Қараның асылдығына осы дәлел

Достық туралы

Достық — адамдардың бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, ортақ мүдде мен бір көзқараста тоғысатын қасиеті. Ол — өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың айғағы.

Нағыз достық адамға шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, түскен қайғы мен қиындықты бірге көтеруге жәрдемдеседі. Дос-жарандардың мінезі әртүрлі болуы мүмкін: біреуде қызбалық немесе шабандық, екіншісінде тұйықтық не жігерсіздік байқалса да, бұл достыққа кедергі емес. Керісінше, шынайы достық осындай мінез кемшіліктерінен арылуға көмектеседі.

Достыққа сыйыспайтын қасиеттер

  • сатқындық;
  • екіжүзділік;
  • өтірікшілік;
  • өзімшілдік.

Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде достыққа айрықша мән беріледі. Халық арасында бұл туралы мақал-мәтелдер өте көп:

«Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады»

«Досы жақсының, өзі де жақсы»

«Дүниеде адамның жалғыз қалғаны — өлгені, қайғының бәрі соның басында»

Достыққа қарама-қарсы ұғым — қастық пен күншілдік. Мұндай сезімге ерік берген адам өзгенің қуаныш-қызығын, ырыс-бағын көтере алмайды; «дос» дегеннің мәнін де түсінбейді. Сондықтан дұрыс дос таңдай білу — өмірлік мақсаттардың бірі.

Саясаттанудағы «достық» ұғымы

Саясаттануда «достық» термині мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық, мәдени мүдделер тұрғысынан ынтымақтастық орнату үдерістерін сипаттау үшін қолданылады.

Қазіргі кезеңде достық бұрынғыдан да қажет. Достық — өмірде ештеңемен бағаланбайтын құндылық. Дос табу оңай болғанымен, оны сақтау одан да қиын. Достыққа нәзіктікпен қарап, берік ұстау керек: ол баптауды қажет ететін нәзік өсімдік секілді.

Достықты сақтау үшін жан-тәнімізбен еңбек етуіміз қажет. Қайтарым күтпей беруді үйрену керек. Ал сенім мен жарқын көңіл — достықты берік ететін негізгі тірек. Өзі шынайы дос бола білген адамның достары да көп болады және ол бұл дүниеде өзін жалғыз сезінбейді.

Тапсырма: түсінуді тексеру (1–5)

1. Нағыз достық не береді?

  • А) сенім береді
  • В) шабыт береді
  • С) құндылық береді
  • Д) шынайылық береді
  • Е) адалдық

2. Достыққа не кедергі бола алмайды?

  • А) сатқындық
  • В) адалдық
  • С) сыйластық
  • Д) шынайылық
  • Е) мінез

3. Өмірлік мақсаттардың бірі

  • А) дос таңдай білу
  • В) достықты таңдай білу
  • С) еңбек түрін таңдай білу
  • Д) арманға қол жеткізу
  • Е) бақытты болу

4. Саясаттанудағы «достық» ұғымы мемлекеттер арасында не үшін қажет?

  • А) сенімді арттыру үшін
  • В) қарым-қатынас үшін
  • С) саяси тұрақтылық үшін
  • Д) ынтымақтастық орнату үшін
  • Е) дос болу үшін

5. Достықты берік ететін не?

  • А) сенім мен жарқын көңіл
  • В) татулық
  • С) саяси тұрақтылық
  • Д) ынтымақтастық
  • Е) шыдамдылық

Ажал аузындағы махаббат

Бір жұп ғашық болыпты. Жігіт әлсіз, жасқаншақтау екен. Қандай қиындыққа тап болса да, алдымен қалыңдығын сынап көргісі келетін әдеті бар. Ал бойжеткен осы мінезіне жиі назаланатын.

Бір күні олар теңізге саяхатқа шығып, қайықтары дауылға тап болып аударылады. Әзер дегенде қайықтың сынық ағашына жармасып аман қалған екеуі қайдан да бір көмек келер деп күтеді.

Қауіпті сәттегі сұрақ

Батыл әрі қайсар бойжеткен жігітін сынамақ болып: «Сен қорқасың ба?» — деп сұрайды. Көзінде үрей тұрған жігіт қалтасынан үнемі алып жүретін пышағын шығарып: «Егер қауіп төнсе, алдымен сені қорғаймын», — деп сеніммен жауап береді. Бойжеткен бұл батыл сөзге іштей риза болады.

Көп ұзамай үлкен жүк кемесі оларды байқап, құтқаруға жақындайды. Дәл сол сәтте қос ғашық өздеріне таяп қалған жыртқыш акуланы да көреді.

Қыз: «Тез! Ана кемеге бар күшімізбен малтыйық. Мүмкін аман қалармыз!» — деп айқайлайды. Бірақ жігіт қызды бар пәрменімен итеріп жіберіп, өзі бөлек жүзіп кетеді. Қыз аңырып қалады да, төніп келе жатқан ажалға шарасыз екенін сезіп, іштей күйзеледі.

