Шоқан кадет корпусында

Сабақтың тақырыбы

Қазақтың көрнекті ғалымы — Шоқан Уәлиханов (презентациямен).

Сабақтың мақсаты

1) Білімді кеңейту

Қазақтың тұңғыш ғалымдарының бірі туралы білімді тереңдету; Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылық-ғылыми еңбектері, саяхаттары және зерттеу жұмыстары жайлы түсінікті толықтыру.

2) Тәрбиелік мақсат

Артында өлмес сөз бен өнеге қалдырған Шоқан өмірін үлгі ете отырып, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Білім алудың маңызын ұғындырып, ғылыми ізденіске баулу.

Сабақтың сипаттамасы

Сабақтың түрі

Аралас.

Сабақтың типі

Іздену, білімді жинақтау.

Әдіс-тәсілдер

Топпен жұмыс, тапсырмалар орындау.

Көрнекіліктер

Шоқан Уәлихановтың портреті, Қазақстан картасы, интерактивті тақта, презентация.

Пәнаралық байланыс

  • Тарих
  • География
  • Бейнелеу өнері
  • Әдебиет

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Сыныптың назарын сабаққа шоғырландыру, топтарға бөлу, жұмыс тәртібін нақтылау.

II. Тақырыпты анықтау. Ой қозғау

«Гүлдер солады, жұлдыздар сөнеді, адамдар өмірден өтеді. Бірақ адамзаттың бір ерекшелігі — артында із қалады, іс қалады, сөз қалады».
— Ы. Жақаев

Талқылау сұрақтары

  • Қандай адамдардың артында із, іс, сөз қалады?
  • Артына ұмытылмас із қалдырған қандай ұлы тұлғаларды білесіңдер?

Артында өшпес із қалдырып, мол ғылыми мұра қалдырған ұлы тұлғалардың бірі — қазақтың көрнекті ғалымы Шоқан Уәлиханов.

Жаңа сабақтың жоспары

  1. 1 Бала Шоқан
  2. 2 Шоқан кадет корпусында
  3. 3 Ғалым Шоқан
  4. 4 Географ-саяхатшы Шоқан
  5. 5 Ұлы достық: Шығысты зерттеуші ғалымдармен байланысы
  6. 6 Шоқан туралы естелік

Бүгінгі сабақта біз Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылық жолына, ғылыми еңбектеріне, жасаған саяхаттарына және зерттеу жұмыстарына шолу жасаймыз.

Топтық жұмыс

Тақырып бойынша әр топ өздері дайындап келген мәліметтерін ұсынады:

I топ

Ғалым-тарихшылар

II топ

Географ-саяхатшылар

III топ

Суретшілер

IV топ

Ғалым-әдебиетшілер

I топ: Ғалым-тарихшылар

Бала Шоқан

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын бекінісінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты — Мұхаммедханафия. «Шоқан» — ата-анасының еркелетіп қойған есімі; «шоқыдай биік, таудай асқақ» деген мағынаны білдіреді.

Тегі мен отбасы

  • Арғы атасы: Абылай хан.
  • Әкесі: Құсмұрын бекетінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханов.
  • Анасы: әйгілі Шорман бидің қызы Зейнеп.

Шоқанның балалық шағы табиғаты көркем Құсмұрын өңірінде, кейін Көкшетаудағы Сырымбет тауының баурайында өтті. Ол ақылды, парасатты Айғаным әжесінің тәрбиесінде өсіп, жастайынан тарихи жыр-дастандарды, аңыз-әңгімелерді қызыға тыңдап, ерте хат таныды. Сонымен қатар сурет салуға да бейім болды.

Кадет корпусындағы білім жолы

1847 жылдың күзінде әкесі он екі жастағы Шоқанды Омбыдағы кадет корпусына оқуға береді. Ол бұл оқу орнын 1853 жылы аяқтап, атты әскердің корнеті атағын алады және мамандығы бойынша қызметке орналасады.

Оқытылған пәндер

Әскери пәндермен бірге жалпы білім беретін бағыттар да қамтылды: жалпы және Ресей географиясы мен тарихы, Батыс философиясы, физика, математика, шетел тілдері.

Шоқан алғашқыда орыс тілін мүлде білмегенімен, зеректігінің арқасында тілді тез меңгерді. Бұған қоса араб, парсы, ұйғыр тілдерін үйренді. Осы оқу орнында ол ерекше қарқынмен жетіліп, қатарластарының арасында дараланды.

«Екі-үш жылдан соң Шоқан идея жағынан өзінен екі жас үлкендерді де басып озды».
— Г. Н. Потанин (Шоқанның бірге оқыған досы)

Шоқанның зерттеушілік қабілеті оқу кезінде-ақ қалыптаса бастады. Жазғы демалыстарда ел ішіндегі аңыз-әңгімелер мен жырларды жинақтап, сурет салумен шұғылданды. Осы кезеңде ол саяхатшы болуды армандады.