Сондықтанда бүгінгі біз атап өткен мереке - жер бетінде барлық аналардың қуаныш, шаттық мерекесі
Кештің ашылуы
1-жүргізуші
Ана… Ана… Ана! Неткен мейірлі, неткен шапағатты сөз! Үш-ақ әріптен құралған осы қасиетті ұғымның түп-төркінінде қаншама ұлы сезім жатыр десеңізші. Сезім мен қасиетті, махаббат пен мейірімді бойына сыйдырған ананың қадірін білмейтін жан бар ма бұл өмірде?
Жақсылық атаулының барлығы да ананың сүтімен дариды. Ендеше, Аналар күніне арналған «Ана – өмірдің шуағы» мерекелік кешімізді бастаймыз!
2-жүргізуші
Аяулы әжелер, ардақты аналар, ұлағатты ұстаздар, ару қыздар! Көктемнің шуақты күніндей жарқырап, гүлдей құлпыра беріңіздер. Көктем мерекесі құтты болсын!
Өлең жолдары
Наурыз күні – Ана күні, әлем күні,
Әлемді тебірентер ана үні.
Анасыз жан туған жоқ жер бетінде,
Ұғып ал, бөбектерім, сендер мұны.
Би: ______________________ / орын
Анаға арналған жүрекжарды сөз
2-жүргізуші
Ана – ең аяулы жан. Ол дүние есігін ашқан сәттен бастап, өмір бойы бар ғұмырын бізге арнайды. Қандай жағдайда да қасымыздан табылатын асыл жан – қасиетті ана!
Ана деген – асқақ ән,
Орындайтын әрқашан.
Анадай қымбат сыйлықты,
Таба алмайсың ешқашан!
Ана деген – ақылшың,
Анаң барда – батырсың.
Қасыңда кім болса да,
Тек анаңа жақынсың.
Ән: ________________ / орын
1-жүргізуші
Бүгін – 8 Наурыз. Сұлулықтың негізі – жылы сөз, ал ең әдемі лебіз – анаға айтылар алғыс.
Құттықтау сөз: Мектептен тыс жұмыс орталығының директоры — ________________________ беріледі.
2-жүргізуші
Біз келдік ортамызға домбыра алып,
Күй тартқанда кетуші ек топты жарып.
Құрметпен аналарға күй арнайық,
Тыңдасын көп әлеумет құлақ салып.
Күй: ___________________________ / орын
1-жүргізуші
Туғаннан құлыным деп әлдилеген,
Өзіңдей қамқор жан қайда маған?
Дүние аналармен көрікті ғой,
Aнасыз бұлбұл құс та сайрамайды.
Құттықтау сөз: Мектептен тыс жұмыс орталығының оқу ісі меңгерушісі — _____________________ беріледі.
2-жүргізуші
Туған елдің тілі деп,
Туған жердің үні деп,
Анаға бас иеміз.
Халық әні: _____________________ / орын
1-жүргізуші
Теңіздей тербетілер көл бетінде,
Бишілер билеп берер тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Өнерін көрсетуге асығады.
Би: ______________________ / орын
2-жүргізуші
Туғанда «күнім-ай» деп аймалаған,
Адам да ана сүтін ақтамаған.
Адам боп жүрмісіңдер жер бетінде,
Ананың махаббатын сыйламаған?
Арнау сөз: ______________________ / орын
1-жүргізуші
Шалқып тассын әніміз,
Жадырасын жанымыз.
Ана, сені құттықтап,
Әндетеміз бәріміз!
Ән: _________________________ / орын
Күй: ________________________ / орын
2-жүргізуші
Ана – бұлақ, ана – пана,
Өмірді өркендетер ана ғана.
Өсірген талай көсем, талай шешен,
Талай ер, талай ақын, талай дана.
Ана – біздің елде ардақты адам.
Құттықтау сөз: ___________________ беріледі.
Ән: ____________________ / орын
Алғыс және қорытынды
1-жүргізуші
«Халық әні – терме» үйірмесі атынан шағын сый-сияпатымызды тарту етеміз. Қабыл алыңыздар!
2-жүргізуші
Қымбатты аналар, сіздер әрдайым жақсылықты, мейірбандықты, татулықты, береке-бірлікті қалайсыздар. Көңілдеріңіздің шаттығы – балаларыңыздың бақытының кепілі. Сондықтан бүгінгі мереке – жер бетіндегі барлық аналардың қуаныш пен шаттыққа толы күні.
Әлемдегі тыныштық пен бейбітшілік те – аналардың үнімен, аналардың ақ тілегімен нығая түседі.
1-жүргізуші
Қадірлі аналар! Сіздер – адам өмірінің мейірбан қамқоршылары, қайырым мен қасиеттің асыл үлгісі. Ақыл-парасаттарыңыздың алдында патша да, батыр да, дана да бас иген. Отбасы мен шаңырақтың татулығын сақтауда әйел-анаға тең келер жан жоқ.
Табиғаттың тамылжыған әуеніндей әсерлі де көркем ғұмырларыңыз адамзат баласын таңғалдырсын, ғажайып сырына ынтықтыра берсін. Баптап-тәрбиелеп өсіріп отырған ұрпақтарыңыз сіздерді әрқашан қуанта берсін!
Аналар, қалқып бақыт аралында,
Лайым мұң қонбасын жанарыңа.
Салтанатты кешіміз аяқталды,
Гүл бітсін бәріміздің қадамыңа.
Сау-саламатта болыңыздар!