Материктің атауы

Сабақтың мақсаты мен ұйымдастырылуы

Білімділік

Ежелгі материктер туралы білімді жүйелеу; Еуразия материгі, оның қоныстануы және зерттелу тарихы туралы білімді кеңейту.

Дамытушылық

Материктің географиялық орнының ерекшеліктерін ашу арқылы білімді тереңдету және картамен жұмыс жасау дағдысын дамыту.

Тәрбиелік

Оқушылардың ұлтжандылық және интернационалдық құндылықтарға негізделген көзқарасын қалыптастыру.

Сабақтың типі

Жаңа тақырыпты меңгерту.

Әдіс-тәсілдер

  • Салыстыру
  • Картамен жұмыс
  • Әңгімелесу
  • Баяндау

Пәнаралық байланыс

Тарих, дүниетану.

Көрнекіліктер

Еуразияның физикалық картасы, фотослайдтар, ежелгі материктер карталары, атлас, қосымша материалдар.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру, назарын сабаққа аудару.

II. Жаңа білімді қалыптастыру

Кластер құру арқылы негізгі сұрақтарға жауап іздеу.

Құрлықтың 1/3 бөлігін алып жатқан

Жер шары халқының 3/4 бөлігі қоныстанған

Төрт мұхитпен қоршалған

Қазақстан орналасқан, «Жер кіндігі» деп аталатын кеңістіктің өзегі

Қорытынды

Еуразия — алып материк.

1-тапсырма: Оқушылардың шығармашылық жұмыстары

1-оқушы: Еуразияның қоныстану тарихынан

Адамдардың Еуразия аумағын қоныстануы Жерорта теңізі жағалауынан басталған. Осы өңірде алғашқы географиялық түсініктер қалыптасып, маңызды деректер жиналды.

Географиялық ұғымдардың кеңеюіне біздің заманымызға дейінгі шамамен 2500 жылдарда Крит аралын мекендеген ежелгі миной халқы ықпал етті. Минойлар Египетпен, Кипрмен, Сицилиямен және қазіргі Балқан түбегіндегі елдермен сауда байланысын дамытқан.

Біздің заманымыздың I ғасырында үнділер Суматра мен Ява аралдарын ашып, қазіргі Индонезия аумағына қоныстана бастады. Кейіннен Мадагаскар аралын игеріп, бір бөлігі сонда тұрақтап қалды.

Еуразиядағы жаңа жерлерді ашуға ежелгі гректер де зор үлес қосты: олар Каспий теңізі жағалауларын зерттеп, Дунай мен Дон өзендері бойымен жүзді.

2-оқушы: Ш. Ш. Уәлихановтың зерттеулері

Орталық Азияға сапар жасау көптеген ғалымдар мен жиһанкездердің арманы болды. Қазақтың ағартушысы, географ-ғалым Шоқан Уәлиханов 1856–1859 жылдары Ресей географиялық қоғамының тапсырмасымен сол кезеңге дейін құпиясы мол болып келген Орталық Азияның ішкі бөліктеріне саяхат жасады.

Ол Тянь-Шань тау жүйесінің Қазақстан мен Орта Азиядағы бөлігін зерттеп, Ыстықкөл жағасында болып, кейін Қашғарияға аттанды. Қашғарияның «Алты шаһарына» саудагер кейпінде жасырын барған Шоқан көне тарихи кітаптар, этнографиялық құнды бұйымдар және тау жыныстарының үлгілерін жинап қайтты.

3-оқушы: П. П. Семенов-Тянь-Шанский және Н. М. Пржевальский

XIX ғасырда Орталық Азия табиғатын зерттеуге бағытталған жүйелі экспедициялар ерекше маңызды нәтижелер берді. Н. М. Пржевальский Орталық Азияда шамамен 15 жыл жұмыс істеп, 33 мың км-ге жуық жол жүрді. Ол Тибет пен Гоби шөліндегі бірнеше тау жүйелерін анықтап, Хуанхэ мен Янцзы өзендерінің бастауын тапты, құммен бірге орын ауыстыратын Лобнор көлінің табиғатын сипаттады.

Пржевальский жүріп өткен бағыттарын картаға түсіріп, нүктелердің координаттары мен биіктіктерін анықтады. Ол Орталық Азияға жасаған бесінші сапарының басында қайтыс болып, өсиеті бойынша Ыстықкөл жағасына жерленді.

