Жаңғырар дәстүр салтымның, Көзелсін бұлақ жалғасы

«Қош келдің – әз Наурыз!» ашық сабақ-ертеңгілігі

Бұл материал «Үздік ашық сабақ» бәйгесіне арналған. Наурыз — қазақ халқының ұлттық мейрамы екенін балаларға түсіндіруге, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеуге, елге деген сүйіспеншілік пен адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған.

Мақсаты

Балаларға Ұлыстың ұлы күні туралы толық мағлұмат беру, Наурыздың ұлттық мейрам екенін айқындау.

Тәрбиелік бағыты

Халық дәстүрін құрметтеуге, Отанды сүюге, ұлағатты сөздің мәнін түсінуге, адамгершілікке баулу.

Күтілетін нәтиже

Балалардың бойында ұлттық мақтаныш сезімі оянып, мереке мәдениеті мен бірлік құндылығы нығаяды.

Кіріспе сөз

Жүргізуші

Келді ғой көктем — құдірет біткен ғажайып,

Құрметтеп оны, күтіп ал жұмыла, халайық!

Қалада, қырда Жаңа жыл тойын дүрлетіп,

Алаулатып Наурыздың отын жағайық!

Ойын-сауық: алтыбақан

Наурыздың ойын-сауық отауы есік ашады. Жиналғандарды алтыбақанға шақырамыз: алдын ала көтерілген арқан түсіріліп, қыз бен ұл қарама-қарсы отырып тербеле бастайды. Алтыбақан тебушілер ән бастайды, қалғандары қосылады.

Жүргізуші

Әнші, биші, ақынбыз,

Елмен тапқан жарасым.

Думандатып жатырмыз,

Жылдың шілдеханасын.

Ұлттық ойын: арқан тарту

Ойын ережесі

Бұл — көпшілікке белгілі ұлттық ойын. Әр командада бес адамнан болады. Ойын басқарушы белгі берген сәтте екі топ арқан тартысады. Қай топ қарсыласын орталық сызықтан бұрын сүйреп өтсе — сол жеңімпаз.

Осыған ұқсас «Теңге ілу», «Бағанаға өрмелеу», «Мысық пен тышқан», «Соқыртеке» сияқты ұлттық ойындар да ойналады.

Көңілді көрініс

Алдар көсе

Қожеке, кәне жанкүйер болайық, сен қай команда жағындасың?

Қожанасыр

(сәл ойланып) Мен жеңген команда жағындамын!

Наурыз көже: ақ тілек пен береке

«Жыл бойы тоқшылық болсын, қазанымыз оттан түспесін, дастарханымыз кең жайылсын» деген ақ тілектермен Наурыз көжеден дәм татайық.

Қожанасыр

Ашық болсын қос қабақ,

Таспен атқанды аспен ат.

Бейтаныс та, таныс та,

Бүгін төрде бас қонақ.

Алдар көсе

Арпа, бидай, тары бар,

Қатық, малта-ағы бар.

Ішілетін, жейтіннің

Бұл өлкеде бәрі бар.

Тазша бала

Ошақта көп шоқ әлі,

Астың ауыр обалы.

Астан үлкен ешкім жоқ,

Қазан аузы жоғары.

Кеселерге құйылған көже жиналғандарға ұсынылады. Қазан жанына төселген дастарханға түрлі тағамдар қойылады. Басқалар қол тигізбей тұрғанда, Тазша бала әрқайсысынан бір-бірден алып, қомағайлана жей бастайды. Мұны Қожанасыр байқап қалады.

Тазша бала

Ата, сіз білмейсіз ғой. Көптен жемеп едім: алмада А витамині, балда В витамині, жүзімде Ж витамині көп болады.

Қожанасыр

(Тазшаның шекесінен қағып) Шапалақта «Ш» витамині көп болады, балам!

Тазша баланың өтірік өлеңі

Тазша бала

Көжеге тойған жайымыз бар! Халайық, мені «өтірік өлеңдерін ұмытыпты» деп қалмаңыздар. Рұқсат етсеңіздер, бір-екі ауыз жырлап берейін.

Айттым да өтірік өлең, жұртқа жақтым,

Қой қылып құмырсқаны жаздай бақтым.

Үлкенін шегірткенің ұстап мініп,

Адыр-адыр қойтастан түлкі қақтым.

Айттым да өтірік өлең, айла қылдым,

Кесіп ап бетегені найза қылдым.

Бір шілді үш қонаққа сойып берем,

Жарты етін алып қалып пайда қылдым.

Жүргізуші: Рахмет, Тазша бала! Өнерің өрлей берсін.

Өнер көрсету: ән, би, күй

Наурыз — бастау бұлақтар мен балғын таланттардың да көзін ашар кез. Араларыңызда өнерпаздар болса, ортаға шығып, жұртты тәнті етіңіздер: ақындар айтысады, әнші, биші, күйшілер өнерлерін көрсетеді.

Айтыс: қыз бен жігіт

Бала

Ата-баба дәстүрін

Үйренуден қашпаймыз.

Айтыс десе тіл қышып,

Қыздарды іздей бастаймыз.

Қыз

Құтты болсын айтайық,

Наурыз тойға, халқым-ай.

Шықтық біздер жырлауға,

Қазағымның салтын-ай.

Бала

Тойға тарту етердей,

Не сыйың бар, еркем-ай?

Жұмбақ, тақпақ, жаңылтпаш,

Айтасың ба ертегі-ай?

Қыз

Біржан болып сен келсең,

Ақын Сараң мен болам.

Сәйгүлік боп сен шапсаң,

Аққу құсың мен болам.

Бала

Сөз өнерін шөліркеп,

Рахаттанып бір жұтқан.

Қоштасайық халықпен,

Ақындарын пір тұтқан.

«Қара жорға» биі

Күншуақ тобы бүлдіршіндерінің орындауында «Қара жорға» биін тамашалаңыздар.

Балалардың арнауы

1-бала

Наурыз тойға жиналған халқым менің,

Бәріңнің ойға алғаның — жарқын сенім.

Бүгінгі той, ертеңгі ардақты ісің,

Ғажап болсын, таппайтын тепе-теңін!

2-бала

Келді Наурыз — бұла күш тасқынымен,

Құлпырып, қайта өзгеріп жастығымен.

Жер иіп, тамыр толып, бүршік жарып,

Табиғат ықыласына тас жібіген.

3-бала

Жаңғырар дәстүр-салтымның,

Көзеілсін бұлақ жалғасы.

Қастерлі менің халқымның,

Мереке — Наурыз, жыл басы!

Наурыз ұрандары

Көңілді күй орындалады. Әсем сазбен бірге балалар Наурыз тойының төл ұрандарын хормен айтады.

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Ақ мол болсын!

Құт дарысын!

Наурыз береке әкелсін!

Ұлыс оң болсын!

Қорытынды

Осымен Наурыз мерекесіне арналған «Қош келдің – әз Наурыз!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Келесі Наурызға амандықпен жетейік!

Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы
КМҚК «Айгөлек» ясли-бақшасының тәрбиешісі — Талапкер Асылай Мұхамбетқызы