Экономикалық ой-пікірлердің қалыптасуы.
Кіріспе: еңбек, айырбас және қажеттілік
Әлемде сан алуан халықтар еңбек етіп, қоғамдық өндірісті дамытып, өзара байланыс пен айырбас жүргізіп, әртүрлі табиғи жағдайда өмір сүріп келеді. Адам өміріндегі ең қажетті шарттардың бірі — аш-жалаңаш, баспанасыз қалмау үшін еңбек ету, еңбек нәтижесін тұтыну және өзара айырбас қатынастарының болуы.
Маңызды түйін
- Адам жападан-жалғыз күн көре алмайды: бірлескен еңбек — қоғамның бастапқы шарты.
- Экономикалық қатынастар кездейсоқ емес, күнделікті қажеттіліктерден туады.
Алғашқы қауымдағы адамдардың табиғи ортада хайуанаттардан бөлініп шығуының өзі бірлескен еңбекке байланысты болды. Тарихтағы ең алғашқы экономикалық ой-пікірдің бастауы ретінде адамдардың бірігіп аң аулауы, олжаны бөлісуі және айырбасқа ұмтылысы аталады.
Ежелгі ойлар және тауар құны
Ежелгі дүниедегі экономикалық құбылыстар мен процестер Египет, Қытай, Үндістан және Греция ойшылдарының еңбектерінде кеңінен қарастырылды (Ксенофонт, Платон, Аристотель және басқалар).
Аристотельдің байқауы
Аристотель тауар құны ұғымына тоқталып, құнның айырбас қатынасынан шығатынын аңғарған.
Неліктен ғылымға айналмады?
Ерте дәуірлер мен орта ғасырларда тауар-ақша қатынастары, рынок және сауда жеткілікті дамымағандықтан, шаруашылық көбіне тұйық натуралды түрде жүргізілді.
Экономикалық ой-пікірдің ғылыми тұжырымдалып қалыптасуы сауда мен өнеркәсіп капиталының дамуына байланысты болды. Бұл кезең негізінен Еуропада XVI–XVII ғасырларды қамтиды.
Меркантилизм: байлық пен ақша
Алғашқы жүйелі бағыттардың бірі — меркантелистер мектебі (merchante — итальян тілінде «сауда», «пайда табу»). Бұл ағым қоғамдық байлықтың негізі ретінде ақша мен алтынды қарастырды.
Меркантелистердің практикалық ұстанымы
Көбірек экспорт
Тауарды шетелге мүмкіндігінше көп сату.
Аз импорт
Шетелден мейлінше аз сатып алу.
Алтын қорын көбейту
Ақша қорын молайтудың жолдарын іздеу.
Меркантелистер рынок экономикасы теориясы мен практикасының негізін қалаушылар қатарына жатады: олардың пайымдауынша, ақша неғұрлым көп болса, қоғамның байлығы да соғұрлым мол болады. Сауда капиталы тұрғысынан бұл түсінік белгілі бір деңгейде қисынды: саудагерлер мен көпестер капиталы өскен сайын тауарды тасымалдау мен сату ісі жанданады.
Дегенмен меркантилизм халық шаруашылығын толық қамтитын, ғылыми дәлелденген тұтас ілім дәрежесіне көтеріле алмады.
Физиократтар: өндірістің рөлін қайта түсіндіру
Меркантелистердің әлсіз тұсын физиократтар байқап, қоғамдық байлық саудада емес, өндірісте жасалатынын дәлелдеуге ұмтылды. Алайда олар өндіріс қатарына негізінен тек ауыл шаруашылығын ғана жатқызды (Ф. Кенэ, А. Тюрго және басқалар).
Ф. Кенэ және «Экономикалық кесте»
Ф. Кенэ алғаш рет өндіріс теориясына қатысты «Экономикалық кесте» жасап, қоғамдық өндірістің ұдайы даму процесін түсіндіруге тырысты. Бұл еңбек өз заманы үшін терең ғылыми болжамдар қатарына жатады.
Физиократтардың үлкен жаңалығы — экономикалық ойды өндіріс мәселесіне қарай бұруы. Әлсіз тұсы — өндірісті ауыл шаруашылығымен шектеуі және басқа салаларды «өнімсіз» деуі.
Классикалық саяси экономия
Классикалық саяси экономия жаңа дамып келе жатқан капиталистік өндірістік қатынастарды сипаттап, өндіріс капиталының мүддесін қорғайтын экономикалық ой-пікірдің прогрессивті сатысы болды.
Басты табыс
Бұл мектептің негізгі жетістігі — еңбек құн теориясының негізін қалауы. Сонымен қатар ол сауда және өсімқорлық капиталына қарағанда өндірістік капиталдың қоғамдағы ерекше рөлін атап көрсетті.
Маркстік саяси экономия
Маркстік саяси экономия еңбекшілердің, жұмысшы табының мүддесін қорғайтын теория ретінде қалыптасты. Марксшілер капиталистік қоғамды дәріптеуші экономикалық теорияларға сын көзбен қарады.
Қайшылықтың түбірі
Маркстік көзқарас бойынша капиталистік қоғамда негізінен екі тап өмір сүреді: үстемдік жасайтын буржуазия және қанаушы-қаналушы қатынастағы пролетариат. Екі тап арасында бітіспес антагонистік қайшылық бар.
Қазақстан: нарық, тәуелсіздік және білім
Қазақстанда XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында сауда капиталы, тауар-ақша айналымы, халықаралық рынок және еңбек бөлінісіне тартылу процесі бірте-бірте жандана бастады.
