Оқушылардың сабаққа қатысуларын және оқу құралдарын тексеру

Ниет тазалығы – имандылық мұраты

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне арналған «Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз» атты үздік сабақтар бәйгесіне әзірленген тәрбие сағатының мазмұны төменде берілді. Бұл сабақ оқушылардың бойында адалдық пен жауапкершілікті қалыптастырып, ізгі ой мен таза ниеттің өмірдегі мәнін ашуға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

Оқушыларды адамгершілікке, адалдыққа, жақсы ойлауға және айналаға ізгі ниет тілей білуге үйрету арқылы «дұрыс әрекет» құндылығының мәнін ашу.

Сабақтың міндеттері

  • Білімділік: жақсы ой мен ізгі ниеттің адамға әсерін ұғындыру, адалдық пен адамгершілік туралы түсінік қалыптастыру.
  • Дамытушылық: шығармашылық тапсырмалар арқылы адалдық, жауапкершілік, адамгершілік, таза ниет қасиеттерін дамыту.
  • Тәрбиелік: оқушыларды адалдыққа, жауапкершілікке, адамгершілікке және таза ниетке тәрбиелеу.

Негізгі ұстаным

Ниет – әрекеттің бастауы. Таза ниет бар жерде сөз де, іс те, қарым-қатынас та ізгілікке бет бұрады.


Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

Сәлемдесу, оқушылардың қатысуын және оқу құралдарын тексеру. Одан кейін «5Т» ережесін еске түсіру:

тәртіп талап тыныштық тазалық татулық

Тыныштық сәті: «Нұрға бөлену»

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: күн нұры төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай баяу бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі бар. Ол нұрдан біртіндеп ашылып, балғын әрі таза гүлге айналады. Гүл сіздің ойыңызды, сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды тазартып, жүрек кеңістігін айқара ашады.

Нұрдың бүкіл бойыңызға жайлап тарағанын сезініңіз. Оны оймен қолдарыңызға бағыттаңыз: қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашсын. Қолыңыз тек жақсы, ізгі істерге қызмет етсін, адамдарға көмектессін.

Нұр аяқтарыңызға тарасын: олар сізді тек жақсылық жасайтын орындарға апарсын. Нұр аузыңызға, тіліңізге жетсін: тіліңіз тек шындықты айтып, ізгі сөздерді сөйлесін. Нұр құлағыңызға жетсін: құлағыңыз жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естісін. Нұр көзіңізге жетсін: көзіңіз жақсылықты көріп, бар нәрседен ізгілікті аңғарсын.

Басыңыз түгелдей нұрға толсын: санаңызға тек сәулелі, мейірімді ойлар келсін. Нұр күшейіп, денеңізден сыртқа тарасын да, айналаңызға жылулық сыйласын.

Осы нұрды туыстарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да нұр жіберіңіз: олардың жүрегі де нұрға толсын.

Нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын. Ғаламның түкпір-түкпіріне нұр бағыттаңыз.

Ойша айтыңыз:

«Мен нұрлымын… Нұр менің ішімде… Мен нұрмын.»

Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы әлем жүрегіңізде екенін сезініңіз. Осы күйді сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рақмет.

Рефлексия сұрақтары

  • Жаттығу барысында не сездіңіздер?
  • Қандай күйде болдыңыздар?
  • Жүректеріңізбен тыныштықты сезіне алдыңыздар ма?

2) Үй тапсырмасы

Оқулықтың 15-бетіндегі 4-параграф: «Ақыл бар жерде…» әңгімесін оқып келу.

Тексеру сұрақтары

  1. Байлық, Бақыт, Ақыл үшеуі кездескенде не үшін таласып қалады?
  2. Данышпанның бойынан қандай қасиеттерді көруге болады?
  3. Егер сіздің өміріңізде осындай жағдай болса, оны қалай шешер едіңіз? Нені таңдар едіңіз?

Тәуелсіздік туралы ой қозғау

Жұбан Молдағалиев (1920–1989):

Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген.

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Биыл тәуелсіздіктің 25 жылдығы атап өтіледі. Тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ — бұл қазақ халқының ғасырлар бойғы арман-мұратының орындалуы.

Сұрақтар

  • 16 желтоқсан қандай мереке?
  • Желтоқсан оқиғасы туралы не білесіздер?
  • Сол кезде қазақ жастары неге алаңға шықты деп ойлайсыздар?
  • Олардың бойынан қандай қасиеттерді байқауға болады?
  • Жастардың бойынан қандай құндылықты аңғаруға болады?

3) Дәйек сөз

Өткен күннен алыс жоқ,
Келер күннен жақын жоқ.

Қазақтың халық мақалы

  • Дәйек сөзді хормен айтқызу.
  • Мағынасын өз сөздеріңізбен түйіндеу.
  • Дәптерге жаздыру және қорытынды жасау.

