Домбыра - қазақтың жаны

Жезқазған қаласы

№21 жалпы орта білім беретін мектеп КММ

Оқушы

Мұхитден Нұрдәулет Мұхитденұлы (4-сынып)

Жетекші

Ахметова Ақтоты Рахимберліқызы, бастауыш сынып мұғалімі

І. Кіріспе бөлім

Жобаның мақсаты

  • Ата-бабамыздан қалған асыл мұраны жаңғырту.
  • Отанға және елге деген сүйіспеншілік қасиетін арттыру.

Жобаның өзектілігі

Ұлтымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне жан бітіріп, оның құнды қалпын сақтау — бүгінгі күннің маңызды міндеті. Домбыра арқылы ата-бабадан қалған асыл мұра жаңғырып, жас ұрпақтың Отанға, еліне деген сүйіспеншілігі күшейеді.

Міндеттер

1

Домбыра туралы түсінік қалыптастыру.

2

Ата мұрасы — халық қазынасын сақтау.

3

Домбыраның құрылымын білу.

4

Домбыра тәрбиесінің маңызын түсіну.

5

Ата-баба дәстүрін жалғастыру.

6

Домбыра аспабын әлемге таныту.

Жобаның болжамы

  • Қазақтың рухын көтеретін — қоңыр үнді домбыра. Қоңыр үнді жаңғырту арқылы қазақ жастарының ақыл-ойы мен санасы өзгере түсер еді.
  • Егер әр қазақтың үйінің төрінде домбыра болып, оны балаға жастайынан үйретсе, домбыра тартқан бала жамандыққа бармайды, адаспайды деген аталар сөзі бекер айтылмаған.
  • Қазіргі заманда кей жастардың домбыраны менсінбеуі және еуропалық әуенге көп еліктеуі қоңыр үннің кейін ысырылуына әкеліп отыр.

Күтілетін нәтижелер

  • Сыныптағы 22 оқушының 100%-ы домбыра үйірмесіне қатысып, аспаптың қасиетін түсініп, тартуды үйренеді.
  • Жезқазған қаласының мәдени өмірі жандана түседі.
  • Балалар демалыс күндерін тиімді, мазмұнды өткізеді.

Домбыра туралы ұғым

Домбыра — қазақтың ішекті, халықтық музыкалық аспабы. Шанағы көбіне алмұрт пішіндес, мойны ұзын, пернелермен бөлінген. Қазақ танымында домбыра әр үйдің төрінде тұруы тиіс қажетті аспап саналған.

Домбыраның шығу тарихы ғасырлар қойнауына кетеді. Ежелгі Хорезм қаласының қазбаларынан археологтар екі шекті аспапта ойнап тұрған музыканттардың терракоталық бейнелерін тапқан. Ғалымдар бұл аспаптар бұдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген көшпелі сақ тайпаларының музыкалық дәстүрімен сабақтас екенін айтады. Көне екі шекті аспаптардың қазақ домбырасымен ұқсастығы көп, сондықтан оны домбыраның прототипі ретінде қарастыруға болады.

Негізгі түрлері

Батыстық домбыра

Жалы жіңішке әрі ұзынша келеді, орындаушылық техникалары кең тараған.

Шығыстық домбыра

Жалы жуан әрі қысқа келеді, кейбір техникалық әдістер бұл үлгіде сирек қолданылады.

Аспаптың көлемі мен қалыбы дыбыстың күшіне әсер етеді: домбыра көлемі үлкен болған сайын, үнінің қуаты да артады. Дыбысталу сипатын оң қол техникасы да айқындайды: төкпе күйлерде дыбыс білезікті ширақ сілку арқылы екі ішекті қағумен алынса, шертпе күйлерде әуен саусақпен шерту арқылы беріледі. Осылайша домбыра, күй және орындау мәнері өзара тығыз байланысады.

Домбыра тек екі ішекті ғана емес, үш ішекті де болған. Өткен кезеңдерде үш ішекті домбыра Қазақстанның әр өңірінде кездескен, әсіресе шығыс аймақтарда кең тараған. Күй табиғатына қарай домбыра бірде квинтаға, бірде квартаға бұралып, қажетті әуенге келтіріледі.

Домбыра — халқымыздың жан серігі; ол тарих пен тағдырды, тілді, қоғамдық және рухани өмірді, тұрмыс пен әдет-ғұрыпты айқын көрсететін ұлттық байлық.

Ата мұрасы — халық қазынасы

Домбырам, жүрегіммен үндес едің,
Сенімен сырласымдай тілдесемін.
Бабамнан қалған мұрам, сен болмасаң,
Өнердің не екенін де білмес едім.