Алайда акула қызға бұрылмай, жігіт жүзіп кеткен жаққа қарай кетеді. Бейшара жігіт әп-сәтте акуланың тісіне ілінеді. Жанталасқан сәтінде бар даусымен: «Мен сені сүйемін!» — деп айқайлап үлгереді.

Бойжеткен есін жиғанда кемедегілер жігіттің қазасына қайғырып жатқанын көреді. Кеме капитаны келіп: «Бикеш, өмірімде көрген ең ержүрек адам — сіздің жігітіңіз. Оның өліміне қатты қайғырамыз», — деп жұбатады.

Қыз көз жасын сүртіп: «Жоқ! Ол — қорқақ. Мен ештеңеге қайғырмаймын», — дейді.

Шындықтың ашылуы

Капитан байыппен түсіндіреді: «Мен бәрін бақылап тұрдым. Ол сізді кемеге қарай итергеннен кейін өз білегін тілді. Акуланың қанға сезімталдығы өте күшті. Егер ол бұлай етпегенде, сіздің аман қалуыңыз екіталай еді».

Қанша әлжуаз, жасқаншақ көрінсе де, шынайы сүйіспеншілікке толы жүрек өмірдің ең қатерлі сәтінде өз махаббаты үшін құрбандықтан бас тартпайды.

Тапсырма: түсінуді тексеру (6–10)

6. Қыз неге назаланады?

  • А) ғашығына көңілі толмай
  • В) жігіті ренжіте береді
  • С) теңізге шыққанына
  • Д) қиындықта сыналғанына
  • Е) дауылға

7. Олар қалай аман қалды?

  • А) қайықтың сынық ағашын ұстап
  • В) кемедегілер көмектесті
  • С) малтып аман қалады
  • Д) тасты ұстап аман қалады
  • Е) акула көмектеседі

8. Қыз жігітін қалай сынайды?

  • А) «Мені құтқар» дейді
  • В) «Қалай құтыламыз?» дейді
  • С) «Сен қорқасың ба?» дейді
  • Д) «Тез кемеге жетейік» дейді
  • Е) «Мен сені сүймеймін» дейді

9. Қызды жігіт қалай құтқарды?

  • А) кемеге жеткізді
  • В) итеріп жіберді
  • С) құтқарған жоқ
  • Д) білегін тіліп жіберді
  • Е) акуланы өлтірді

10. Жігіт неге құрбан болды?

  • А) жүрегі сүйіспеншілікке толы болды
  • В) қорқып қашты
  • С) әлжуаз болды
  • Д) ерлік көрсетті
  • Е) махаббатын дәлелдегісі келді

Сөзден тосылу

Наушабай деген кісі жол жүріп келе жатып, Абайдың үйіне түседі. Жайғасқан соң: «Абайжан, өзіңе асыл сөз, алғыр ой тауып айтқан кісі болды ма?» — деп сұрайды.

Абайдың әңгімесі

Абай сәл ойланып отырып: «Менің Әбдірахман деген балам бар еді. Оны тоғыз жасында Семейдегі орыс мектебіне бердім. Мектепті бітірген соң Петерборға жібердім. Қыста оқып, жазғы демалыста үйге келетін. Сұрастырып қарасам, оқуы жақсы. Алымдылығын сынап көрейін деп бір күні жай әңгімелесіп отырып: “Қалқам Әбіш, осы әлем жаратылысында ақ зат асыл ма, қара зат асыл ма?” — деп сұрадым», — дейді.

Әбіш іркілместен: «Ақ зат асыл», — деп жауап береді. Абай: «Неге, қара зат асыл емес пе?» — дейді. Әбіш күліп: «Қараны қалай асыл дейсіз?» — деп қарсы сұрайды.

Абайдың дәлелдері

  1. Адам баласы дүниені көзбен көреді, бірақ көздің ағы көрмейді — ортасындағы кішкене қарашығы ғана көреді.
  2. Қағаз ақ болғанымен, білімді адам қара сиямен жазылған сөзден алады.
  3. Жас кезде сақал-шаш қара болады, ал ақыл, білім, қайрат молырақ; қартайғанда шаш ағарып, күш-қуат та бәсеңдейді.

«Сондықтан ақтан гөрі қараны асыл ма деп ойлаймын», — дейді Абай.

Сонда Әбіш: «Оның бәрін қалай білдіңіз?» — деп сұрайды. Абай: «Ақылмен білдім», — дейді. Әбіш іле-шала: «Олай болса, ақыл мида емес пе, ал ми — ақ зат. Екіншіден, ақыл — нұр, жарық; ол да аққа ұқсамай ма?» — деп жауап қайтарады.

Түйін

Абай баласының тапқыр сөзіне риза болып, маңдайынан иіскейді. Бұл қысқа оқиға ойдың ұшқырлығы мен сөздің салмағын, дәлелдің құнын ұғындырады.

Ескерту: Мәтіндер оқылым тапсырмасына ыңғайланып, емле мен тыныс белгілері түзетіліп, стильдік тұрғыдан ықшамдалды.