Қайдағы той

Мерекенің ашылуы

Мереке би қойылымымен ашылады. Көрініс: «Қыс пен Көктем».

1-жүргізуші

Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен, Маңдайымнан сүйіп жатыр күн — көктем. Жарығыңмен, шуағыңмен, Күн-Ана, Алып келдің жер бетіне гүл көктем.

2-жүргізуші

Халықтың пейілінен жаралғандай, Сұлу күн шуағынан таралғандай. Ел мен жер елжірескен, қуанысқан, Наурызда ажар қандай, арай қандай!

1-жүргізуші

Уа, халайық, халайық! Сөзге құлақ салайық. Сағынып жеткен жыл құсы, Наурызды қарсы алайық.

2-жүргізуші

Уа, халайық, халайық! Өскен елге лайық. Әз Наурызды ардақтап, Дәстүрге құрмет қылайық!

Жүргізушілер сөйлеп тұрған кезде жай әуен сүйемелдейді, көктем арулары шашу шашады.

1-жүргізуші

Самарқанның көк тасын еріткен де — Наурыз!

Ырыс, құт боп еліме төрлет, төрлет, Наурыз!

2-жүргізуші

Күн мен түнді бір мезгіл теңелткен де — Наурыз!

Жүректерде ән болып шырқа, шырқа, Әз-Наурыз!

Ән

«Наурыз»

Құттықтау сөз

Наурыз — жаңғырған жылдың басы, соқпақтың даңғылға айналар жолдың басы. Жиын-тойда айтар сөздің де басы бар. Осы орайда құттықтау сөз кезегін ауылымыздың әкімі ________, балабақша меңгерушісі ________, ауыл ақсақалдарына береміз.

Мерекелік бағдарлама

Уа, ағайын, халайық, Мұнда назар салайық! Мерекесі халықтың — Наурыз тойын бастайық!

Балалар тақпақтарын айтады.

Көрініс: «Қаңбақ шал»

Желдің уілдеген дыбысы естіледі. Қаңбақ шал домаланып, айналып ортаға шығады.

Қаңбақ шал

Армысыздар, ағайын! Осы мен қайда келдім? Наурыз думаны болып жатыр деп естіп едім, келе жатып адасып кеттім.

1-жүргізуші

Ассалаумағалейкүм, ата! Жол болсын!

Қаңбақ шал

Орта толсын! Осы тойға жолдастарыммен келе жатыр едім, жел тұрып ұшырып әкетті. Содан осы жерге тап болдым.

2-жүргізуші

Ақсақал, сіз Қаңбақ шал атанған ата екенсіз ғой. Төрге шығыңыз!

Қаңбақ шал

Жолдастарым да келуі керек еді, ішінде Қарашаш сұлу да бар.

Мыстан

Әй, қауқайған Қаңбақ шал, сен менен бұрын бұл жерге қалай жетіп қалдың? Мұнда не болып жатыр?

Қаңбақ шал

Амансың ба? Наурыз құтты болсын!

Мыстан

Не дейді мына түйеқарын?! Наурызшылың өзіңе!

Қаңбақ шал

Мыстан, мына тойға жолдастарым да келе жатыр, қазір келіп қалар. Сосын Наурызды думандатып тойлаймыз, көңіл көтереміз!

Мыстан

Қайдағы той?! Мыналар не істеп тұр?! Әй, балалар, тараңдар! Ешқандай той болмайды! Қазір қар жауады, үйлеріңе қайтыңдар. Жаурап қаласыңдар!

Қаңбақ шал

Сәл сабыр етіңіз. Бізде Наурыз тойы өтіп жатыр, қонақтар келуі керек.

Мыстан

Ешкім де келмейді. Елшілерін Қара дәудің үйіне сиқырлап ұйықтатып тастағанмын.

Қаңбақ шал

Не дейді мына Мыстан?! Енді қайттік?.. Ә... міне, келе жатыр ғой біреу...

Тазша бала

Ассалаумағалейкүм, халайық! Наурыз құтты болсын!

Қаңбақ шал

Е, шырағым, өзіңмен орта толсын!

Мыстан

Тақылдаған сен кімсің?! Мен сені неге білмеймін?

Тазша бала

Мен халқымның ықыласына тапқырлығыммен жаққан Тазша баламын, әже. Тойды бастамай неге тұрсыздар?