4) Әңгімелесу: «Жаңғырық заңы» (өсиет әңгіме)

Бір кісі баласымен тауда серуендеп жүр еді. Бала сүрініп құлап, ауырсынғаннан: «А-а-а!» деп айқайлап жіберді. Сол сәтте таудан дәл сондай үн қайта естілді. Бала таң қалып: «Сен кімсің?» деп айқайлады. Жауап та сол күйі қайталанды: «Сен кімсің?»

Ашуланған бала: «Сен қорқақсың!» деді. Таудан қайтадан: «Сен қорқақсың!» деген жауап келді.

Бала әкесінен: «Әке, бұл не?» деп сұрады. Әкесі: «Балам, тыңда да үйрен» деді де, тауға қарап: «Мен саған қайран қалдым!» деп айқайлады. Жауап та дәл солай қайталанды.

Әкесі тағы: «Сен өте әдемісің!» деді. Таудан: «Сен өте әдемісің!» деген үн естілді.

Сонда әкесі түсіндірді: адамдар мұны «жаңғырық» дейді, бірақ шын мәнінде бұл — өмірдің заңы. Өмір сенің бергеніңді өзіңе қайтарады. Өмір — жасаған ісіңнің айнасы. Өзгенің сені жақсы көргенін қаласаң, алдымен өзің жақсы көр. Адамдардың сені сыйлағанын қаласаң, алдымен өзің сыйла. Сабырды күтсең, сабырды үйрен. Өмір кездейсоқтық емес — өз әрекетіміздің кері қайтқан көрінісі.

Талқылау сұрақтары

  1. «Жаңғырық заңы» дегеніміз не?
  2. «Өмір – жасаған ісіміздің айнасы» дегенді қалай түсінесіздер?
  3. Әкенің сөзі қандай құндылықты ашады?
  4. Ниетіміз дұрыс болуы үшін не істеуіміз керек?
  5. Әкенің бойынан қандай қасиеттерді байқауға болады?
  6. Өмірде қандай әрекетіңіз үшін өзіңізді құрметтейсіз?

5) Шығармашылық жұмыс

Сынып түрлі түсті дөңгелекшелер арқылы 4 топқа бөлінеді. «Жақсылық жасау әр адамның қолынан келеді» бейнебаяны көрсетіледі. Әр топқа тапсырма беріліп, қорғалады:

1-топ

А3 форматты қағазға сурет салу.

2-топ

4 жолды өлең құрастыру.

3-топ

Эссе жазу.

4-топ

Коллаж жасау.

6) Топпен ән айту

«Мейірімді болайықшы, ағайын»

Сөзі: С. Қали • Әні: Қ. Махан

1-шумақ

Көктем етіп көркейтсе де маңайын,

Көріп жүрміз өкпешілдің талайын.

Өшігуді қояйықшы өзгеге,

Кешірімді болайықшы, ағайын!

2-шумақ

Көк нөсерін көл етсе де жауындар,

Көк пен жерді сел етсе де дауылдар.

Пейілдерді пенделікпен тарылтпай,

Мейірімді болайықшы, бауырлар!

3-шумақ

Болашаққа қол ұстасып барайық,

Ақиқаттың ауылын іздеп табайық.

Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз,

Кішіпейіл болайықшы, халайық!

4-шумақ

Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп,

Сонда дағы бөлінумен шаршап ек.

Өзімізге қалайтын нәрсені,

Тілейікші өзгеге де «болса» деп!

5-шумақ

Ұлттың қамын жүректермен ұғынып,

Жұрттың жүгін көтерейік жұмылып.

Қаратайық Құбылаға жүздерді,

Таратайық адамзатқа жылылық!

Ән мәтініндегі ерекшеленген сөздерге назар аударып, мағынасын ашып түсіндіру.

7) Үй тапсырмасы

Оқулықтың 19-бетіндегі 5-параграф: «Болады деп арманда». М. Мақатаевтің өлеңін оқып келу.

8) Қорытынды

Құрметті курсанттар, біз қазір өркендеудің жаңа жолында, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Ел дамуы үшін белгіленген бағдарламалардың бағытын ұстанып, болашаққа сеніммен қарайық.

Соңғы тыныштық сәті

Жай, әсем музыка қойылады. Көзімізді жұмып, сабақтағы жақсы көңіл күйді еске алып, жүрегімізге түйіп қоямыз.

«Мен өмірді сүйемін. Өзімнің адамгершілік асыл қасиеттерімді жүзеге асыруға дайынмын. Өмірімнен, өз ортамнан үйреніп, жақсы адамға айналамын».

Рақмет.


Автор туралы

Павлодар қаласы, КММ Облыстық мамандандырылған әскери мектеп-интернаты. «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі: Омарова Әсем Жангозыевна.