Химиялық реакциялар

Сабақ мақсаты мен күтілетін нәтиже

Сабақтың мақсаты — физикалық және химиялық құбылыстар туралы түсінік қалыптастыру және химиялық реакцияның жүру белгілерімен таныстыру.

Міндеттері

  • Жүргізілетін тәжірибелер негізінде физикалық және химиялық құбылыстар туралы ұғым қалыптастыру.
  • Көрсетілім тәжірибелері мен күнделікті өмірдегі бақылаулар арқылы химиялық реакция белгілерін анықтау.
  • Күнделікті тұрмыста физикалық және химиялық құбылыстарды ажырата білуге үйрету.

Сабақ форматы

Сабақ түрі: аралас сабақ.

Сабақ типі: интербелсенді тақтамен жұмыс, топтық, жұптық және жекелей жұмыстар, тәжірибелер, тест тапсырмалары.

Құрал-жабдықтар

Интербелсенді тақта, маркерлер, суреттер, мырыш (цинк), тұз қышқылы, ағаш ұнтағы, барий хлориді, натрий сульфаты, крахмал, йод, кәрлен ыдыс, сынауықтар.

Сабақ барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Сынып 4 топқа бөлінеді.

I. Ой қозғау

Мұғалім табиғатта және тұрмыста кездесетін құбылыстарды ұсынады. Оқушылардың міндеті — берілген жағдайларды қандай құбылыстарға жіктеуге болатынын анықтау.

Талдауға ұсынылатын жағдайлар:

  • Күннің күркіреуі
  • Жапырақтың сарғаюы
  • Судың булануы
  • Адамның өсуі
  • Найзағайдың жарқырауы
  • Мұздың еруі
  • Сүттің ашуы
  • Ағаштың жануы
  • Темірдің балқуы
  • Шамның жануы
  • Қардың еруі
  • Мұнайдан бензиннің алынуы

Оқушылардың пікірлері тыңдалып, дәлелдері талқыланады.

II. Мағынаны тану

Сабақ тақырыбы: Физикалық және химиялық құбылыстар. Химиялық реакциялар.

Топтық тапсырмалар

  • 1 Физикалық құбылыс
  • 2 Химиялық құбылыс
  • 3 Химиялық реакция
  • 4 Химиялық реакцияның белгілері

Жетелеуші сұрақтар

  • Берілген ұғым туралы ойларыңды қағазға түсіріңдер.
  • Мысал келтіріңдер.
  • Қорғау кезінде ойларыңды өмірмен байланыстырыңдар.

Әр топ өз жұмысын қорғайды.

Суреттермен және жағдаяттармен жұмыс

Әр топқа берілген суреттер бойынша құбылыстарды сипаттап, олардың физикалық немесе химиялық екенін негіздейді.

Көрсетілім тәжірибелері: химиялық реакция белгілері

Тәжірибелер арқылы химиялық реакцияның жүру белгілері түсіндіріледі.

1) Түстің өзгеруі

Картоп құрамындағы крахмалға йод тамызғанда түсі өзгереді. Бұл — химиялық реакция белгісі.

2) Газ түзілуі

Мырыштың тұз қышқылымен әрекеттесуінен сутек газы түзіледі. Газдың бөлінуі — реакция жүргенінің белгісі.

3) Жылу бөлінуі

Ағаш жанғанда жылу бөлінеді. Жылу бөлінуі — химиялық реакцияның маңызды белгілерінің бірі.

4) Тұнба түзілуі

Барий хлориді мен күкірт қышқылын араластырғанда ақ тұнба түзіледі. Тұнбаның пайда болуы — реакция белгісі.

III. Мағынаны ажырату (бекіту)

Әр оқушыға жекелей тапсырмалар беріледі. Мақсат — ұғымдарды нақты ажырату және қорытынды жасау.

Тапсырма 1

Физикалық және химиялық құбылыстарға мысал келтір:

Физикалық

____________________________

Химиялық

____________________________

Тапсырма 2

Физикалық және химиялық құбылыстардың белгілерін ата:

Физикалық белгілер

____________________________

Химиялық белгілер

____________________________

Рефлексия

Бүгінгі сабақ сендерге ұнады ма?

Бүгінгі сабақты қаншалықты меңгердіңдер (пайызбен)? 25%, 50%, 75%, 100%.

Сабақ соңындағы көңіл күйлерің қандай?

Тақтаға стикерлеріңді жапсырып қалдыруларыңды сұраймын.

IV. Оқушыларды бағалау

Оқушылардың топтық жұмысы, тәжірибелерге қатысуы және жекелей тапсырмаларды орындауы бойынша бағалау жүргізіледі.

V. Үй тапсырмасы

Тақырып бойынша қайталау жасап, физикалық және химиялық құбылыстарға күнделікті өмірден қосымша мысалдар жинақтап келу.