Орталық Азияны зерттеуге П. П. Семенов та зор үлес қосты. Ол Тянь-Шаньға екі рет саяхат жасап, биіктік белдеулерін ажыратып, қар сызығының Альпіге қарағанда әлдеқайда жоғары екенін дәлелдеді. Сондай-ақ Ыстықкөлдің ағынсыз, тұйық әрі тектоникалық терең көл екенін анықтады. Зерттеулері үшін ғалымның есімі «Семенов-Тянь-Шанский» болып қалыптасып, Орта Азиядағы бірқатар нысандарға берілді.

2-тапсырма: Сәйкестендіру тесті

Тақтадағы карталар мен ұғымдарды сәйкестендіріп, дұрыс жауапты анықтау.

Сұрақтар

  1. Грек тіліндегі «барлық құрлық» ұғымынан шыққан ежелгі біртұтас құрлық.
  2. 180–200 млн жыл бұрын Солтүстік жарты шар материктері құрамында болған ежелгі құрлық.
  3. 180–200 млн жыл бұрын Оңтүстік жарты шар материктері құрамында болған ежелгі құрлық.
  4. Ежелгі Лавразия құрамына кірген, төрт мұхитпен қоршалған; Қазақстан орналасқан; ең биік шың орналасқан; дүние жүзіндегі ең үлкен құрлық.

Берілген карталар

  • Еуразия
  • Лавразия
  • Пангея
  • Гондвана
  • Солтүстік Америка

Ескерту: жауаптар карталар бойынша дәлелденіп айтылады.

3-тапсырма: Географиялық орнын анықтау және кескін картаға түсіру

Еуразияның географиялық орнын анықтап, кескін картаға түсіру. Түсіру барысында әр ерекшелікті қысқаша түсіндіру.

Сипаттау жоспары

  1. Материктің атауы.
  2. Басқа материктерге қатысы (дүние бөліктері бойынша).
  3. Шеткі нүктелері және олардың координаттары.
  4. Жағалауын шайып жатқан мұхиттар мен теңіздер.
  5. Ең биік және ең терең нүктелері.
  6. Климаттық белдеулері.

Мұғалімнің түсіндіруі

Материктің атауы, ауданы, халық саны туралы деректер жазылып, географиялық орынды анықтау жоспарымен қалай жұмыс жасау керектігі түсіндіріледі.

1-оқушы: Еуропа–Азия ұғымдары және шекарасы

Жерорта теңізінен әр бағытқа жүзген финикиялықтар өздеріне белгісіз батысты «Эреб», шығысты «Асу» деп атаған. Кейін осы атаулардың негізінде бүгінгі Еуропа мен Азия терминдері қалыптасты.

Шекара бағыты

Орал тауларының шығыс етегі → Жайық өзені → Каспий теңізінің солтүстік жағалауы → Кума–Маныч ойысы → Азов және Қара теңіздер → Жерорта теңізімен байланысатын бұғаздар.

2-оқушы: Солтүстік және оңтүстік шеткі нүктелер

  • Солтүстік шеткі нүктесі: Челюскин мүйісі (77° с.е., 104° ш.б.).
  • Оңтүстік шеткі нүктесі: Пиай мүйісі (1° с.е., 103° ш.б.).
  • Ара қашықтық: шамамен 8000 км.

Кейбір аралдар Солтүстік полюске таяу орналасса, Малай архипелагының аралдары экватордан солтүстікке қарай 11° о.е.-ке дейін созылады.

3-оқушы: Батыс және шығыс шеткі нүктелер

  • Батыс шеткі нүктесі: Рока мүйісі (38° с.е., 9° б.б.).
  • Шығыс шеткі нүктесі: Дежнев мүйісі (66° с.е., 169° б.б.).
  • Ара қашықтық: шамамен 16 000 км.

Материктің бір бөлігі шығыс жарты шар шеңберінен шығып, батыс жарты шарды да қамтиды. Осы ерекшелікке байланысты Еуразияда климаттық белдеулер мен табиғат кешендерінің толық жиынтығы кездеседі.

4-оқушы: Солтүстік пен шығыстағы мұхиттар

Еуразияны төрт мұхит қоршайды. Солтүстігінде — Солтүстік Мұзды мұхиты, шығысында — Тынық мұхиты. Кескін картаға түсіру кезінде олардың материкке ықпалын қысқаша сипаттау.

