Ауыл тарихы

Зерттеу жобасы туралы

«Ғ. Мүсірепов атындағы орта мектебі» КММ, география пәнінің мұғалімі — Искаков Елубай Сагитович.

Негізгі мақсат

Кіндік қаным тамған жер — Жаңажол ауылының әсем табиғатын аялау, көркейту және ата-бабадан қалған кең, жасыл өлкені одан әрі гүлдендіру. Табиғатқа жасанды «бояма түр» бергеннен гөрі, оның табиғи сұлулығын сақтап, үйлесімді түрде әрлендіру — бүгінгі ұрпақтың парызы екенін ұғындыру.

Міндеттер

  1. Тақырып бойынша Жаңажол ауылы табиғаты жайлы әдеби деректерді талдау.
  2. Ауылдың тарихымен және мәдениетімен танысу.
  3. Географиялық жағдайын бақылау және байқау.
  4. Туған өлке табиғатын сақтаудың маңызын негіздеу, қорғау жолдарын ұсыну.

Әдістері мен нысаны

Зерттеу әдістері

Талдау, байқау, бақылау, ақпарат жинау, сұрау.

Зерттеу тақырыбы

Жаңажол тарихы, туған өлке табиғаты, халқы, мәдениеті.

Күтілетін нәтиже

Туған өлкемнің әсем табиғаты келер ұрпаққа сақталып жетсе — бұл мен үшін үлкен бақыт. Өйткені кез келген елді мекенді оның табиғаты, мәдениеті, тарихы арқылы танып білуге болады. Туған өлкені көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу — ортақ мақсат.

Жаһандану және күрделене түскен әлемдік бәсекелестік жағдайында таза ауыз су мен табиғатты қорғау мәселелерін шешу — адамдық әрі адамзаттық борыш екенін әр азамат адамгершілік қасиетпен сезінуі тиіс.

— Н. Ә. Назарбаев

1. Кіріспе бөлім. Аңдатпа

Қазіргі уақытта мектептің алдында тұрған негізгі мақсат — оқушылардың ой-өрісін жан-жақты дамыту, оларға қазіргі заман талабына сай білім беру және тәрбие беру.

Оқушыны жан-жақты дамыту дегеніміз — тек дене бітімін жетілдіру ғана емес, сонымен бірге баланың жан дүниесін, рухани өсуін қолдау, қабілеті мен дарынын анықтап кең өрістету, парасатты ой мен адамгершілік көзқарасын қалыптастыру.

Оқушыларды туған өлке тарихымен таныстыру — ата-баба сүйегі жатқан қасиетті жерді құрметтеуге, өлке тарихын үйренуге баулудың бір жолы. Жер-су атаулары адамның қанын тасытатын, мақтаныш сезімге бөлейтін ұғым екенін ұғындыру маңызды.

Туған жерге құрмет

Әрбір адам кіндік қаны тамған жерін қастерлеп, оны аялап қорғайды. Бесік жырының әлди әуенінде де баланың туған жерге деген сағынышы айқын сезіледі. «Туған өлкем — Жаңажол» тақырыбы оқушылардың туған елге құрметінің, балалық махаббатының бір бөлшегі іспетті.

Біздің мақсат — табиғатпен қарым-қатынасты дұрыс қалыптастыру, табиғи әсемдікті сақтауға үйрету және баба өсиетін қастерлеу. Қазіргі таңда табиғатқа әрі тарихи орындарға айрықша мән беріліп келеді. Осы тұрғыдан туған өлкемнің әсем табиғаты, демалысқа қолайлы орындары туралы ой қозғау қажет, өйткені елімізде мұндай қадірлі мекендердің барын әркім біле бермейді.

Жұмыстың мақсатына жету үшін үлкен кісілермен әңгімелестім, түрлі басылымдардан және ғаламтор көздерінен материал жинап, деректерді нақтылап, тәжірибе қорыттым.

2. Негізгі бөлім. Туған өлкем — Жаңажол

2.1. Ауыл тарихы

Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылы облыстың батыс бөлігінде, Қостанай облысының шығыс шекарасына жақын орналасқан. Ауыл облыс орталығынан 200 км, аудан орталығынан 60 км жерде. Селолық округ орталығынан 22 км, Бауман теміржол стансасынан 26 км, Қостанай қаласынан 285 км қашықтықта.

