Сұрақтар үлгісі
ОҚО, Созақ ауданы, Шолаққорған жалпы орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: Өтепов Талғат Рәзімханұлы
Алғы сөз
Бүгінгі заман талабы — өнерлі, білімді, туған елінің озық мәдениетінен сусындаған жігерлі жастарды тәрбиелеу. Қоғамның мәдениет деңгейі біліммен анықталатыны сөзсіз.
Сіздерге ұсынылып отырған «Мәдениет — біліммен» интеллектуалдық шоу бағдарламасының негізгі мақсаты да — осы құндылықтарды оқушы бойына сіңіру.
Мәдениеттің әр саласын қамтитын думанды сайыста оқушылар өнердің бес тармағы бойынша бақ сынайды: әдебиет, музыка, сурет, мүсін, театр. Әр бөлімде берілген сұрақтар мен тапсырмаларды орындау арқылы қатысушылар өз білімін көрсетіп, шығармашылық қабілетін шыңдайды.
«Мәдениетсіз ел — мәңгүрт ел, әдебиетсіз ел — әдепсіз ел, білімсіз ел — біліксіз ел, өнерсіз ел — өріссіз ел, ғылымсыз ел — жұлынсыз ел» деген ойды ұстанатын халық үшін тәрбиелік мәні зор осындай бағдарламалардың маңызы айрықша.
«Мәдениет — біліммен» интеллектуалдық шоу
Мақсаты
- Өнер әлемін, білім мен ғылым кеңістігін, мәдениет тарихын терең тануға баулу.
- Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.
- Эстетикалық талғамын арттыру.
Жүргізілу барысы
- 1 «Ұмтылыңыз қалыспай» — топты таныстыру.
- 2 «Әдебиет — сөз өнері» — әдебиет саласы.
- 3 «Ән — көңілдің ажары» — ән және музыка.
- 4 «Бармағынан бал тамған» — мүсін өнері.
- 5 «Бейнелер сыры» — бейнелеу өнері.
- 6 «Сахна — өмір» — театр өнері.
Ұйымдастыру және безендіру
Кеңістікке қойылатын талаптар
- Шоу өтетін орын алдын ала безендіріледі.
- Қатысушы топтардың атауы көрнекі етіп жазылады (мысалы: «Болашақ», «Дәуір»).
- Ұпайларды көрсететін экран (немесе тақта) орнатылады.
- Екі үстел қойылып, үстіне қағаз бен қаламдар алдын ала дайындалады.
- Әр топтан 5–6 оқушы қатысады.
Қанатты сөздер (безендіруге ұсыныс)
«Мәдениетті көтеру үшін мәдениет тарихын, адамзаттың барлық мәдени мұрасын білу керек.»
М. И. Калинин
«Білім — іштегі нұр, өнер — сыртқа салынған түр.»
Т. Ізтілеуов
«Мұралардың ең қымбаты — сөз. Асыл сөз мәңгі жасайды.»
Ғ. Мұстафин
«Ән — халық үні, оның шындығы, ойы мен сезімі.»
Жамбыл
«Бармағыңнан бал тамған шебер болғың келсе, бармақтайыңнан машықтан.»
А. П. Чехов
«Суретші — өз елінің сезімталы, оның құлағы, көзі мен жүрегі.»
М. Горький
«Театр негізі — драматургия.»
Б. Нұрпейіс
Жүргізушінің кіріспе сөзі
Армысыздар, қадірлі қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Өз ертеңін, өз ұрпағын өркениет өрінен көргісі келетін ел мәдениетіне төр ұсынады. Қоғамның мәдениет деңгейі біліммен анықталатыны сөзсіз. Білімді қоғам — мәдениетті қоғам.
Бүгін өнер әлемін жүрегімен сүйетін оқушыларымыз интеллектуалдық шоуға жиналып отыр. Ендеше, жоғары сынып оқушыларынан құралған екі топты ортаға шақырамыз.
Ереже және бағалау
- Бүгін мәдениеттің бес саласы бойынша тапсырмалар орындалады.
- Әр сайыстан кейін қазылар алқасы ұпай береді.
- Ұпайлар экранда көрсетіліп, әр кезең соңында қысқаша қорытынды жасалады.
- Қазылар алқасына мүмкіндігінше өнер саласын білетін білікті мамандар енгізіледі.
Сайыс кезеңдері мен тапсырмалар
1) «Ұмтылыңыз қалыспай» — таныстыру
Екі топ кезекпен өзін таныстырады. Қазылар таныстырудың мазмұны, сөйлеу мәдениеті, ұжымдық үйлесіміне қарай ұпай қояды.
