Ананы бұған итермелеген баласына деген асыл махаббаты
Қазақ әдебиеті (8-сынып): «Аққулар ұйықтағанда» — қасірет пен қасиет
Бұл сабақта Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы арқылы адамдық таңдаудың салмағы, ананың махаббаты, киелі ұғымдар және табиғатқа құрмет тақырыптары талданады. Сабақ пікірсайыс форматына құрылған: оқушы тек мазмұнды қайталап қоймай, дәлел келтіріп, өз көзқарасын қорғауға үйренеді.
Мақсаты
- Ақын өміріне қысқаша шолу жасап, поэманы талдау арқылы идеясы мен мақсатын ұғындыру.
- Оқушы білімін жинақтап, талдауға, өз ойын еркін айтуға және дәйексөзбен дәлелдеуге дағдыландыру; сын тұрғысынан ойлауды дамыту.
- Кейіпкер тағдырына ортақтаса білуге баулу; мейірімді, бауырмал болуға тәрбиелеу; сұлулық пен махаббатты тануға бағыттау.
Сабақ форматы мен әдістері
Сабақ түрі
Пікірсайыс
Сабақ типі
Бекіту
Әдістер
Ой қозғау, топтастыру, дебат, эссе, «автор орындығы».
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру
- Сәлемдесу.
- Оқушылардың қатысуын тексеру.
- Зейінді сабаққа бағыттау.
1) Қызығушылықты ояту: ой қозғау
Фариза Оңғарсынова «Мұқағалидың ақыны бар халық — бақытты халық» деген. Шынында да, Мұқағали Мақатаев қазақ әдебиетінің алтын қорына өлшеусіз үлес қосып, поэзия әлемінде өшпес із қалдырған ақиық ақын.
Сабақта біз поэзия «патшалығына» сапар шегіп, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының астарына үңілеміз: алтын қақпа ашық, ал шығарма «сарайының кілті» — өз ойымыз бен дәлеліміз.
Талқылау сұрақтары
- Мұқағали туралы не білеміз?
- Қандай шығармаларын атай аламыз?
- Бұған дейін танысқан шығармамыз қайсы?
Тақырыпты анықтау
Поэмаға арқау болған мәселені табу және негізгі кейіпкерлерді атау.
Негізгі кейіпкерлер
Ана және аққу.
II. Мағынаны тану: топтастыру (аққу бейнесі)
Қазақ халқы ырым мен наным-сенімге мән бергендіктен, аққуды ерекше киелі құс деп таныған. Аққу — бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің әрі сұлулықтың нышаны. Сол себепті халық санасында аққуға оқ ату — ауыр күнә, киені қозғау ретінде қабылданады.
Мәдени-әдеби байланыстар
- Сәкен Сейфуллин — «Аққудың айырылуы».
- Қорқыт мұрасы, Ықылас Дүкенұлы мен Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйлері.
- Болат Аюханов — «Аққу» биі.
- П. И. Чайковский — «Аққу көлі».
- Шекспир — «Венеция көпесі» (аққу бейнесі көркем деталь ретінде ұшырасады).
- Аспандағы шоқжұлдыз атауы: «Аққу».
- Салт-дәстүрдегі өрнек атауы: «Аққу мойын».
Аңыз және мағына
Ел аузындағы аңыздардың бірінде: бір адам аққудың киесін білмей, оған оқ атады дейді. Сонда сыңары жұбынсыз өмір сүре алмай, өзін-өзі өлтіреді. Ал әлгі адам ұзақ жыл өтсе де отбасын құра алмай, перзентсіз, жалғыз күйде дүниеден өткен екен. «Аққу — құстың төресі, жалғыз жатып оттамас» деген нақыл осы түсінікті күшейтеді.
Бұл сюжет ойға еріксіз «Қыз Жібек» жырын түсіреді: Қыз Жібек те Төлегенсіз өмірді елестете алмай, қайғылы шешімге келеді. Осы ұқсастық аққу бейнесінің махаббат пен адалдық символы ретіндегі салмағын аша түседі.
Поэманың өзегі
Поэмада ананың балаға деген махаббаты бәрінен күшті болып көрінеді: ол перзенті үшін киелі ұғымға қарсы барып, ауыр қадамға барады. Тәуіптің сөзіне сенген ана ақыры қасіретке ұрынып, перзентінен айырылып, өмірден түңіледі. Енді осы әрекеттің дұрыс-бұрыстығын таразылау — пікірсайыстың басты міндеті.
III. Пікірсайыс: «Ана әрекеті дұрыс па?»
Позиция 1
Иә, дұрыс.
Дәлелдер: аналық инстинкт, үміттің соңынан бару, баланы аман алып қалуға ұмтылыс.
Позиция 2
Жоқ, дұрыс емес.
Дәлелдер: киеліге қол көтеру, табиғатқа қиянат, сенім мен жауапкершіліктің бұзылуы, салдардың ауырлығы.
Пікірталасқа жетелейтін сұрақтар
- Көл неліктен «Жетімкөл» атанған?
- «Тәуіп» дегеніміз кім? Оның ұсынған емі қазіргі медицинаға жата ма?
- Қазақ халқы тағы нені киелі санаған? (Бүркіт, үкі, киік, киелі сандар: 3, 7.)
- «Аққуға кезенерде ырым жасап, тым құрыса саусағыңды қанаттың ба?» деген жолды қалай түсіндіресің?
IV. Толғаныс: 5 минуттық эссе
Егер сіз автор болсаңыз, шығарманы қалай аяқтар едіңіз? Қысқа эсседе өз нұсқаңызды ұсыныңыз: финалдың идеялық салмағы қандай болмақ, қандай түйін жасар едіңіз?
V. Үй тапсырмасы
- «Аққудың киесі» тақырыбына ой-толғау.
- «Ана махаббаты» тақырыбына ой-толғау.
- «Аққу – ана – бала» тақырыптарының біріне шағын шығарма жазу және поэма желісі бойынша сурет салу.