Қазақ Шәмшіге қарыздар
«Ән қанатында»
Қазақстанның халық әртісі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовты еске алуға арналған әдеби-музыкалық кештің мазмұны мен өткізу жоспары.
Кештің мақсаты
- Ш. Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығын таныстыру.
- Оқушылардың музыкаға, ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру.
- Эстетикалық тәрбие беру, көркем талғамды қалыптастыру.
Көрнекілігі мен қажетті құралдар
Көрнекі материалдар
Слайдтар, фотосуреттер, композитор өмірі мен шығармашылығына қатысты деректер.
Музыкалық жабдық
Музыкалық аспаптар, фонограмма, дыбыс күшейткіш құралдар.
Кештің жоспары
- 1 Слайд арқылы композитордың өмірбаянына шолу жасау.
- 2 Оқушылардың әдеби-музыкалық монтажы.
- 3 Ш. Қалдаяқовтың халыққа кең танымал әндерін орындау.
- 4 Шәмшіге арналған өлеңдерді мәнерлеп оқу.
- 5 Қорытынды сөз.
Кештің барысы
1-жүргізуші (слайд бойынша)
Аса көрнекті сазгер, ән жанрының ірі тұлғасы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, осы заманғы қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі — Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқов Оңтүстік Қазақстан облысында (Қызылқұм өңірінде) дүниеге келген. Ол бала кезінен-ақ бойындағы талантын алқалы жиындарда танытып, өнерге бейімділігін ерте көрсетті. 1950 жылдан бастап шығармашылықпен жүйелі түрде айналысты. 1956–1962 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда В. В. Великановтың класында білім алды.
2-жүргізуші (слайд көрсетіліп тұрады)
Шәмші әндері ғажайып әуезділігімен, лирикалық нәзіктігімен ерекшеленеді. Оның қазақ эстрадалық ән өнеріне қосқан үлкен үлесі — әуенді ұлттық нақышпен құнарландырып, халықтық қайнармен шебер қабыстыруында. Бұл — композитордың қазақтың музыкалық дәстүрімен біте қайнасқанын айқын дәлелдейді. Бағзы мен бүгінгі мақамдарды үйлестіре білуі Шәмші Қалдаяқов туындыларының даңқын кең жайып, халық жүрегінен орын алуына жол ашты.
1-жүргізуші
Даңқты жазушы Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы кезеңінде университет студенттері алдында сөйлеген сөзінде Шәмші саздарын Ақан сері мен Біржан сал дәстүрінен кейінгі тың жаңалық ретінде бағалағаны белгілі. «Бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» деген аттың сыры да осында. Әсіресе 1960–1970 жылдары оның әндері жастардың жүрегінен ерекше орын алды.
М. Шаханов — «Қалдаяқов өзені» (мәнерлеп оқу)
Бар қазақты тамсандырған, Таңнан таңға ән салдырған, Өзін әнмен қарсы алдырған Шәмші едің. Зорсынғанның көбісі құр сүлде, Ешкім көзі тірісінде Ән көгінен дәл өзіңдей Таба алған жоқ нар сенім — Қандай ғажап кереметің бар сенің. Ұлылыққа еліктегіш отсыз, нәрсіз көздер көп, Біреулер жүр саусағының көмегімен сазгер боп. Ал сен — ұлы жүрегіңмен, Пейіліңмен, тілегіңмен Дарын едің, алдыңа жан салмаған, Ұлт сезімін арқалаудан талмаған. Отырардың еңкеймеген рухын Әр қазаққа ән арқылы жалғаған. Бәлкім содан маңдайыңның Қасіреті тым қалың. Пенделік пен кеңдікті көп көрсең де сен сынбадың, Заманыңда ұшырсаң да әннің небір сұңқарын, Тіпті сазгер қоғамына мүше болмай кеттің-ау — Ерлік шығар сондай сәтте еңкейместен тұрғаның. Өкпелеме қазағыңа, өкпелеме, іңкәрім. Жігіттің бір жарқыны едің, Дәуірдің сом алтыны едің, Елдің де арайы, Бірақ сеннен әлдеқайда қымбатқа Бағаланды қалайы. Солай көшкен бұл даладан Ұлылардың талайы. Мына шақта ізгіліктің тауы тозған кезеңде, Қырандардан қораздар мен тауық озған кезеңде, Хас тұлпарды топ жабағы Қалың шаңға жауып озған кезеңде, Айналдың сен енді ешкім бөгей алмас өзенге. Енді саған өшпес-өлмес атақ-даңқтың кезегі, Келгендігін досың түгіл қастарың да сезеді. Кеш болса да жадырап-ақ, еркелеп-ақ еліңе, Ұлтымыздың ұлы өзені — Қалдаяқов өзені.