Жер-су атаулары

  • Солтүстігінде — Қараемен ағашы
  • Солтүстік-шығысында — Аққұсақ
  • Оңтүстігінде — Бекбай томары

Аңыз бен дерек ізі

Айтылатын дерекке қарағанда, бұл атаулар Нұралы руынан шыққан адамдармен байланысты. XIX ғасырдың ортасында бұл өңірде өмір сүрген кейбір әулеттер кейін Есеней дәуірінде Қостанай облысының оңтүстігі мен батысына қоныс аударған.

Қараемен ағашынан әрі, Есеней Естемесов Құсмұрын дуанының сұлтан-правителі болған кезде ауыл су алатын Тәсібек көлі Есеней бүркеуімен жалғасқан. Қарағай, қайың, терек өскен бұл бүркеу бірнеше шақырымға созылып жатқан.

Естелік орындар

Есеней қайтқаннан кейін шаруашылықты Ұлпан басқарғаны айтылады. Бүркеу ішінде 60–70 жыл бойы жалғыз шырша өсіп тұрған. 1978 жылы Ғ. Мүсірепов сол шыршаны көріп, «жалғыз болмауы керек» деген екен. Кейін кеңшар директоры Тоқышев Тобыл тайгасынан бала шырша алдыртып, бүгінде екеу болғаны айтылады.

Бұл шыршаға арналған ән мен өлең де бар: әні — Жоламан Тұрсынбаевтікі, сөзі — Мақсұт Әубәкіровтікі.

Бүркеудің шығысындағы үлкен бейітте Есеней, жұбайы Ұлпан, қызы Біжікен және күйеу баласы болыс Торсан жерленген. Зираттың шығыс-оңтүстігінде Ғабең туған, жалдана біткен ағаш — Елтінжал бар. Бұл жерді Ғабеңнің ұлы атасы Мүсірепке Есеней бергені айтылады.

2.2. Ұжымдасу, кеңшар кезеңі және ауылдың өркендеуі

1929 жылы осы өңірде екі колхоз ұйымдастырылған. Аққұсақ маңында «Жаңажол» колхозы құрылып, алғашқы басқарма төрағасы — Табанақов Батқұл. Екінші колхоз Қараемен ағашы бауырында «Жаңа ауыл» деген атпен орналасып, алғашқы басқармасы — Ережепов Рамазан болған.

1931 жылы екі колхоз «Жаңажол» атауымен біріктіріліп, қазіргі ауыл тұрған жерге қоныстанған. Бұл атаудың берілуіне Сәбит Мұқановтың алғашқы ұстазы болған Шәйін Тілегенов себепкер болғаны айтылады.

Ірілендіру және басқару

1950 жылы Жаңажол, Сәбит, Октябрь, Жалтырша колхоздары біріктіріліп, Сәбит Мұқанов атындағы ірі колхозға айналды. Іріленген колхоздың алғашқы басқарма төрағасы болып Сәбит Мұқановтың немере інісі Мұстафин Шәкен сайланған.

1957 жылы Жаңажол ауылы Озерный кеңшарының бөлімшесі болды. 1966–1975 жылдары ауыл С. Мұқанов кеңшарының бөлімшесі ретінде жұмыс істеді. Әкімшілік-аумақтық өзгерістерге байланысты ауылдың облыс, аудан, кеңшар қарамағында ауысып отыруы да кездескен.

1975 жылы Ғабит атамыз елге келгеннен кейін, үкімет алдында мәселе көтерудің нәтижесінде Жаңажол, Октябрь, Жалтырша ауылдары бірігіп, жеке «Жаңажол кеңшары» болып құрылды. Кеңшар бөлек болған соң ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жанданып, жаңа үйлер бой көтере бастады.

Әнге қосылған ауыл

Жаңажол туралы ұстаз Жантас Базарбаевтың «Жаңажол жастарының вальсі» әні ауылдың рухын айшықтайды.

«Жаңажол жастарының вальсі» (үзінді)

Сүйікті ауылсың, Жаңажол,

Жастарға таныссың, Жаңажол.

Алғашқы білімді сен беріп,

Ұшырдың өзіңнен, Жаңажол.

Қайырмасы:

Білімнің қайнары,

Жастарың жайдарлы.

Ғалым да, инженер,

Мұғалім, дәрігер —

Болатын жастарың бар әлі.

Мектебім, ризамыз біз саған,

Құдіретті алыпқа ұқсаған.

Нұр құйып жастарға жыл сайын,

Болашақ өмірге нұсқаған.

Ұл-қызың мәуелі жемісің,

Әніміз әуелер сен үшін.

Ғабит пен Сәбитті оқытқан,

Мектебім, қандай еді игі ісің.