5-оқушы: Оңтүстік-батыс пен оңтүстіктегі мұхиттар

Оңтүстік-батысында — Атлант мұхиты, оңтүстігінде — Үнді мұхиты. Кескін картада Жерорта теңізі, әлемдегі ең тұзды теңіздердің бірі — Қызыл теңіз және Арабия теңізі көрсетіліп, олардың маңызы айтылады.

6-оқушы: Ең биік нүкте

Ең биік нүкте — Джомолунгма (8848 м). Бұл — Гималайдағы Жер шарындағы ең биік тау шыңы. Сондай-ақ Гималайдың оңтүстік-шығыс беткейінде жылдық жауын-шашын мөлшері өте жоғары Черапунджи аймағы орналасқан (жылына 12 000 мм-ден артық).

7-оқушы: Ең терең нүкте

Ең терең нүкте (теңіз деңгейінен төмен) — Өлі теңіз ойысы (−403 м). Ол теңіз деңгейінен ең төмен орналасқан аймақтардың бірі. Өлі теңіз Арабия түбегіне шектес өңірде орналасады; Арабия түбегінің ауданы шамамен 3 млн км².

4-тапсырма: Логикалық ойлау — «Әлемдегі ең... »

Берілген «ең» көрсеткіштерін дұрыс нысандармен толықтыру (жеке, жұптық немесе топтық жұмыс).

Е

Ең үлкен құрлық

У

Ең биік шың

Р

Ең терең нүкте (теңіз деңгейінен)

А

Ең үлкен көл

З

Ең тұзды теңіз

И

Ең терең көл

Я

Ең жауын-шашын көп түсетін аймақ

5-тапсырма: Үй жұмысын тексеру тесті (7 сұрақ)

Activote арқылы ашық тест. Әр сұраққа бір дұрыс жауап таңдалады.

1) Солтүстік жарты шар материктері

  • A) Еуразия, Африка
  • Б) Оңтүстік Америка, Еуразия
  • В) Солтүстік Америка, Еуразия
  • Г) Еуразия, Аустралия

2) Еуразия мен Солтүстік Американың географиялық орнының басты ұқсастығы

  • A) Екі материк те ендік бағытта көлемді жерді алып жатыр
  • Б) Екі материк те солтүстікке қарай күрт сүйірленеді
  • В) Екі материк те Арктикадан экваторға дейін созылады
  • Г) Екі материк те оңтүстік жарты шарда орналасқан

3) Еуразия мен Солтүстік Американың жер бедерінің ұқсас белгілері

  • A) Екі материктің де басым бөлігін жазықтар алып жатыр
  • Б) Гималай мен Кордильера ендік бағытта орналасқан
  • В) Гималай мен Кордильера материктің батысында бойлық бағытта орналасқан
  • Г) Ұқсас белгілер жоқ

4) Мұз жамылғысы 3000 м-ге дейін жетіп, 40° с.е. дейін таралған материк

  • A) Еуразия
  • Б) Оңтүстік Америка
  • В) Африка
  • Г) Солтүстік Америка

5) Негізі бірнеше платформаның бірігуінен тұратын құрлық

  • A) Солтүстік Америка
  • Б) Оңтүстік Америка
  • В) Еуразия
  • Г) Африка

6) Құрлық үлесінің басым бөлігі орналасқан жарты шар

  • A) Батыс жарты шар
  • Б) Солтүстік жарты шар
  • В) Оңтүстік жарты шар
  • Г) Шығыс жарты шар

7) Ежелгі мұз басулар жүрген кезең

  • A) Кайнозой эрасы, антропоген дәуірі
  • Б) Мезозой эрасы, триас дәуірі
  • В) Палеозой эрасы, кембрий дәуірі
  • Г) Протерозой эрасы, девон дәуірі

6. Бекіту

Шағын ой толғау

Тақырыбы: «Еуразия — алып материк». Оқушылар өз ойларын дәлелмен, карта мен деректерге сүйене отырып жинақтайды.

7. Үй тапсырмасы

  • 14-тақырыпты оқу.
  • Кескін картамен жұмысты аяқтау.
  • Шеткі нүктелер арасындағы қашықтықты есептеу.
  • Мұхиттардың Еуразияға тигізетін әсері туралы қысқаша талдау.

8. Бағалау

Оқушылардың картамен жұмыс дағдысы, жауаптарының дәлелділігі, тапсырмаларды орындау сапасы және белсенділігі бойынша қорытынды бағалау жүргізіледі.