Сезімтал ана
Көктемнің алғашқы мерекесі — 8 Наурыз
Құрметті қонақтар, аяулы аналар, ардақты әжелер, қадірлі ұстаздар! Көктемнің ең көркем шағы да келіп жетті. Күннің шуағы қарды ерітіп, әлемге мейірім төгеді. Осы шуақты мезгілмен бірге келген көктемнің алғашқы мерекесі — 8 Наурыз құтты болсын!
Негізгі ой
Бұл күн — аналарға, әжелерге, ұстаздарға деген алғыс пен құрметтің мерекесі.
Көктем бейнесі
Бәйшешек қар астынан қылтиып шыққандай, ана жүрегі нәзік болса да, қиындыққа төзімді.
Құттықтау сөздер
Оқушының өлеңі
Бұл күнді тойлап жатыр барша халық —
Әйелдер күні бүгін халықаралық.
Жарыққа бізді әкелген аналарды,
Бүгінгі мерекемен құттықтайық.
Отбасының ұйытқысы — Ана
Ұйытқысы жанұяның береке — сіз,
Аналар, құтты болсын мерекеңіз!
Әрқашан аналарымыз аман болсын,
Алаңсыз, бақытты өмір кешеміз.
Балалардың жүрекжарды лебізі
Құрметті асыл аналар, қызғалдақтай құлпырған қыздар, қадірлі ұстаздар!
Қар астынан қылтиып бәйшешек бой көтергенде, көктемнің алғашқы хабаршысындай болып аналар мерекесі келеді. Бәйшешек нәзік болса да, қалың қардың астынан бүршік жарады. Біздің асыл аналарымыз да нәзік бола тұра, барлық қиындыққа төзімді.
Аналар, көктемгі күндей жарқырап, гүлдей құлпырған мерекелеріңіз құтты болсын!
Бүгінгі күн — аяулы аналар, сіздер үшін!
Шыдамдылықпен, мейіріммен, ақылмен бізді мәпелеп, еркелігімізді кешіріп, жол сілтеген ардақты аналар, бүгінгі әсем әніміз бен көңілді кешіміздің барлығы сіздерге арналады.
Ән мен тақпақтар
Ән
«Ақ мамам»
Тақпақтар топтамасы
Сіздермен өскен балалар —
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейрамыңмен,
Аяулы біздің аналар!
Мәпелейсің мені, анам,
Қолыңдағы құсыңдай.
Құлпыра өсіп, дем алам,
Құшағыңда қысылмай.
Аналарды сүйеміз,
Ақылын ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.
Жан ана — жарық күн жанарың,
Бір сенде кеңдігі даланың.
Балаңды құшақтап сүйгенде,
Сеземін көктемнің самалын.
Әлемге тыныштық тілеген,
Жан ана, жаныңа гүл егем.
Балалық жүректен айтылған,
Махаббатқа толы бұл өлең.
Қысқа құттықтаулар
Аялаған анамыз,
Саялаған санамыз.
Шынары боп өсеміз,
Ана — біздің гүліміз.
Ұл-қызыңды қуанта бер,
Ұзақ өмір сүріңіз!
Үн қатасың бал тілмен,
Еркелеймін әр күнмен.
Құттықтаймын, анашым,
Сегізінші наурызыңмен!
Ойындар мен интерактив
Жылдамдық ойыны
- Қай топ бірінші киініп болады?
- «Менің қалтамның ішінде не бар?»
Аналарға арналған ойындар
«Сезімтал ана»
Аналар балаларын даусынан тануы керек.
«Мимикамен көрсету»
Карточкада жазылған іс-әрекетті мимика арқылы көрсету:
- Баласын мәпелеп отырған ана
- Жұмысқа асығып бара жатқан ана
- Баласына ұрысып жатқан ана
- Баласына ренжіп қалған ана
- Баласын мақтан тұтып тұрған ана
- Баласын еркелетіп тұрған ана
«Еркелетіп ата»
«Ана» деген сөзді естігенде қандай жылы сөздер ойға келеді? Аналар балаларын қалай еркелетіп атайтынын бірге білейік.
Достық пен сыйластық туралы тақпақтар
Достықты біз ойлаймыз,
Бірге күліп ойнаймыз.
Мерекеде қыздарға,
Достық жырын арнаймыз.
Анасыз бір жоқ күнің,
Әжесіз бір жоқ күнің.
Ұсынамыз бүгін біз,
Сөздің сұлу шоқ гүлін.
Баланың да тірегі,
Дананың да тірегі,
Шаншымасын ешқашан
Аналардың жүрегі.
Бүгін — наурыздың сегізі,
Сұлулықтың негізі.
Әдемі сөз — адамның
Анаға айтар лебізі.
Көрініс: «Үш ана»
Қатысушылар
- Жүргізуші
- Қыз
- Ана
- Әже
Жүргізуші
Ойына келген Жанара қуыршағын іздеді. Үстелдің астынан тапты да, хал сұрауды көздеді.
Жанара
Қызым менің, қалайсың?
Томсырайып қарайсың.
Қарның ашып отыр ма?
Тамақ ішсең жарайсың.
Егер тамақ ішпесең,
Қу сүйек боп қаласың.
Отыр, қане, қасыма,
Тамақтанып аласың.
Жанара қуыршағына тамақ береді.
Жүргізуші
Осы сәтте Жанараның анасы үйге кіреді. Тағат таппай қызының халін сұрайды.
Анасы
Жанаржан, бүгін сен тамақ ішіп көрдің бе?
Қызыққа беріліп, ойынды кешке дейін ойнадың ба?
Күнде саған ұмытпай «тамағыңды іш» деймін.
Тіл алмайсың қырсығып — осы сені не істеймін?
Анасы қызының қасына отырып, тамақтандырады.
Жүргізуші
Анасының артынан аптығып әжесі де кіреді. Ол да өз қызының халін сұрап біледі.
Әжесі
Айналайын, алтыным, шаршадың ба, жарқыным?
Ішпедің-ау тамақты — уайымдаймын, қалқам.
Қарашығым, қарағым, түсіңкі ғой қабағың.
Телефонмен тұрып жұмыста, кейде болмай қалады тамағың.
Әжесі қызының қасына келіп, көңілін табады.
Жүргізуші
Аналардың мейірімі елжіреп, әрқайсысы өз баласына сүйсіне қарайды.
Би
«Көбелектер»
Қорытынды құттықтау
Құрметті абзал аналар мен әжелер! Сіздерді көктемнің алғашқы мерекесі — 8 Наурызбен тағы да құттықтаймыз. Бүлдіршіндердің дайындаған гүл шоқтарын қабыл алыңыздар. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рақмет!
Шал ақын ауданы, Ыбыраев ауылы
Мәркен Ахметбеков атындағы орта мектеп
Сарсикеева Алма Ескаковна
Ән
«Айналайын, ақ мамам!»