М. Мақатаев

Домбыра — қазақтың жаны. Ол «тар жол, тайғақ кешу» кезеңдерін бастан өткерген халқымыздың тарихын парақтауға мүмкіндік береді. Әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге жан бітіріп, олардың құндылығын сақтауға қызмет еткенін көреміз.

Көшпелі тұрмыс-тіршілік ерекшелігіне байланысты өнеріміз ғасырлар бойы көбіне жеке орындаушылық формада дамыды. Бұл әр дәуірде дарынды тұлғалардың қалыптасуына жол ашты. Аңызға айналған Қарт Нартай, Асан қайғы сынды тұлғалардың есімдері бүгінге жетіп, күйлері халық басынан өткен қилы кезеңдерді бейнелеп, тарихтан сыр шертеді.

«Домбыра — көшпелі елдің көне көз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі».

Академик А. Жұбанов

Домбыра күйлері арқылы халқымыздың мұңы мен қайғысы, қуанышы мен күйініші, тұрмыс-тіршілігі, арман-тілегі, батырлардың ерлігі, салт-дәстүрі, кең сахара даласы мен сұлу табиғаты суреттелді. Сондықтан домбыра — атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен киелі мұра.

Домбыра үнін естігенде елдің жиналып, тамсана тыңдайтын дәстүрі болған. Домбыра өнері мен күй дәстүрінің өркендеуі балалардың өнер арқылы білімге ұмтылуына, терең ойға баулуына, бойындағы қабілетін шыңдауына ықпал етеді.

Домбыра — дәурен, ән-ғұмыр

О, домбырам! Сиқырлы үнмен сөйлейсің мың тілде сен, Көңілімнің табасын кілті де сен. Мұң шерімді қайдағы қозғамасаң, Кірпігімде шық болып іркілмес ең. О, домбырам! Сиқырлы үнмен сөйлейсің мың тілде сен, Көңілімнің табасын кілті де сен. Тағы мені өзің келіп жұбатасың, Мұң тозаңнан арылып сілкінбес ем. Сен сөйлесең: Тау басынан құлайды сарқырама, Сарқырама тартылып, сарқыла ма?! Көз алдыма келеді жапырақтар, Ағын сумен жөнелген қалқып аға. Сен сөйлесең: Салып еске жастықтың бұла күшін, Өзіне тән қайғысы мен қуанышын. Қайта оралып жап-жасыл күндеріме, Сағыныштан уылжып тұрады ішім.

Домбыра құрылымы

Домбыраның негізгі құрылымы үш бөліктен тұрады: бас, мойын, шанақ. Мойын арқылы аспап белгілі бір сазға түседі; әуен мойыннан құралып, шанақтан шығады; бас — ішек бұрауының тірегі.

Домбыраның басы — Аспан.

Домбыраның мойны — Бәйтерек.

Домбыраның шанағы — Жер.

Домбыра философиясы: күй мен аңыздың сабақтастығы

Ғасырлар қойнауында қалыптасқан музыкалық-эстетикалық асыл мұраларды домбыра жеткізеді. Күй мен оның аңызы қатар өріліп, домбыра мен әңгіме бірін-бірі толықтырып отырған. Ертеде батыр, мерген немесе жолаушы өз басынан өткен оқиғаны руластарына айтып берсе, сол әңгіменің рухын күй сазы күшейте түскен; ал күйдің әуені аңызды әсерлі жеткізуге ықпал еткен.

Домбыра бар жерде қазақтың тілі, өнері, тарихы қатар жүреді. Сондықтан домбыра философиясын ашуда аңыз-әңгімелер желісіне сүйенудің орны бөлек.

Аңыз желісі

Ертеде бір хан қызының кедей жігітпен көңіл жарастырғанын біліп қойып, жігітті дарға асқан екен. Қыздың екіқабат екенін сезген мыстан кемпір мезгілі жеткенде туған егіз сәбиді көз көрмес, құлақ естімес алыс жерге апарып, жап-жасыл үлкен бәйтерекке іліп кетеді: ұлды — батысқа, қызды — шығысқа қаратып.

Сәбилердің көз жасы тамған бәйтерек солып, жүрегі тоқтаған нәрестелермен бірге ағаш та қурайды. Халық ішіндегі қаңқу сөзді естіген ана егізін іздеп жолға шығады. Шаршап келе жатып, бір ағаштың түбіне дамылдап отырғанда құлағына күмбірлеген сарын естіледі. Әуеннің қайдан шығатынын білгісі келіп ағаш басына көтерілгенде, бәйтеректің сынып кеткенін байқайды: түбінен ұшына дейін іші қуыс екен. Екі басында бұтақтан-бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Самал жел тербеткен екі ішектен әуен туады.

«Егіз құлынымнан қалған жұрнақ осы болар» деп, сол ағаштан аспап жасап алады. Батысқа қараған ішек бостау, шығысқа қараған ішек қаттылау керілген екен.