсырмасы
Жазғы демалыста оқыған шығармаларыңның біріне талдау жасап, жазып келіңдер.
Тексердім: