Соғыс жылындағы балалар тағдыры

Ұлы ерлік — ұрпаққа үлгі

Бұл материалдың негізгі мақсаты — қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы, түрлі ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы, қазақ халқының батырлары және 28 панфиловшының ерліктері туралы мағлұмат беру, оқушылардың білімін тиянақтау, сондай-ақ батылдыққа және отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Слайдтар
  • 28 панфиловшылардың суреті мен тізімі
  • Сөзжұмбақ
  • Оқушылар салған суреттер
  • Мақал-мәтелдер

Сабақ құрылымы

  1. I Ұйымдастыру кезеңі
  2. II Сабақ мақсатымен таныстыру
  3. III Қорытынды

Тарихи шолу: соғыстың басталуы және ауқымы

1941 жылғы 22 маусым

Фашистік Германия соғыс жарияламастан, тұтқиылдан КСРО-ға шабуыл жасады. Осылайша Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы басталды.

Адам шығыны

Тарихта Ұлы Отан соғысындай қасіретті соғыс аз. Соғыста 27 миллионнан астам адам қаза тапты. Соның ішінде 410 мыңнан астамы — қазақстандықтар.

316-атқыштар дивизиясы

1941 жылы Алматыда генерал И. В. Панфилов 316-атқыштар дивизиясын құрды. Бұл құраманың жауынгерлері Мәскеуді қорғауда өшпес ерлік көрсетті.

Мәскеу түбіндегі ерлік: 28 панфиловшы және Бауыржан Момышұлы

Мәскеу түбіндегі шайқаста 316-атқыштар дивизиясының даңқы асқақтады. Осы кезеңде құраманың батальон командирі болған, кейін Кеңес Одағының Батыры атанған Бауыржан Момышұлы ерекше танылды.

Оқушылар орындауындағы өлең жолдары

Тастар көкке атылды,

Жамылды жер тұманды.

Орман шулап, тау құлап,

Өрт ішінде қалды бақ.

1-оқушы

Жиырма сегіз батырды,

Жиырма сегіз қыранды,

Жеңе алмады жау бірақ,

Жеңе алмады жау бірақ.

2-оқушы

Оқ астынан зулаған,

Жау жеңілді ақыры,

Туған жермен бір болып,

Атты бейбіт таң күліп.

3-оқушы

Жиырма сегіз қыранды,

Жиырма сегіз батырын,

Жеңе алмады жау бірақ,

Ұмытпайды ел мәңгілік.

4-оқушы

Топтық тапсырмалар

1-топ: мақал-мәтелді толықтыру

  1. Елдің атын … шығарады.
  2. Көз — қорқақ, қол — …
  3. Шешен жігіт — жол бастар, … — қол бастар.
  4. Ер адам … сақтамайды.
  5. Батырға оқ дарымайды, батылға … жоламайды.
  6. … айқаста танылады.
  7. Ақылдан асар амал жоқ, … алмас қамал жоқ.

2-топ: «Жеңіс» сөзжұмбағы

1) Мәскеу үшін шайқаста ерлік көрсеткен қазақ батыры кім?
Бауыржан Момышұлы
2) Біз қай күндері демаламыз?
Мереке күндері
3) Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткендерге қандай атақ берілді?
Кеңес Одағының Батыры атағы
4) «Батыр» сөзіне мағынасы жуық сөзді тап.
Ерлік
5) 28 панфиловшы қай қаланы жаудан қорғады?
Мәскеу қаласы

3-топ: шығармашылық жұмыс

«Әрқашан күн сөнбесін» тақырыбына сурет салыңыз. Жұмыста бейбіт өмірдің құндылығы, үміт пен мейірім идеялары көрініс тапсын.

Сахналық бөлім: соғыс жылдарындағы балалық шақ

Тележүргізушінің кіріспесі

«Балалар, біз соғысты көрген жоқпыз. Бірақ сол сұм соғысты бір сәт көз алдымызға елестетіп көрейік».

Баланың монологы

«Әке, есіңізде ме, майданға кетерде менің маңдайымнан сүйіп тұрып: “Мә, құлыным, жоғалтпа”, — деп бір тал шашыңызды жұлып беріп едіңіз ғой. “Жоғалтпа, тығып қой. Мені сағынғанда осы шашты тұтатасың. Сонда мен Ер Төстіктің Шалқұйрық аты сияқты жетіп келемін”, — деп едіңіз. Мен аманатыңызды ұзақ сақтай алмадым. Бір күні қатты сағынып, үй сыртындағы төбеге барып шақпақ тұтаттым. Бір тал шашыңыз лып етіп жанып кетті, бірақ сіз уәдеңізде тұрмадыңыз… Енді көңілге медет — майданнан жазған хаттарыңыз ғана».

Соғыс жылдарындағы балалардың естелігі

«Біз қазір сексеннің сеңгіріне жақындасақ та, ол кезде небәрі тоғыздан он бес жасқа дейінгі балалар едік. Әкелерімізді майданға шығарып салып, елдегі шаруашылықтың тұтқасын өз қолымызға алдық. Ертеден кешке дейін, қараңғы түн құшағында егін ордық, жер жырттық, станокта тұрып оқ жондық, бомба жасадық, жауынгерлер үшін жылы киім жинастырдық».

Бейбіт өмір туралы ой түю

Жас ұрпақтың тілегі — соғыс оты ешқашан тұтанбасын, балалар жетім қалмасын, әр шаңыраққа тыныштық орнасын.

Келмесін ол күн, келмесін,

Төнбесін қатер, төнбесін!

Соғыс өрті жанбасын,

Сәбилер жетім қалмасын!

Есігіне әр үйдің,

Бесігіне сәбидің —

Мәңгілік бақыт орнасын,

Болмасын соғыс, болмасын!

Мұқағали Мақатаев өлеңінен

Тележүргізушінің қорытынды сөзі

«Енді қайтып соғыс өрті болмасын, қыршындардың өмір гүлі солмасын. Аналардың ақ жүрегін әрқашан бүкіл әлем қамқор болып қорғасын. Ежелден-ақ қаһарман қазақ халқы — елді қорғау айбынды ата салты. Жеңістің әр жылдық мерейінде ерлерді еске алайық, даңқы арта берсін».

Хор: «Ақ көгершін» Ән: «Катюша»

Қорытынды: Жеңіс күні — бейбітшіліктің бағасы

1941–1945 жылдардағы соғыс — ерлікке толы, қаһарлы кезең. Уақыт өткен сайын ол жылдар алыстап, тарихқа айналып барады. Бірақ Жеңіс күні бізге ең алдымен бейбітшіліктің қадірін ұғындырды.

Миллиондаған адамның өмірі қиылып, зор құрбандықпен келген 1945 жылғы Жеңіс — бәріміз үшін қымбат. Біз соғысты көрмесек те, ата-әжелеріміздің әңгімесінен оның қандай қасірет екенін сезінеміз.

Қан майданда жанын қиып, жаумен шайқаста ерлік көрсеткен ата-апаларымыздың рухына мәңгі тағзым етеміз. Оларды әрдайым жадымызда ұстаймыз.

Автор туралы мәлімет

Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы, Аягөз аудандық білім бөлімінің «№4 аралас жалпы орта білім беретін мектеп» КММ бастауыш сынып мұғалімі Сахариева Куляш Оразбековна.