Қазақ халқының көшпелі тұрмыс салты мен экономикалық укладтарының жеткілікті жетілмеуі дүниежүзілік мәдениет пен ғылымға еркін кірігуін тежеді. Дегенмен Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік кеңістіктен және Біріккен Ұлттар Ұйымынан орын алуы — тарихи маңызы зор оқиға.
Экономикалық тәуелсіздік неге маңызды?
Экономикалық тәуелсіздік болмайынша, саяси тәуелсіздіктің баянды болуы қиын. Сондықтан қоғамдық еңбек бөлінісінің артықшылықтарын тиімді пайдалану, экономиканың құрылымын жетілдіру, сыртқы сауда мен айырбас қатынастарының заңдылықтарын меңгеру қажет.
Мақалдың мәні
«Сауда сақал сипағанша» — халықаралық сауданың тәртібін мұқият зерттеу, дүниежүзілік рынок логикасын түсіну және бәсекелік күрес жолдарын меңгеру қажеттігін меңзейді.
Қазіргі жоғары оқу орындарында әртүрлі мамандықта оқитын студенттердің экономикалық теория негіздерін меңгеруі практикалық мәселелерді дұрыс әрі жедел шешуге көмектеседі. Сонымен қатар шет тілдерін білетін дарынды жастардың бір бөлігі АҚШ, Англия, Франция, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония, Түркия сияқты елдерде бизнес, маркетинг, менеджмент, банк жүйесі, қаржы-валюта салалары және нарықтық инфрақұрылым заңдылықтарын оқып-үйренуде. Бұл үрдіс одан әрі дами береді.
Қазіргі дағдарыс және күн тәртібіндегі міндеттер
Қазіргі кезеңде экономикалық ғылым бірқатар дағдарыстық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Оның себептері экономика, саясат, идеология сияқты қоғамдық өмір салаларынан байқалады.
Көкейтесті проблемалар
- Еңбек жағдайын жақсарту және тұрмыс деңгейін көтеру.
- Күнделікті қажеттерді өтеуге қажетті тауар қорларын молайту.
- Әсіресе азық-түлік мәселесін шешу.
Экономикалық ғылым адамдардың қажетін өтеу жолдарының заңдылықтарын зерттейді. Бұл заңдылықтар бүкіл халықтың мүддесіне қызмет етуі тиіс. Экономикалық ілім қоғамдық өндірісті және адамдар арасындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарды зерттегендіктен, қоғамның күнделікті тұрмысына, еңбек ету жағдайына қатысты сан алуан мәселелерге назар аударады.
Экономикалық теория пәні: нені зерттейді?
Қоғамдық қатынастардың негізі — өндірістік қатынастар. Олардың құрамына, жалпы алғанда, тікелей өндіріс, айырбас, бөлу және тұтыну қатынастары кіреді. Бұл қатынастардың үздіксіз қайталанып отыруы ұдайы өндіріс процесін құрайды, ал оны дамыту мен жетілдіру — аса маңызды міндет.
Талдауды қажет ететін мәселе
Қазіргі кезеңде ерекше шешімін күтіп тұрған бағыттардың бірі — 70 жылдан аса тарихи орын алған кеңестік экономикаға саяси-экономикалық талдау жасау және соның негізінде бұрынғы әрі қазіргі нарықтық бағыт ұстанған елдердегі әлеуметтік-экономикалық қатынастарды салыстыра зерттеу.
Зерттеу әдістері: ғылым және оқу пәні
Ғылым мен оқу пәнінің айырмашылығы бар. Оқу пәнінде ғылымға тікелей қатысы жоқ нақты өмірлік мысалдар мен түрлі түсіндірулер көбірек қолданылуы мүмкін. Алайда екеуіне ортақ негіз — методология: ғылыми танудың нысандары, әдістері және ұйымдастыру принциптері туралы ілім.
Диалектикалық тәсіл
Экономикалық процестерді танып-білу әдістері жаратылыстану ғылымдарынан өзгеше болғанымен, зерттеуде де, оқытуда да құбылыстарды даму үстінде қарастыруға мүмкіндік беретін диалектикалық тәсіл қолданылады.
Негізгі құралдар
- Статистикалық деректерді пайдалану және жинақталған материалдарды талдау.
- Анализ бен синтез, индукция мен дедукция.
- Жүйелік (системалық) қарастыру, болжам жасау және тексеру.
- Эксперимент, логикалық және математикалық модельдер құру.
Ғылыми абстракция
Экономикалық зерттеулердің маңызды әдістерінің бірі — ғылыми абстракция. Ол зерттеу пәнін кездейсоқ, қысқа мерзімді, дара құбылыстардан ойша оқшаулап, тұрақты әрі қайталанатын мәнін ашуға көмектеседі.
Абстракциялау процесінде категориялар мен ұғымдар қалыптасады: олар құбылыстар мен процестердің жинақталған, мәнді қырларын білдіреді. Дегенмен абстракция әдісінің де шегі бар, оны зерттеушінің дайындығы мен дарындылығы айқындайды.
Индукция мен дедукция
Экономикалық ілімде жекелеген процестерді білу — тек бастапқы қадам. Нақты өмірде оқшау тұрған құбылыстар болмайды: бәрі өзара байланысты. Ғылымның негізгі мақсаты — осы байланыстар арқылы шындықты тану.
Мәтін редакциялық өңдеуден өтті: орфография мен стиль біріздендіріліп, сөйлем құрылысы ықшамдалды.
Жоғарыға қайту