Көпшілікке кең танымал әндер (оқушылар орындауында)
1) «Әнім сен едің»
Өлеңі: Т. Молдағалиев. Әні: Ш. Қалдаяқов.
Орындайтын: қыздар вокалы
2) «Ана туралы жыр»
Өлеңі: Ғ. Қайырбеков. Әні: Ш. Қалдаяқов.
Орындайтын: Ақниет
3) «Арыс жағасында»
Өлеңі: М. Шаханов. Әні: Ш. Қалдаяқов.
Орындайтын: Толғанай
4) «Бақыт құшағында»
Өлеңі: Т. Молдағалиев. Әні: Ш. Қалдаяқов.
Орындайтын: Айдар
5) «Қайықта»
Өлеңі: Н. Әлімқұлов. Әні: Ш. Қалдаяқов.
Орындайтын: Меруерт
Қорытынды
Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ музыка өнеріндегі ең ірі тұлғалардың бірі — сөзсіз Шәмші Қалдаяқов. Қазақ елі Шәмшіге қарыздар. Өйткені ұлы сазгер ұлт рухы әлсірей бастаған кезеңде халықтың еңсесін ән арқылы тіктеп, жүректерге үміт дарытты. Ол мұңды үдетіп жылатудан гөрі, жанары жасқа толған жұртты жұбата білген тұлға еді. Ол — ұлт патриоты, елін шексіз сүйген перзент.
Шәмшіні «жазбай кеткен ұлы ақын» деуіміздің себебі бар: ол ән мәтінін таңдауда да, сөз иесіне талап қоюда да ерекше талғампаздық танытты. Мұндай поэтикалық сезім мен көркемдік өлшем бүгінгі кәсіби композиторлардың бәріне бірдей тән емес. Даралық — әрі бақыт, әрі ауыр жүк. Даралықты алып жүру үшін зор төзім керек. Шәмші — сол төзімнің, сол биіктіктің жемісі.
Қаламгерлер бағасы
Шәмші ән шығара бастаған кезең — соғыстың жарасы әлі толық жазылмаған ауыр уақыт еді. Ана зарына, жоқтау үніне құлағы үйренген халықтың шерлі жүрегін салтанатты шеру емес, сыршыл әуенмен жібітіп, талайдың тауы шағылған көңіліне көктем орнатып, гүл еккендей әсер сыйлады оның әндері.
Мен өзімді музыка әлемінің аса білгірімін деп айта алмасам да, халқымның ән-күйіне құлақ қойып, содан жаным жай тауып, рухани ләззат алатыным рас. Шәмші — қазақ ән өнеріне ұлттық бояуы қанық, өлмейтін туындылар әкелген аса дарынды сазгер. Оның әндерін 1960-жылдардан бері бүкіл қазақ шырқап келеді. Шәмші батыс өнеріндегі вальсті қазақ топырағына жақындатып, ұлтымыздың төл өнері санатына қосып жіберді. Сондықтан оны замандастары «қазақ вальсінің королі» деп құрмет тұтты.
Пайдаланылған әдебиеттер
- «Аңыз адам» журналы.
- Қалдарбек Құрманалиев — «Шәмші туралы аңыз».
- «Шәмші әндері» жинағы.
- «Қазақстан мәдениеті» энциклопедиясы.