Қымбатты ұстаздар мен оқушылар, ата - аналар
Іс-шараның мақсаты
Ш. Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттау, әндерінің сырын терең сезініп құрметтеу, сондай-ақ бірлестік жетекшілерінің мектеп ішінде өтіп жатқан мәдени шараларға жауапкершілігін байқап, белсенділігін арттыру.
Көрнекілігі
- Ш. Қалдаяқовтың портреті
- Презентациялар
- Суреттер
Түрі
Ән кеші (ән байқауы)
Кештің атауы: «Сағындырған әндер-ай»
Кештің барысы
Жүргізушілердің сөзі, қатысушылардың орындауы, қонақ өнерпаздар және қорытынды бөлім.
Қонақтарды қарсы алу
І-жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, оқушылар және ата-аналар!
ІІ-жүргізуші: Қадірменді әнсүйер қауым! Ән әлемінің падишасы, қазақ вальсінің королі атанған халық артисі, ұлы сазгер Ш. Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Сағындырған әндер-ай» атты ән байқауына қош келдіңіздер!
І-жүргізуші: Біздің мақсатымыз — Шәмші әндерінің сырын сезініп, құрметтеу және мектептегі мәдени шараларға жауапкершілікті күшейтіп, белсенділікті арттыру. Әр қатысушы Ш. Қалдаяқовтың бір әнін орындайды.
І-жүргізуші: Бүгін сіздердің алдарыңызда мектеп мұғалімдері дайындаған Шәмші әндері шырқалады. «Ақ ерке – Ақ Жайықтың жағасында» шалқып, «Бақыт құшағында» балқып, «Қайықтың» сазында тербеліп, әсем ән мерекесін бірге тамашалайық.
Кештің ашылуы
ІІ-жүргізуші: Кешімізді мектебіміздің жезтаңдай әншісі Ш. Мұстафина орындайтын «Ақ ерке – Ақ Жайық» әнімен ашамыз. Сахнаға Ш. Мұстафина!
Қонақ өнерпаз
ІІ-жүргізуші: Халықаралық «Күншуақ» фестивалінің лауреаты Әбдікаримова Жалғасгүл орындауындағы Шәмші әндерінен попурриді қабыл алыңыздар!
Шәмші мұрасы туралы
Жүргізуші: Ш. Қалдаяқов — халқымыздың рухани азығына айналған, ән өнерінің інжу-маржаны саналатын шығармалардың авторы.
Сайыскерлер
Жүргізуші: Келесі кезекте Шәмші әндерін орындайтын сайыскерлерімізді сахна төріне шақырамыз:
- 1 Жанұзақова Орынгүл
- 2 Жұмасейіт Қайрат
- 3 Қаржауова Салтанат және Тәңірбергенов Арман
- 4 Төретаева Алтынай
- 5 Ақбаева Алтынгүл
- 6 Көпжасарова Нұршаш
- 7 Садақбаева Нұргүл және Аманова Ләззат
- 8 Аяғанова Мөлдір
Әділқазылар алқасы
Жүргізуші: Бүгінгі сайысқа қатысушылардың өнерін әділ бағалайтын әділқазылар алқасымен таныс болыңыздар:
- 1 Ш. Мұстафина — музыка пәнінің мұғалімі
- 2 Қабақбаева Б. — мектепалды дайындық тобының мұғалімі
- 3 Есалина Гүлжанат — Оқушылар сарайының хор және вокал үйірмесінің жетекшісі
Сайыскерлерімізге сәттілік тілейміз!
Бағдарлама және орындалатын әндер
Шәмші әлеміне жетелейтін шағын әңгіме мен сахналық шақырулар.
Ана туралы ән
Жүргізуші: Шәмшіге ән шығару қасиеті анасынан дарыған. Анасы Сақыпжамалдың үні қоңыраудай сыңғырлаған, ән салғанда ажары ашылып, тоты құстай түрлене түсетін аяулы жан болған. Осы аналық өнеге Шәмшінің өнер жолына шамшырақ болды.
