Бүгінгі Тіл мерекесіне арналған тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер
Тіл – біздің тірегіміз!
Армысыздар, құрметті ата-аналар, қадірлі қонақтар! Бүгінгі Тіл мерекесіне арналған тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
Ана тілі – адамның жан дүниесінің айнасы, өсіп-өркендеп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Ана тілі – халық тарихының барлық кезеңдерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазына.
Қазақ тілім – өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дара тілім!
Осындай асыл ойды арқау ете отырып, Тіл мерекесіне орай ұйымдастырылған «Балапан» ортаңғы тобының «Тіл – біздің тірегіміз!» атты мерекелік тәрбие сағатын бастауға рұқсат етіңіздер.
Өлең жолдары
Балалар, құтты болсын тілің бүгін,
Ашатын жан сарайын білімдердің.
Кешегі анаң айтқан, бабаң айтқан,
Тіліне зер салыңдар бұрынғының.
Әрбір тілде сөйле – әлемді таң қылып,
Ана тілін білу – бірақ заңдылық.
Өсер балаң, байтақ далаң тұрғанда,
Қазақ тілі жасай берсін мәңгілік.
Хор
Әнұран.
Балалардың арнауы
Балнұр
Ана тілім – елдігім,
Ана тілім – ерлігім.
Тілді биік құрметтеп,
Тойлап жатыр ел бүгін.
Саят
Ана тіліңді біліп қой –
Еркіндігің, теңдігің.
Ана тіліңді біліп қой –
Мақтанышы елімнің.
Інжу
Тілім барда мақтанам,
Тілім – менің аппақ ән.
Бірлігімді бүгінгі
Ана тілім сақтаған.
Мұхамедғафур
Ақыл-ойын дананың
Ана тілден аламын.
Ана тілім ардақты –
Ақ сүтіндей ананың.
Нұршат
Ардақта өз тіліңді –
Боласың білімді.
Өз тілің үйретер
Өнерді, ғылымды.
Ән
«Біз өмірдің гүліміз».
Жүргізушінің сөзі
– Бүгін бізде қандай мереке өтіп жатыр?
– Тіл мерекесі.
– Дұрыс. Біздің мемлекеттік тіліміз қай тіл?
– Қазақ тілі.
– Жарайсыңдар! Біз өз тілімізде таза әрі анық сөйлеуіміз керек. Болашақта сендер орыс және ағылшын тілдерін де үйренесіңдер. Бірақ өз ана тілдерің – қазақ тілін ешқашан ұмытпай, әрдайым құрметтеп, қадірлеп жүріңдер.
Негізгі ой
- Ана тілі – ұлттың рухани тірегі, тарихтың аманаты.
- Тілді құрметтеу – елдікті, бірлікті құрметтеу.
- Басқа тілдерді меңгеру маңызды, бірақ ана тілді ұмытпау – парыз.