Қуаныш өлеңі

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

Сыныбы

4

Пәні

Өзін-өзі тану

Сабақтың тақырыбы

Қуаныш — жан шуағы

Мақсаты

Оқушылардың бақыт, сыйластық және махаббат құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту.

Сабақтың форматы

  • Түрі: жаңа ұғымды қалыптастыру
  • Типі: жаңа сабақ

Міндеттері

  • Қуаныш сезімінің адам өміріндегі мәнін түсіндіру.
  • Өзара жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын дамыту.
  • Мейірімділікке тәрбиелеу.

Әдістері мен көрнекіліктер

Ой қозғау Бес жолды өлең Топтастыру

Слайдтар, көбелек, гүл және жүрекше суреттері.

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру және қызығушылықты ояту

Оқушылар шеңберге тұрады. Мұғалім: «Бүгін сендерді көргеніме қуаныштымын. Бүгінгі сабақта бір-бірімізге қуаныш сыйлайық» деп, жылы лебіз білдіреді.

Шаттық шеңбері: ән айту

Ән: «Айгөлек»

Сөзі: Н. Баймұхамедов

Әні: Б. Байқадамов

Өлең мәтіні

Көлдей шалқып жас өмір,
Тасып жатқан шағында.

Кемерінен шалықтап,
Асып жатқан шағында.

Ойын ойнап, ән салмай,
Өсер бала болар ма?

Күміс күлкі көрмей ол,
Кемеліне толар ма?

Қайырмасы:

Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.

Айдай толған кезімде,
Би билеймін дөңгелеп.

Әнді қуанышты көңіл күймен айту адамның бойына сергектік береді. Сабақтың негізгі тақырыбы — қуаныш сезімі және оның адам өміріндегі маңызы.

2) Мағынаны тану: мәтінмен жұмыс және әңгімелесу

Мәтін

Тақырыбы: «Балалардың көз қуанышы»

Авторы: В. А. Сухомлинский

Мәтін үнтаспадан тыңдатылады. Әсерді күшейту үшін құстардың, судың дыбыстары мәтінмен бірге беріледі.

Сұрақтар

  • Кішкентай бала табиғаттың сұлулығын неліктен байқамады?
  • Сенің ойыңша қарт балаға не айтуы мүмкін?
  • Айналадағы әсемдікке көңіл аударуына не әсер етті?

Негізгі ой

Бала жылап тұрғандықтан, табиғаттың сұлулығын байқамады. Қуаныш жүрегіне ұялаған сәтте айналасындағының бәрі әсем көрінді. Біз де өзіміздің көңіл күйімізді көтеру үшін ғана емес, өзгелерге қуаныш сыйлау үшін әрекет етуіміз керек.

Ойын-жаттығу: «Көршіңе қуаныш сыйла»

Оқушыларға гүл, жүрекше, көбелек бейнелері таратылады. Әрқайсысы екінші бетіне қатар отырған сыныптасын қуантатын жылы сөз жазып, дауыстап оқиды да, сыйға тартады.

Қадам 1

Жылы сөз жазу

Қадам 2

Жария ету

Қадам 3

Сыйға тарту

Соңында оқушылар әсерімен бөлісіп, бір-бірін бес рет шапалақ соғып мадақтайды.

Өлеңмен жұмыс: «Қуаныш өлеңі»

Авторы: Е. Ашықбаев

Оқушылар өлеңді мәнерлеп оқиды, кейін талқылайды:

  • Адамды қандай уақытта, қандай жағдайда болмасын қуантуға бола ма?
  • Өз өмірлеріңнен сондай әрекеттерді байқадыңдар ма? Мысал келтіріңдер.

Шығармашылық жұмыс: сурет бойынша сөйлем құрастыру

Кітаптағы суретке қарап, оқушылар бірнеше сөйлем құрап айтады. Мақсат — қуанышты жағдайды сипаттау және ойды анық жеткізу.

Сергіту сәті

Өлең жолдарындағы сөздерге сәйкес қимыл-қозғалыспен айтылады:

Шаршадым — «Уһ!» дедім,

Ренжідім — «Туһ!» дедім,

Қорықтым — «Ой!» дедім,

Өкіндім — «Аһ!» дедім,

Шарасыз — «Еһ!» дедім,

Таңырқап — «О!» дедім,

Кейідім — «И!» дедім,

Біліп ап — «Е!» дедім,

Қуанып — «Ха-ха-ха!» дедім.

Дәйексөз

«Қуаныш — өмір шаттығы»

Күлімдеп, ақжарқын жүретін адамның көңіл күйі жоғары болады. Жоғары көңіл күй жанды сау етеді. Жаның сау болса, денің сау болады. Денің сау болса, жақсы еңбек етесің. Еңбектің нәтижесі — бақыт пен молшылық. Сондықтан халық даналығы: «Қуаныш — өмір шаттығы» дейді.

3) Ой толғаныс: жазылым және қорытынды

Дәптермен жұмыс

Дәптердегі күннің шуақтарына өздеріңнің есіңде ұзақ сақталған қуанышты күндерің туралы жазып шығыңдар.

«Бес жолды өлең» әдісі

Оқушылар «Қуаныш» сөзіне бес жолды өлең құрастырады.

Мысал

  1. Қуаныш
  2. Шаттық, думан
  3. Күлдіртеді, қуантады, шаттандырады
  4. Қуаныш жүрекке нұр сыйлайды
  5. Бақыт

Әр оқушы өз ойын әртүрлі жеткізуі мүмкін — ең бастысы, мағынасы нақты әрі шынайы болуы.

Қорытынды ой

Күлімдеу және адамдарға қуаныш сыйлай білу — өзіңнің де, өзгенің де өмірін шуақты етеді, денсаулықты нығайтады. Барлық адаммен күліп амандасу, үнемі ақжарқын жүру, қолдан келгенше айналаңа қуаныш тарату — асыл қасиет.

Топтастыру әдісі: «Жақсы тілек — күн шапағы»

Оқушылар күн шапағына жақсы тілек жазып, тақтадағы күннің айналасына орналастырады.

«Жүректен — жүрекке»

Оқушылар ортаға шығып, екі-екіден дөңгеленіп, қол ұстасып тұрады.

Өлең: «Көңілді балалар»

Авторы: Е. Өтетілеуов

Әрқашанда біргеміз,

Жабырқауды білмейміз,

Жалқаулықты сүймейміз.

Біз — талапты жас ұлан,

Үлгі аламыз жақсыдан.

Орман, көлге, шыңға біз,

Саяхатқа шығамыз,

Бөлінбейді іргеміз.

Мадақтау Жақсы сөз Жылы қарым-қатынас