Оқушыларды туған жерге, туған ауылға деген сүйіспеншілігін арттыру
Сабақтың тақырыбы
«Туған жердей жер болмас…»
Сабақтың мақсаты
Оқушылардың туған жерге, туған ауылға деген сүйіспеншілігін арттыру. Туған өлкенің байлығы мен алуан түрлі табиғаты туралы түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық мақсаты
Отанын, туған жерін қорғай білуге, табиғатты аялауға баулу. Халқымыздың талантты ақындарының өлеңдері мен ата-бабамыз қалдырған даналық сөздер арқылы оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу, атамекенді көздің қарашығындай сақтай білуге үйрету.
Көрнекілік, әдістер
- Көрнекілігі: күн мен гүл суреттері, Қазақстанның көрікті жерлерінің суреттері, слайдтар.
- Әдістері: сұрақ-жауап, ой қозғау, кластер, топтық жұмыс, әңгімелеу, сурет салу, ойын-жаттығулар.
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды сабақтың тақырыбымен, мақсат-міндеттерімен және негізгі жұмыс түрлерімен таныстыру.
2) Кіріспе
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем. Мен оның қасиетті тілін сүйем, Мен оның құдіретті үнін сүйем. Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған, Бәрі маған: «Отан» деп сыбырлаған. Жаным менің, кеудемді жарып шық та, Бозторғайы бол оның шырылдаған! Отан! Отан! Бәрінен биік екен. Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем. Отанды сүймеуің де күйік екен, Отанды сүйгенің де күйік екен.
Тәрбиеші: Сәлеметсіздер ме, оқушылар! Өлең жолдарынан нені түсіндіңдер? Авторын білесіңдер ме?
Оқушылар өз ойларын ортаға салады. «Туған жердей жер болмас…» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
Иә, осынау кең-байтақ еліміз, туған жеріміз — Қазақстан. Бұл өлке бізге әсем табиғат пен мол байлық сыйлаған.
Әрқайсымыз айналамыздағы табиғатты бүлдірмей, оны қорғап, болашақ ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз.
Туған жер адамға ерекше ыстық. Балалық шақтағы туған ауыл, туған ел туралы түсінікпен бірге адам бойында Отанға деген махаббат оянады. «Отан — ошақ басынан басталады» деген сөз де осыны меңзейді.
3) Ой қозғау
Тәрбиеші: Бүгін біз туған жер туралы ойларымызды ортаға саламыз.
- Сендердің туған жерлерің несімен көрікті?
- Қазақстанның қандай көрікті жерлерін білесіңдер?
- Табиғатқа шыққанда қоршаған ортаға қандай қарым-қатынаста боласыңдар?
Оқушылар жауап береді. «Отан», «туған жер» ұғымдары кластер әдісі арқылы түсіндіріледі (слайд). Қазақстанның көрікті жерлері слайд арқылы көрсетіледі.
4) Сергіту сәті: «Естігенде шапалақта» ойыны
Мұғалім онға дейін санайды. Оқушылар «он» дегенде ғана шапалақтайды. Кейін тәрбиеші санды шатастырып айтады. Тек «он» сөзін естігенде шапалақтау қажет. Қателескен оқушы ойыннан шығады.
5) Топтық жұмыс: «Күн» және «Гүл» тапсырмалары
1-топ: «Күн» ойыны
Тақтаға күн бейнесі ілінеді. Ішіне: «Туған жер табиғаты бізге не береді?» деп жазылады. Оқушылар күннің жан-жағына «нұр» ретінде табиғаттың адамға беретін игіліктерін орналастырады.
Мысалдар:
ішетін су, жұтатын ауа, азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, қазба байлық, қуаныш, болашақ, білім.
Оқушылар берілген суреттердің ішінен қажеттісін таңдап, күннің айналасына орналастырады.
2-топ: «Гүл» ойыны
Тақтаға ұзын ағаш бейнесі ілінеді. Ортасына: «Біз туған жер табиғатына не бере аламыз?» деп жазылады. Оқушылар табиғатқа қатысты суреттерді таңдап, гүлдің күлтелерін құрастырады. Соның нәтижесінде гүл бейнесі пайда болады.
Керек емес суреттер қоқыс шелегіне тасталады (тазалық пен жауапкершілік қағидасын бекіту).
6) Шығармашылық жұмыс: сурет салу
Оқушыларға өз туған ауылдарының (немесе туған жерінің) суретін салу тапсырылады. Жұмыс бағаланады.
Сабақ барысында «Атамекен» әні орындалады.
7) Қорытынды: «Аспанымыз ашық болсын!» жаттығуы
Тақтаға бұлт басқан күннің суреті ілінеді. Әр бұлтта тапсырмалар беріледі. Тапсырмалар орындалған сайын «күннің көзі ашылады».
- Туған жеріміз — қазақ даласы.
- Отанымыз — Қазақстан.
- Туған қаламыз — Қаскелең.
- Ұлтымыз — қазақ.
- Ана тіліміз — қазақ тілі.
- Қазақстан жер көлемі жағынан 9-орында тұрады.
Балалар, «Туған жердей жер болмас…» атты тәрбие сағатымыз аяқталды. Сау болыңыздар, көріскенше күн жақсы!
Автор
Қаскелең қаласы облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиешісі — Асанова Жамила.