Енді кезекті Шәмшінің ана туралы жыр-әніне береміз. Сахнаға Жанұзақова Орынгүл! Қошеметпен қарсы алыңыздар!
«Арыс жағасында»
Жүргізуші: Шәмшіде арнау әндер өте көп. Бірде Қалқожа есімді азамат: «Аға, әндеріңізде неге Арыс жоқ? Ерке өзенінің аруларын неге қоспадыңыз?» деген сауал қояды. Сол сұрақтан кейін «Арыс жағасында» әні дүниеге келеді.
Қазір осы әнді орындайтын Жұмасейіт Қайратты ду қол шапалақпен ортаға шақырайық!
«Сыр сұлуы»
Жүргізуші: «Сыр сұлуы», «Қайықта», «Кешікпей келем деп ең», «Ақ бантик», «Теріскей», «Бәрінен де сен сұлу», «Бақыт құшағында» сияқты әндердің ғұмыры ұзақ. Шәмші әндері қазақ халқымен бірге жасай береді.
Келесі кезекте «Сыр сұлуы» әнін орындайтын Қаржауова Салтанат пен Тәңірбергенов Арман!
Студенттік шақтың әуені: «Қайдасың»
Жүргізуші: Студент кезінде шығарылған «Қайдасың», «Қайықта» әндері жастар арасында кең таралып, бүгінге дейін орындалып келеді.
Ендігі кезекте «Қайдасың» әнін орындайтын Төретаева Алтынайды қарсы алыңыздар!
«Өмір-өзен»
Жүргізуші: Бар қазақты тамсандырған, таңнан-таңға ән салдырған, өзін әнмен қарсы алдырған — Шәмші!
Шәмшінің «Өмір-өзен» әнімен Ақбаева Алтынгүлді ортаға шақырамыз.
«Кешікпей келем деп ең»
Жүргізуші: «Әннің қадірін әнші білер, әншінің қадірін Шәмші білер» — қазақ сахнасында Шәмші әндерін шырқап жүрген жас әнші Әйгерім Қалаубаева репертуарындағы «Кешікпей келем деп ең» әнін бүгін мектеп сахнасында Аяғанова Мөлдір орындайды.
«Әнім сен едің»
Жүргізуші: «Жаңа ғана бойжеткен, жас күнімді еске алам… Шәмші ағаның жазатын кездері ғой асқақ ән…» — деп Күләш апамыз жырлағандай, келесі кезекті «Әнім сен едің» әніне береміз.
Бұл әнді Садақбаева Нұргүл мен Аманова Ләззат орындайды.
Вальс дәстүрі: «Қуаныш вальсі»
Жүргізуші: Халық Шәмшіні «Қазақ вальсінің королі» деп бекер атамаған. Оның көптеген әндері вальс ырғағында жазылған. Шәмші әндеріне вальс билемеген жан бар ма? Ата-аналарымыз да осы вальс әуендерімен табысып, танысқан емес пе?
Алдарыңызда тағы бір вальс: «Қуаныш вальсін» орындайтын математика пәнінің мұғалімі Көпжасарова Нұршаш!
Қорытынды бөлім
Жүргізушінің қорытынды сөзі
Еліңмен әнің салмайды бөлек іргесін,
Болашаққа барасың, бастап жыр көшін.
«Менің Қазақстаныммен» жан аға,
Қазақтың көк байрағымен біргесің.
Әндеріңмен айдынды шалқар көлдейсің,
Көңілімде әлі отырған күліп сол кейпің.
Жер бетінде қазағым аман тұрғанда,
Өлмейсің, аға, өлмейсің, өлмейсің.
Шырқалса әнің қалада, дархан далада,
Тыңдайды ұйып, бесікте жатқан бала да.
Соңына өшпес рухани мұра қалдырдың,
Тірісің мәңгі, тірісің мәңгі, жан аға.
Осылайша Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Сағындырған әндер-ай» атты ән байқауымыз өз мәресіне жетті.
Әділқазылар шешімін күту сәті
Әділқазылар орындарын белгілегенше, келесі кезекте кішкентай бүлдіршініміз Жақсылықова Шахризаданы өзбек биімен қарсы алыңыздар.