Қаңбақ шал

Мыстан тойға келе жатқан жолдастарымды ұйықтатып тастаған. Енді не істерімді білмей тұрмын.

Тазша бала мен Қаңбақ шал сыбырласады.

Тазша бала

Мыстан әже, көңіліңізді көтеру үшін бишілердің биін тамашаласақ қайтеді?

Мыстан

Керегі жоқ. Білемін сендерді: бәрің мені жек көресіңдер.

Тазша бала

Әуелі көрейікші?

Мыстан

Жарайды, көндірдің. Қане, өнерлеріңді тамашалап көрейік!

Би

Қазақ биі

Мыстан

Ой, айналайындар, мына билерің маған ұнады! Жарайды, қонақтарды алып келейін, олар да тойласын!

Өнер шашуы

Алқа-қауым, той-думан, Ортамызды ашайық. Ән мен күйді шалқытып, Інжу-маржан шашайық. Жиналған халық таң қалсын, Өнерден күмбез жасайық. Қалықтасын ән мен күй, Бар өнерді қосайық.

Балалар тақпағы

Балалар өлең-тақпақтарын орындайды.

Қойылым

Қазақ әндері мен билерінен попурри.

Әуен

Күй мен ән мерекелік көңіл күйді толықтырады.

Ұлттық дәстүр және ойындар

Халық барды-жоғын қазанға салып көпке берсе, жыл берекелі, мерекелі болады деп түсінген. Наурыз күні жеті түрлі тағам қосылған наурыз көже дайындалады. Сонымен бірге ойын-сауық ұйымдастырылып, жұрт өнерін көрсеткен.

Біз де халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрінен қалыспай, ұлттық ойындардан сайыс өткізбекпіз. Ұлттық ойындардың пайдасын ел ертеден білген. «Денсаулық — зор байлық» деген сөз бекер айтылмаған: денсаулықты жастан қалыптастыру қажет.

Арқан тартыс

Ереже: ұзындығы 8–10 м жуан кендір арқан керек. Арқанның тең ортасына орамал байланып белгі жасалады. Екі жақ арқанды қос қолдап ұстап, белгі бойынша өз жағына тартады. Қай жақ ортаңғы белгіні орталық сызықтан бұрын сүйреп өткізсе — сол жақ жеңімпаз.

Қазақша күрес

Қазақтан ертеден келе жатқан спорттық ойын. «Күш атасын танымас» деген асыл сөз осыдан қалғандай. Кім ортаға шығып күш сынасады?

Қыз қуу

Ортаға бір ер бала мен бір қыз бала шығып, атқа мініп бірін-бірі қуады. Егер ер бала қызға жетсе — қыздың бетінен сүйеді, жете алмаса — қыз оны қуады. Қыз жігітке жетсе — қамшымен ұрады.

Жарайсыңдар, ойыншылар! Ойындарың үшін көп-көп рақмет.

Қыдыр Атаның батасы

Аттың дүбірі естілгендей. Қыдыр Ата келе жатқан болар.

Қобыз үні естіледі. Қыдыр Ата ортаға шығады.

Қыдыр Ата

Армысың, жамағат! (қолын жайып) Орта толсын ырысқа, Бейбіт өмір орнасын. Ұлыс күні ұл мен қыз, Білімнің мінсін жорғасын! Бір-біріңе сүйеу бол! Жер беті тола тіршілік, Адамзат соған ие бол! Әумин!

2-жүргізуші

Айтқаныңыз келсін, Қыдыр Ата. Елімізде, білім ордамызда жақсылық болса, оны Сіздің шапағатыңыз деп білеміз!

1-жүргізуші

Жиналыппыз Наурыз тойға бәріміз де, Үлкен-кіші, жасымыз да, кәріміз де. Төрлетіңдер, қадірменді қонақтарым, Гүл-гүл жайнап мына біздің төрімізге.

2-жүргізуші

Асу-асу белдері сырға толы, Атырабы ән-күйге, жырға толы. Жаса, жаса, жайнай түс кемелденіп, Өр қазақтың жазирасы нұрға толы.

Қадірменді халайық, Наурыз тойына жайылған дастарханнан ауыз тиіңіздер.

Тілек

Наурыздан Наурызға аман-есен жетейік! Жыл берекелі болсын!