Келіп қонды неше ара

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті: математика сабағы (ойын элементтері арқылы)

Бұл оқу іс-әрекеті 1-ден 20-ға дейінгі сандарды ойын арқылы бекітуге, балалардың ойлау қабілетін дамытуға және әлеуметтік-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған.

Білім беру саласы

Таным

Тақырыбы

1–20 дейінгі сандар

Техникалық құралдар

Компьютер, интерактивті тақта

Мақсаты

Білімдік

1–20 аралығындағы сандар туралы білімдерін жинақтау және қорытындылау; тура және кері санауды пысықтау; есту арқылы сандарды ажыратуға жаттықтыру.

Дамытушылық

Балалардың ой-өрісін кеңейту, ойын арқылы логикалық ойлау және зейін қою қабілеттерін арттыру.

Тәрбиелік

Үлкенді сыйлауға, айтқанын тыңдауға, кішіге қамқор болуға тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Көрнекілік
  • Логикалық есептер
  • Санамақтар

Оқу іс-әрекетінің барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Балалардың хормен айтатын өлеңі

Үлкенге де сіз,
Кішіге де сіз,
Барша адамды құрметтеп,
Бас иеміз біз.

Балалардың назарын сабаққа аудару. Бүгін біз ертегілер әлеміне саяхатқа шығамыз. Саяхатқа пойызбен аттанамыз.

Сұрақтар мен тапсырмалар

  • Біз қандай сандармен таныстық?
  • Вагон сандары ретімен тіркелген бе?
  • Ендеше, вагондарды ретімен тіркеп алайық.
  • Вагондарды ретімен санайық.
  • Енді кері санайық.
  • Вагондар саны нешеу?
  • Тақтадағы вагондарды ретімен қойып шығайық.

II. Жаңа сабақ

Қызығушылықты ояту

1, 2, 3 —
Сынып іші тып-тыныш.
Жалқаулықты тастаймыз,
Сабақты біз бастаймыз!

Дәптермен жұмыс

1-тапсырма

Қалдырған сандарды жаз. Әрбір екінші жапырақты сары түспен боя.

2-тапсырма

Әр ыдысқа бір қарындаштан қос. Әр ыдыста неше қарындаш болады? Екі ыдыстағы қарындаштарды бөліп салып көр. Тағы қандай тәсілмен өзгертуге болады?

3 + 2 = 5
4 + 1 = 5
2 + 3 = 5
1 + 4 = 5

Сергіту сәті

Балалар сергіп алғаннан кейін, ауызша есептер шығарамыз: мен жасырамын, сендер жауабын айтасыңдар.

Ауызша есептер

  1. Екі балапан тұр, екі балапан отыр. Шатаспай тез ойлансаң, барлығы қанша балапан?

    Жауабы: 4

  2. Пісіп тұрған төрт алмұрт. Екі алмұртты бұтақтан алып жеді Мұрат. Қанша қалды алмұрттан?

    Жауабы: 2

  3. Бес алманың үшеуін досың сұрап алды. Айтшы, сонда өз қолыңда нешеуі қалды?

    Жауабы: 2

  4. Тал бойында тізіліп бес жапырақ тұр еді. Жел соқты да үзіліп, ұшып кетті үшеуі. Ілініп тұр әлі жапырақтың нешеуі?

    Жауабы: 2

  5. Табақта төрт өрік, қолымда бір өрік. Қосқанда барлығы болады неше өрік?

    Жауабы: 5

  6. Алма ағашта бес алма. Бесеуін де жеп қойсам, қалады сонда неше алма?

    Жауабы: 0

  7. Алғашында бір ара қонушы еді. Бүгін ол төрт туысын ертіп келді. Келіп қонды неше ара?

    Жауабы: 5

Ойын: «Ұяшықтарды таңдайық»

Ұяшықтарды таңдау арқылы сандарды тану, салыстыру және санау дағдылары бекітіледі.

III. Қорытындылау

Ойын: «Көршісін тап»

  • Берілген сандарды ретімен орналастыру.
  • Сандарды тура және кері санау.
  • Сандардың «көршілерін» (алдыңғы және кейінгі санын) табу.

IV. Мадақтау

Оқу іс-әрекетіне белсенді қатысқан балалар мадақталады. Жетістіктері атап өтіліп, келесі тапсырмаларға ынталандыру беріледі.