Пікір сайысы

Арнайы пәндер оқытушысы

Толбай Мөлдір Төлеубайқызы

Тақырыбы

Қызға қырық үйден тыйым

Тобы

1 тех.

Тәрбие сағатының барысы

Бұл тәрбие сағаты қазақтың тыйым сөздері арқылы қыз баланың тәрбиесі, мәдениеті және әдеп-ғұрпы туралы ой қозғауға бағытталған.

Кіріспе сөз

I жүргізуші: Армысыздар, құрметті студент қауымы! Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы — «Қызға қырық үйден тыйым».

II жүргізуші: Қайырлы күн! Ата-бабамыз: «Қыз өссе — елдің көркі, гүл өссе — жердің көркі» дейді. Қазақ ұғымында қыз — нәзік те қадірлі, қасиетті жан.

Тыйым сөз дегеніміз не?

I жүргізуші: Тыйым сөздер — жасалуы дұрыс емес, әдепке және мәдениетке сай келмейтін әрекеттерден сақтандыратын тәрбиелік қағидалар. Мысалы: «Малды теппе», «Ақты төкпе».

II жүргізуші: Қыз балаға қатысты тыйымдар көбірек айтылады, себебі қыз — ұяңдық пен ибалықтың, көркем мінездің символы. Мысалы: «Үлкеннің алдын кеспе», «Тізеңді құшақтама», «Жағыңды таянба», «Есікті керме». Бұлардың бәрі — тәрбиелік мәні бар сөздер.

1-кезең: Тыйымның мағынасын ашу (топтық жұмыс)

I жүргізуші: Қазақ халқы ырым-тыйымға бай. Көп тыйым сөздер халқымыздың дүниетанымы мен ырымдарына тікелей байланысты. Екі топқа бөлініп, берілген тыйымдардың мағынасын ашамыз. Әр дұрыс жауап — 5 балл.

II жүргізуші ұсынған тізім

  1. Бүйіріңді таянба.
  2. Үлкеннің алдын кеспе.
  3. Табалдырықта тұрма.
  4. Өзің су ішкен құдыққа түкірме.
  5. Жағыңды таянба.

I жүргізуші ұсынған тізім

  1. Есікті қатты жаппа.
  2. Қайын жұртыңның атын атама.
  3. Келін болсаң, орамалды басыңнан тастама.
  4. Табалдырықта отырма.
  5. Тізеңді құшақтама.
  6. Екі елі аузыңа төрт елі қақпақ.

2-кезең: Тыйым айту жарысы

II жүргізуші: Әр топ тыйым сөздерді жарыса айтады. Бір-бірінің сөзін қайталамайды және әр тыйымның мағынасын толық түсіндіреді. Әр дұрыс жауап — 1 балл.

3-кезең: Қысқа көріністер

I жүргізуші: Әр топ 3 қысқа көрініс көрсетеді. Келесі топ көріністің қай тыйым сөзге байланысты екенін табады. Әр дұрыс жауап — 5 балл.

4-кезең: Пікірсайыс және ситуациялық сұрақтар

II жүргізуші: Топ басшылары бір-біріне қазақтың тыйым сөздеріне және қыз тәрбиесіне қатысты сұрақтар қояды. Әр дұрыс жауап — 2 балл. Содан кейін қарсы топ ой-пікірін білдіреді.

Ситуациялық сұрақтар

  1. Егер сіз өзіңізден үлкен адамның алдынан байқамай кесіп өтсеңіз, не істер едіңіз?
  2. Болашақ ұстаз ретінде практика кезінде оқушыңыз сіз білмейтін тыйым сөздің мағынасын сұраса, қалай жауап берер едіңіз?
  3. Сіздің ойыңызша, қыз бала қандай болуы керек?
  4. Өзіңіздің бойыңызда қазақ қызына тән қандай қасиеттер бар?

Қорытынды

I жүргізуші: Осымен тәрбие сағатымыз аяқталды. Екі топ та белсенділік танытты.

II жүргізуші: Жеңімпаздарға сыйлықтарымызды табыстайық. Ойын болған соң жеңіс те, жеңіліс те болады. Баршаңызға алғыс айтамыз!

I жүргізуші: Ендеше, бәріміз бірге «Қыз сыны» әнін орындайық.