Қазақ тілі аса бай, икемді тіл
Тілім менің тұтастығым
Бұл тәрбие сағатының басты мақсаты — оқушыларды туған халқының тілін қастерлейтін, саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу.
Мақсаты
Ана тілін қадірлеу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылыққа құрметті тереңдету.
Көрнекілігі
Сыныпты тақырыпқа сай безендіру, нақыл сөздер мен қанатты ойларды іліп қою.
Сабақтың өзегі
Тіл — рухани қазына, ұлт жады, ұрпақтан-ұрпаққа аманат.
Мұғалімнің сөзі
Ана тілі — адам жаратылғаннан бергі жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек. Ана тілі жүректің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның бар толқынын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап отыратын қазына.
Оқушылардың ой-толғауы
Мейрам
Тіл туралы толғаныс
Қазақ тілі аса бай, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрымын тауып, қисынын, орайын келтіріп қолдансаң, бұл тілмен сурет салуға да, тас қашауға да, ағаш оюға да, текемет өрнектеуге де болады. «Бұл тілден май тамады» деудің өзі жарасады. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, алуан шекер, балдай татитын нәріне, әріне еш тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне... Осындай майса, сұлу тілді қалай өгейсітуге болады?!
Ақбаян
Ана тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылады ойдағы.
Тілім өссе, мен де бірге өсемін,
Тілім өшсе, мен де бірге өшемін.Ана тілін білмеген — ақылы жоқ желікбас,
Ана тілін сүймеген — халқын сүйіп жарытпас.
Әлішер
Туған тілім — бабам тілім — өз тілім,
Туған тілім — анам тілім — өз тілім,
Туған тілім — далам тілім — өз тілім,
Туған тілім — адам тілім — өз тілім.
Мағжан
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!
Ән — ана тілінің үні
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең — менше сүй.
Ана тілі — ән. Орындайтын — хор.
Ой қозғау
Жанерке
Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы — ерінбе.
Адамдықты көздесең, жаттап-тоқы көңілге.
Балалар, тіл туралы біз не білеміз? Ойларымызды ортаға салайық.
Сабина
Халық бар жерде — тіл бар. Тіл бар жерде — өнер бар. Өнер бар жерде — жанкүйер бар. Әр халықтың ана тілі — оның бақыты, оның қуанышы.
Айбар
Туған тіліңді мақтан ету, оны таза сақтау, оның өрлеп-өсе түсуіне еңбек сіңіру — әрбір қазақ отбасының жүрегіндегі жауапкершілік.
Нұрсұлтан
Халықтың қуаты — тілдің қуаты. Біз ана тілімізді ең айтқыш, ең білгір, ең бай тілдердің біріне айналдыруымыз керек.
Тіл туралы мақал-мәтелдер
- Өнер алды — қызыл тіл.
- Тіл тас жарады, тас жармаса — бас жарады.
- Шебердің қолы — ортақ, шешеннің тілі — ортақ.
- Тіл қылыштан өткір.
- Басқа бәле — тілден.
Қорытынды тілек
Қалың елім, қазағыңа қорған бол!
Жеткіншегім, жайқала өсіп орман бол.
Шет тілі мен компьютерді меңгеріп,
Елге тірек, нағыз ұлттық тұлға бол!
Осымен тіл мерекесіне арналған тәрбие сағатымыз аяқталды.