Әр кезең басталғанда тақырып экраннан көрсетіліп отырады.
2) «Әдебиет — сөз өнері»
Теориялық тапсырма
Үстел үстіне сұрақтар жазылған кеспеқағаздар қойылады. Топ мүшелері алған сұрағына 30 секунд ішінде ақылдасады. Гонг соғылғаннан кейін топ атынан бір оқушы жауап береді.
Сұрақ үлгілері:
- Әдебиеттің тектерін ата.
- Жергілікті ақын-жазушыларды және олардың еңбектерін ата.
- Көркем шығармаларға байланысты қандай фильмдер түсірілген?
- М. Әуезов туралы естелік айт.
- С. Сейфуллиннің қандай әндері бар?
- Көрермен сұрағы (көрермендер қояды).
Практикалық тапсырма
Берілген ұйқасқа өлең шығару.
Ұйқас үлгісі:
................................................................. күнім, ................................................................. үнің, ................................................................. ................................................................. тілің.
3) «Ән — көңілдің ажары»
Теориялық тапсырма
Сұрақ үлгілері:
- Қазақтың алғашқы бұлбұл әншілері кімдер?
- Әлемдік ән байқауларының қазақстандық жеңімпаздарын ата.
- Шәмшінің бір әнін орында.
- «Суреттегі кім?» (әнші, композиторлардың суреті ұсынылады).
- Дауыс түрлері қандай?
- Көрермен сұрағы.
Практикалық тапсырма
Қазақ әншілеріне пародия жасау. Тапсырма алдын ала үйге беріледі.
Кезең соңында ұпай жарияланып, нәтижелер экранда көрсетіледі.
4) «Бармағынан бал тамған» (мүсін өнері)
Теориялық тапсырма
Сұрақ үлгілері:
- Қазақтың атақты мүсіншілерін ата.
- Еліміздегі сәулетті ғимараттарды ата.
- Домбыраның құрылысын түсіндір.
- «Мына мүсін қай жерде? Кімге арналып соғылған?» (суреттер беріледі).
- Композиция деген не?
- Көрермен сұрағы.
Практикалық тапсырма
«Төрт түлік» тақырыбында қағаз, ермексаз және басқа материалдарды қолданып композиция жасау.
- Тақырып алдын ала үйге беріледі.
- Оқушылар сұлбасын үйден дайындап, сайыс орнында құрастырады.
- Жасаған жұмысын түсіндіріп, қорғайды.
Уақытты тиімді пайдалану үшін көрермендерге қосымша сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар ұсынылады.
5) «Бейнелер сыры» (бейнелеу өнері)
Теориялық тапсырма
Сұрақ үлгілері:
- Қазақстанның Туы мен Елтаңбасын сипаттап бер.
- Живопись, натюрморт дегеніміз не?
- Графика дегеніміз не?
- Қазақтың халық суретшілерін ата.
- Ауданыңызда қандай суретшілер бар?
- Көрермен сұрағы.
Практикалық тапсырма
Мектеп өміріне байланысты әзіл-сықақ сурет салу. Тапсырмаға топ мүшелерінің барлығы қатысады.
- Уақыт: 5 минут.
- Топ өз суретін түсіндіріп, қорғайды.
- Қазылар ұпай қояды.
6) «Сахна — өмір» (театр өнері)
Теориялық тапсырма
Пікірталас: «Әртіс болудың пайдалы жақтары» және «Әртіс болудың зиянды жақтары».
Екі топ таңдаған тақырып аясында ой таластырып, өз ұстанымын дәлелдейді. Сөз мәдениеті, ой ұшқырлығы, дәлелдің жүйелілігі бағаланады.
Практикалық тапсырма
Мектеп өмірінен шағын сахналық қойылым көрсету.
Кезең соңында қорытынды ұпайлар жарияланып, жеңімпаздарға сыйлықтар тапсырылады.
Қорытынды және финалдық ән
Шоу соңында екі топтың мүшелері бірігіп, арнайы жазылған «Мәдениет — біліммен» әнін орындайды. Ән «Қазақы дастарқаным» әуенімен айтылады.
Ән мәтіні
Шарықтап өнерімен, Жасайды елдігіміз. Тасытып кемерінен, Жалғайтын біз боламыз. Мәдениет — білімменен Көркейер қолымызда. Мәдениет — күнім менің, Нұр шашар жолымызға. Мәдениет ошақтарын Ұсындық төрімізге. Құшаққа алсақ бәрін, Құт болар бәрімізге. Мектебім — алтын ұям, Білімнің нәрін берген. Ойымда сан мың қиял, Өзіңсің тәлім берген.
Соңы.