Жасап жатқан жұмысын тоқтата қойған әйел күйеуін құшақтап
Ер-азаматты қадірлеу
Біздің ауданда бір әйел тұратын. Ол сұлулығымен де, сәнімен де ерекше көзге түспейтін: толықтау, көбіне ескі үлгімен киінетін. Айналасына айрықша көрінетін басқа қасиетін де байқай қоймаппыз. Бірақ күйеуі оны шексіз жақсы көретін, әйеліне деген құрметі өзгеше еді. Біз соған таңғалатынбыз: бұл әйелде қандай құдірет бар?
Көзбен көрген бір кеш
Бірде олардың үйіне жолым түсті. Кешкі уақыт. Әйел асүйде кешкі ас қамымен жүр екен. Күйеуі жұмыстан келді. Сол күні оның айлық алатын күні болып шықты.
Жігіт асүйге кіріп, әйелінің бетінен сүйді де, қолына жалақысын ұстатты. Әйел істеп тұрған жұмысын тоқтатып, күйеуін құшақтап:
«Бұл ақшаны табу үшін сенің қаншалық қиналып еңбек еткеніңді білемін. Саған оңай болған жоқ. Соған қарамастан отбасымызды қамтамасыз етіп, балалардың тәрбиесіне емін-еркін көңіл бөлуіме мүмкіндік жасағаның үшін рақмет!»
Оның алғысы мұнымен аяқталған жоқ. Әйел қонақ бөлмеге барып, ойнап отырған балаларынан бір сәт тоқтай тұруларын өтінді. Сосын қуанышты үнмен қолындағы ақшаны көрсетіп:
«Балалар, қараңдар! Әкелерің осы ақшаны табу үшін бір ай бойы аянбай еңбек етті. Қызым, енді саған аяқ киім алып бере аламыз. Ұлым, ал сен велосипедіңді жөндетіп алуға мүмкіндік табасың!»
Балалар мәз. Ал менің көзім отағасына түсті: ол әйелінің сөздерін үнсіз тыңдап, жанында тұрды. Жүзі қуаныштан бал-бұл жанып, бақыттан жайнап кеткен.
Әсемдіктің сыры — құрмет
Әйелі күйеуін өзі ғана қадірлеп қоймай, асқан даналықпен балаларына да соны үйретіп жатыр екен. Осыдан кейін әлгі жігіттің көзінде өз әйелінен асқан сұлу болуы мүмкін бе? Әйел мұны ай сайын қайталай ма, жоқ па — білмеймін. Бірақ бір нәрсені анық түсіндім: бұл шаңырақта ер-азаматтың әрбір кішкентай жетістігі үлкен саналады, ал отағасы шын құрметке бөленеді.
Өзіме түйгенім
Біз «қарапайым» деп жүрген әйел, шын мәнінде, азаматының қадірін білетін, оның еңбегін хандыққа көтере алатын дана жан екен. Мен көріксіз деп жүрген әйелдің күйеуінің алдындағы асқан сұлулығының сырын сол күні осылай түсіндім.
Әженің аманаты
Бала күнімде әжем әкеміз түгіл, өзімнен кіші ініме де «ол — ер-азамат қой» деп дұрыс сөйлеуімді қадағалап, құрметпен қарым-қатынас жасауды үйрететін. Сөйтсем, дана аналарымыздан аманат болған тәрбиенің алтын кілтін менің қарапайым әжем де маған табыстауға асығыпты.
Мұны әлеуметтік желідегі бір құрбымның парақшасынан осы әңгімені оқи отырып ұқтым да, сіздермен бөлісуді жөн көрдім.
Автор: Марфуға Шапиян
Дереккөз: islam.kz